Ынтымақты елде бақ тұрар Избранное

Среда, 04 Май 2016 06:56 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 6705 раз

Тарихы терең, қазақы салт-дәстүрді берік ұстанатын оңтүстік өңірін 107 ұлт өкілі ортақ отанымыз деп біледі. Қазақстан халқының бірлігі күніне орай өткізілген мерекелік іс-шара бауырмалдық пен достығымызды тағы бір айшықтады. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған шаралар қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Алдымен көпшілік облыстық орыс драма театры алдындағы гүлдер композиясын тамашалады.

IMG 1783

Гүлмен көмкерілген бұйымдар өзіндік ерекше нақышымын көз тартады. Көрмеден соң «Бірлік. Ынтымақ. Достық» мерекелік шарасы өтті. Салтанатты шараға облыс әкімі Б. Атамқұлов, Шымкент қаласының әкімі Ғ. Әбдірахымовпен бірге, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, облыстық ассамблея жанындағы Қоғамдық келісім кеңесі мен Аналар кеңесі және этномәдени бірлестік өкілдері және өзге де қонақтар қатысты.
Облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов жиналғандарды және барша оңтүстікқазақстандықтарды мерекемен құттықтады.

– Қоғамның тұтастығы қай кезде де ішкі татулық пен берекеден бастау алған. Ынтымағы жарасып, түрлі ұлыстың басын қосқан қастерлі қазақ топырағы тыныштық пен бейбітшіліктің қара шаңырағына айналды. Сан ғасырлар бойы талай халықтың тағдыры тоғысқан Оңтүстіктің тарихы терең. Ұлт өкiлдерi ел игiлiгi жолында табысты еңбек етуде. Баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, елiмiзге тыныштық және бiрлiк-береке тiлеймiн – деді. 

IMG 1754 IMG 1836

Б. Атамқұлов өңірдегі этносаралық татулық пен қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтауға үлес қосқаны үшін «Бірлік» алтын медалімен облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Икрам Хашимжанов пен Шымкент құрылыс бірлестігінің директоры Валерий Жерельевті марапаттады. Сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының Құрмет грамотасын «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының директоры Уәли Қыдырға табыс етті. Ал қоғамның рухани дамуына қосқан үлесі үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының Алғыс хаты «Шымкент келбеті», Панорама Шымкента» газеттерінің бас редакторы Айгүл Қапбароваға, облыстық татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрайымы А. Мұхамедоваға және Ордабасы қонақ үйінің директоры Юрий Владимирұлына берілді. 

Түрлі ұлт өкілдерінің жұптаса билеп, түрлі түсті лентамен керілген керегені әдемі жарастырған концерт қазақ даласындағы татулықты паш еткендей. Түрлі тілдегі ән мен биді де ешкім жатырқаған жоқ. Қайта көпшіліктің көңілі достық арнасына тоғысқандай. Балалар да назардан тыс қалмай, мерекелік әнмен көрерменге шуақты көңіл күй сыйлады. 

Өңірде 20 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Олар бір шаңырақ астында достықтың ерен үлгісін көрсетуде.
– Еліміздегі бейбіт өмір мен ынтымақты тұрмыс әрбір тұрғын үшін қымбат. Сырт мемлекеттерде болып жатқан саяси тұрақсыздықтарға қарап елдегі тыныштықтың қаншалықты қымбат екенін өзге ұлттар жақсы біледі. Бұл мереке біз үшін өте маңызды. Халықтың тілегі бірлік, тірегі тұрақтылық, – дейді өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Икрам Хашимжанов. 
Жалпы ұлттық думан әрі қарай ел бірлігін көрсетіп, ұлысты ұйыстыра түсетін атаулы күндердің бірі екенін тағы бір дәлелдей түсті. Мерекелік шара қаладағы «Абай», «Жеңіс», Орталық саябақтарында жалғасын тапты.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.