Құрылыс сапасы «нұротандықтардың» назарында

Среда, 08 Июнь 2016 05:59 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3151 раз

«Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында құрылысы жүріп жатқан нысандарды бақылау мақсатында «Нұр Отан» партиясы тарапынан бақылау комиссиясы құрылған еді. Әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуды көздейтін бақылау комиссиясы жаңа құраммен өз міндетіне кірісіп кетті.

WP 20160525 008

Осы орайда, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Е.Дауылбаев, «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Ө.Мелдеханов партия жанынан құрылған комиссияның қатысуымен қаламыздағы бірқатар құрылыс нысандарын аралады. Атап айтқанда, Сайрам елді мекеніндегі М.Мәметова атындағы бұрынғы №66, қазіргі №111, Тассай елді мекеніндегі №91 жалпы орта мектептері құрылыстарын аралады. Құрылысы аяқталуға жақын қалған нысандардың жұмыс сапасы мен қаражаттың игерілуі талқыланып, бақылаушылар тарапынан сын-ескертпелер де айтылды.

Облыстық бюджеттен 482,8 млн теңге бөлінген 300 орынға арналған М.Мәметова атындағы №111 жалпы орта мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Дегенмен, ғимарат қабырғасын жауын-шашыннан қорғау үшін арнайы суағар орнату қажет-ақ. Сондай-ақ, ауыз су және көгілдір отын мәселелерін алдағы уақытта шешу қажет. Ал құрылысына 482,4 млн теңге қаржы қарастырылған Тассай елді мекеніндегі 300 орындық №91 жалпы орта мектебінде де ауызсу мәселесі барын Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту комиссиясының мүшесі М. Тамабаев атады.

– Тассай елді мекенінде ауызсу болғанымен №91 орта мектепті қамтамасыз етуге күші жетпейді. Мектепке су жеткізу үшін алдымен білім ошағына керекті ауызсу мөлшерін анықтау керек. Мұның қанша уақытта шешімін табатыны су құбырларының жағдайына байланысты арнайы мамандардың сараптамасынан кейін белгілі болады. Көгілдір отынның жағдайы да осындай. Мектепті газ, сумен қамтамасыз ету қажеттілігі жайлы тиісті мамандарға ескерту жасалды, – дейді М. Тамабаев.
Ал «Нұр Отан» фракциясы мүшелерінен құрылған комиссиясының төрағасы Ғани Ахметбаев бірнеше мектептер туралы бақылау нәтижесін жариялады.

– Сайрам елді мекеніндегі №111 мектепке бөлінген кепілдік қаржыдан басқа қаражат мақсатты жұмсалған. Құрылысы ағымдағы жылдың 1 шілдесінде аяқталады деп күтілуде. Тассай елді мекеніндегі №91 мектепке бөлінген қаржының 73 миллионы қалған, басқасы мақсатты жұмсалған. 1 тамызда пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Бақылау барысында анықталған кемшіліктер туралы мердігер құрылыс компанияларының жауапты мамандарына нақты тапсырмалар беріліп, міндеттер жүктелді. Яғни, осы елді мекен оқушылары алдағы оқу жылында заман талабына сай жаңа ғимаратта оқиды деген жоспар бар. Бұдан бөлек, жақында тағы екі нысанның құрылыс жұмыстары басталады. Сырым батыр көшесінде орналасқан №59 мектеп жанынан қосымша ғимарат тұрғызу және «Достық» шағынауданында 1200 орындық жалпы орта мектеп құрылысын жүргізетін мердігерлер анықталды. Қаржы қарастырылған. Қазіргі таңда нақты тапсырма алған мердігерлер қарқынды құрылыс жұмыстарын бастауға дайын отыр, – дейді қалалық мәслихат депутаты Ғ. Ахметбаев.

Ғани Молдабекұлы бастаған бақылау комиссиясы бұдан бөлек «Сәуле» шағынауданындағы, Қайнар бұлақ тұрғын үй алабындағы, Жаңаталап елді мекеніндегі құрылыс нысандарын да жіті бақылайтын болады.
Шымкент қаласында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 20 нысанның құрылысы қолға алынған. Мұның бәрін дерлік «Нұр Отан» партиясы жанынан құрылған бірнеше комиссия ай сайын бақылап бағамдайды. Әр айда комиссия қорытындысы нақтыланып, пайдалануға берілгенге дейін кем-кетігі сараланады. Аталмыш бақылау арқылы «Нұр Отан» партиясы мемлекетке сапалы қызмет көрсетуде жоғары нәтижеге қол жеткізуді көздейді.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.