ЖАСЫЛ ЖЕЛЕК – ЖАНҒА САЯ Избранное

Пятница, 26 Июль 2024 07:21 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 685 раз

шаһарда 400 мың шаршы метр жер көгалдандырылып жатыр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел аумағында орманды алқаптарда 2 миллиард, ал, елді мекендерде 15 миллион көшет егуді тапсырған болатын. Осының негізінде Шымкентте қаланы көгалдандырудың 5 жылдық жоспары жасалғаны белгілі. Сол жоспарға сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін қала аумағында 12,5 млн. жасыл желек болуы шарт.

BriFf

 

Қазір осы мақсатта үздіксіз жұмыс жүріп жатыр. Жыл сайын көктем мен күзде айналамызға тал-терек отырғызу үрдісі Шымкентте дәстүрге айналған. Оған шымкенттіктер белсенді түрде атсалысады.
Жақында Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Әбілқайыр Оңғар 2024 жылдың бірінші жартысында атқарылған жұмыстар жөнінде баспасөз брифингін өткізді. Әбілқайыр Бақытқалиұлы санитарлық тазалық, көгалдандыру, ирригациялық жүйелерді дамыту жұмыстарының барысынан хабардар етті.
Қазіргі таңда қала аумағында 210 гектар жерді алып жатқан 10 саябақ, 44 гүлзар мен аллея, жалпы аумағы 117 гектарды құрайтын «Дендросаябақ» бар. Биыл екі саябақтың (Сәуле шағынауданы мен Шымкент-сити шағынауданы) құрылысы аяқталып, халық игілігіне берілді. Қаланы көгалдандыру, халыққа қолайлы, жайлы орындар қалыптастару, серуендеу орындарының санын көбейту мақсатында 2025 жылдың соңына дейін шаһардағы саябақтардың санын 15-ке, гүлзарлар санын 50-ге жеткізу мақсатында жұмыстар атқарылуда.
– Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, тұрғындарға жайлы ортаны қалыптастыру мақсатында көгалдандыру, жасыл екпелерді көбейту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Осы бағытта биыл қалада рекордтық көрсеткіште, 400 мың шаршы метр жасыл желек (газон) егілуде. Атап айтқанда, Әл-Фараби көшесінің бойында қазіргі таңда су ұңғымаларын қазу жұмыстары жүргізіліп, көгалдандыруға дайындық басталып кетті. Жалпы Әл-Фараби көшесінің екі жақ бетіне 145 мың шаршы метрге жуық көгал және 17 мың түп жапырақты ағаш көшеттері отырғызылады. Қалаға жерсінген емен, ясень сынды ағаштар егіледі. Биылдан бастап жапырақты ағаштарға басымдық беріліп отыр, – деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар, Шымкент сити, Асар, Тұран, Достық шағынауданында көгалдандыру жұмыстары атқарылады. Қонаев даңғылы бойында ескірген көгалды ауыстыру жұмыстары да басқарманың назарында тұр.
Қала тұрғындарының ұсынысы негізінде Ж.Тәшенов және Түркістан көшелерінің қиылысында орналасқан тарихи Көл аумағын толығымен жаңарту жұмыстары жүргізіліп, жаңадан 3 субұрқақ қойылды.
Айта кетсек, Шымкент қаласында жайлы ортаны дамыту басқармасының теңгерімінде 25 нысанда 40 субұрқақ бар. Бүгінгі күнде қала аумағындағы барлық субұрқақтар жүйелі түрде (кестеге сәйкес таймермен) жұмыс атқаруда. Бірқатар субұрқақтардың электр жүйелері мен насостары жаңартылды.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.