Балаңыз бақылаусыз қалмасын

Среда, 08 Июнь 2016 05:29 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4384 раз

«Адамның бар бақыты – бала» дейді қазақ. Сондықтан баланы көңілдің гүлі, көздің нұры деп ұғады. Ата-анасы өмірінің жалғасы ретінде сәбиінің болашағынан үміт күтетіні белгілі. Ал бауыр еті баласының қауіпсіздігін ойламайтын жан жоқ шығар сірә. Әйтсе де, соңғы уақытта балалар өлімі, жазатайым оқиғалар көбейіп кетті. Жоғалып жатқан жеткіншектер қаншама?!

balalar shymkala

Жуырда жоғалып табылған 12 жастағы қыз баланың жағдайы көпшіліктің назарында болды. Оқиға Қаратау аудандық ішкі істер бөлімінде тіркелген еді. 34 жастағы әйел полицияға арызданып, қызы Балнұрдың жоғалып кеткенін айтады. Кешкі сағат 21:00-де үйінен шығып кеткен бүлдіршін қайтып оралмаған. 5 сынып оқушысын іздеуге ОҚО ІІД криминалды полиция басқармасы, Қаратау полиция бөлімі мен өзге де басқармалардың кәсіби қызметкерлерінен жедел іздестіру тобы жұмылдырылды. Дегенмен қыз бала аман-есен табылды. Өкініштісі, мұндай жағдай қаламызда бірінші рет орын алған жоқ. Мұнан бұрын 5 мамыр күні 2006 жылғы бала жоғалып кеткен болатын. Оқушы мектептен келген соң, сөмкесін тастап, шығып кеткен. Ол сол кеткеннен қайтып оралмаған. Баланы ел болып іздеді. Жергілікті полицейлер айға жуық іздеп, табылар деп үміттенді. Бірақ табылмады. Өкініштісі, екі балаға қатысты дерек әлі жоқ. Оның бірі Сайрам ауданының тұрғыны 1997 жылы туылған, мүмкіндігі шектеулі жасөспірім. Екі жылдан бері оған қатысты ешқандай дерек табылмаған. Жас жігітті іздеуге ОҚО ішкі іскер департаментінің қызметкерлерінен бөлек, қоғамдық ұйымдар мен еріктілер қатысты. Оның фотосуреттері әлеуметтік желілер мен ақпараттық агенттіктерде жарияланды. Бүгінге дейін екі жасөспірімді іздестіру шаралары әлі жүргізілуде.
Айта кеткен жөн, бала ұрлау қылмысы бойынша, Оңтүстік өңірі алда тұр. ОҚО Ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметінің мәлімдеуінше, жыл басынан бері 42 баланың жоғалу фактісі тіркелген. Оның екеуінен басқасы дер кезінде табылып, үйлеріне жеткізілді.

Балалар неге жоғалады?

Балалар белгілі жасқа дейін ата-анасының «идеал» екеніне, ең жақсы, ең мейірімді екеніне сенеді. Үлкендердің айтқанын бұлжытпай орындайды. Яғни отбасындағы тәртіп пен тәрбие дұрыс болса, баланың үйден кетуіне негіз жоқ. Себебі, ата-анасының үйіне уақытылы келмеуі, жауапсыздығының төмендігі оқушыларға да әсерін тигізетін көрінеді. Соның салдарынан бала да ата-анасының ісін қайталап, қауіпсіздік пен қауіп-қатерді ескермейді.

balalar shymkala-2

Бүлдіршіндердің жоғалуына кімдер кінәлі? Балаларды кімнен қорғауымыз керек? Тәртіп сақшыларының айтуынша, қолайсыз отбасында тәрбиеленген жеткіншектердің үйінен кетіп қалуы үйреншікті жағдайға айналған. Қала бойынша 245 004 балалар мен жасөспірімдер бар.
– Балалардың өз бетімен үйден кетіп қалуы көп кездеседі. Олардың көбісі бос уақыттарын ойын клубтарында өткізеді. Кейбірі өз бетінше жұмыс істеп, ақша тапқысы келеді. Ата-анасынан жасырынып, базарларда, қоғамдық көліктерде жұмыс істейді. Негізінде отбасында баланың тәрбиесін босаңсытуға болмайды. Тұйық, өз өзімен ғана жүретін болса жайбарақат қарамауға тиіспіз. Сондықтан оқушының қауіпсіздігін, бос уақытын ата-ана үнемі қадағалауында ұстауы керек,-дейді ОҚО ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары, полиция полковнигі Мұсабек Қаниұлы. Шындығында жоғалған балалардың көбісі 1-2 күнде табылып жатыр.
Ал үйінен қашқандар ата-анасымен жүздесуден қорқады. Өтірігі де көп. Себебі ғалымдар өтірік айту балада 3 пен 5 жас аралығында қалыптасатынын дәлелдеп отыр. Осы орайда Ұлы Абайдың: «Әуелі балаңды өзің алдайсың оны беремін, мұны беремін деп. Басында балаңды алдағаныңа бір мәз боласың. Соңыра балаң алдамшы болса, кімнен көресің?» дегені оныншы қарасөзі еріксіз ойға оралады. Айтқандай-ақ, көршісіне, туысына балаларын сеніп қалдыратын көп. Соның салдарынан жазатайым оқиғаларға тап болып жатқандар сәбилер де, жас жеткіншектер де жиі кездеседі.
Деректерге сүйенсек, Финляндияда ата-ана баласына дауыс көтермейді. Егер дауыс көтеретін болса, көршісі полицияға қоңырау соғып хабарлайтын көрінеді. Ал біз ше? Бүгінде отбасындағы ахуалға ешкім араласпайды. Деректерге сүйенсек, жағдайым жоқ деп баласын бастан тебетін қолайсыз отбасылар да кездеседі. Қазір елімізде 242 адам ата-ана құқығынан айырылған. Ал олардың балалары оңалту орталықтары мен балалар үйінде. Десе де, біздің елде арнайы заң бар. Балаға немқұрайлы қараған ата-ана жауапқа тартылады. Ал емханалар мен мектептердегі психологтар оқушылардың бәріне көмектесе алмайды.

Бақылаусыз балалар жазым болып жатыр

Әрине, кез келген ата-ана баланың қауіпсіздігін ойлайтыны белгілі. Дегенмен үй жағдайында кішкентай бүлдіршіндердің биіктіктен, терезеден құлап кетуі жиі тіркеледі. Әсіресе, тұрғын үйлердің терезесінен құлаған балалар саны азаяр емес. Мәселен, мамыр айында Шымкентте үшінші қабаттан құлаған бала ми жарақатымен ауруханаға түсті. 75 жастағы әжесі москитті торға сүйеніп тұрған немересін ұстай алмаған. Бала үшінші қабаттан тормен бірге құлаған. Облыстық балалар ауруханасына жеткізілген бала бірден жан сақтау бөліміне орналастырылды. Ал былтыр балконнан 14 бала жоғарғы қабаттан құлап түскен. Дәрігерлердің мәлімдеуінше, көбіне балалар ата-аналар тарапынан бақылау болмағанда ұшырайды екен. Балкондағы торға жақындап балалардың құлауы көбеюде.
– Ата-аналарға тор балалардың сақтап қала алмайтынын ескерткім келеді. Олардың бекіткіштері балаларды салмағын көтеруге жарамайды. Сондықтан үлкендердің терезенің ілгіштерін салып, мұқият тексеріп жүргендері жөн,-дейді облыстық клиникалық балалар ауруханасының бас дәрігері Әнуарбек Маймақов.
Қазір қаламызда балаларға қатысты жазатайым оқиғалар жиі орын алады. Мұның бәрі баланың қауіпсіздігіне салғырт қарайтынымызды көрсетіп отыр. Күйіп қалу, жарақат алу жағдайлары да аз емес. Ең қиыны қайғылы жағдайға ұшырағандардың басымы дені сау балалар.

Жол-көлiк оқиғасы оқушы өмiрiн қиды

Балалар қауіпсіздігіне тек ата-ана ғана емес, тәрбиешілер мен мектеп мұғалімдері де жауапты. Ал қоғамдық ортада ше? Жуырда Абай ауданында болған Жаңаталаптағы оқиғадан соң, оқушылардың жол қауіпсіздігін нығайту мәселенің бірі екені мәлім болды. Оқиға салдарынан аялдамада 2012 жылы туылған бастауыш сынып оқушысы көз жұмды. 2 оқушының денсаулығына нұқсан келді. Көлік оқиғасынан соң, Фабричный көшесіне жол белгілері қойылды. Ал 1997 жылғы жүргізуші жігіт қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде. ОҚО Ішкі істер департаментінің мәлімдеуінше, 4 айда балалар арасында 207 көлік оқиғасы орын алған. Оның ішінде 12 бала қайтыс болса, 196-ы әртүрлі дене жарақатын алған. Яғни өткен жылмен салыстырғанда қаза болу 20 пайызға жоғарылаған.
Бала үшін отбасы – алтын бесік. Тәрбие, адамгершілік қасиеттер отбасында қалыптасады. Жасөспірімдерге дұрыс тәрбие беру, ата-анасының міндеті. Оларға отбасында, мектепте, жалпы ортада өмір сүрулері үшін барлық жағдай жасалуы керек. Әсіресе, ұлттық құндылықтарымызды бойға сіңіруде ата мен әженің орны бөлек. Бауыржан Момышұлының «... Кейде менің өнеге алған, тәлім үйренген, дәріс оқыған ұстаздарымды еске түсіріп, ойға бататыным бар. Сондай шақтарда алдымен ата-аналарымның бейнесі елестейді. Өйткені өзімнің әжемдей, әке-шешем мен ауылдың ақсақалдарындай өсиет айдынына жүздіре алған ешкім жоқ» деуі тегін емес. Соңғы уақытта балалардың тәрбиесі ақсап бара жатыр. Жазатайым оқиғалар да азаяр емес. Біздің көбімізде баланы қорғау полиция мен туыстарының міндеті деген түсінік қалыптасқан. Сондықтан, бұл мәселеге қоғам болып тосқауыл қойған жөн. Олай болса, балаларды қорғауға, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бәріміз жауаптымыз. Ата-ана балаңызға қамқор болыңыз, қорғаңыз!

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.