МЕГАПОЛИСТЕ «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АКЦИЯСЫ ӨТТІ Избранное

Пятница, 26 Июль 2024 07:11 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 719 раз

«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Шымкент қаласының 5 ауданында да тазалық акциялары өтті. Табиғаттың тынысын ашып, қоршаған ортаны, тұратын ауламызды шаңынан қағып алатын тазалық жұмыстарының маңызы зор.

musor

 

Қаладағы 5 аудан бойынша коммуналдық мекеменің жұмысшылары көше бойында шөптерді ору, көшені жуу, қоқыстан арылту жұмыстарын атқарып жатыр. Сондай-ақ, аумақты аулаларда орындықтар сырланып, балалар ойын алаңдарының тозығы жеткен жерлері жөнделіп, жыртылған төсеніштері жамалды.
Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының орынбасары Жарылқасын Машбектің айтуынша, науқанға тек қана коммуналдық мекеменің жұмысшылары ғана емес, ерікті жастар, тұрғындар, қоғам белсенділері де атсалысуда. Тіпті қаланың құрметті азаматтары мен ақсақалдары да іс-шарада бой көрсетті. Қаратау аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Пердеш Есенбек Нұртас шағынауданындағы науқанға қатысып, бата беріп, өңір тазалығын сақтауға үлес қосқан жастарға алғысын жеткізді.
Сонымен қатар, еліміздің барлық өңірінде «AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» акциясы жалғасуда. Бұл акция жаңа экологиялық мәдениетті және азаматтардың қоршаған ортаға саналы көзқарасын қалыптастыруға бағытталған.
Шымкент қаласы «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Мұрат Жолдыхожаев, партия мүшелері әр апта сайын, бейсенбі күндері, бекітілген аумақтарда тәртіп пен тазалықты қамтамасыз ететіндігін айтты.
– Партияның аймақтық сайлауалды бағдарламасында өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға арналған ауқымды міндеттер тұр. Бүгінде аумақтарды, өзен-көлдердің жағалауларын тазарту, қаланың көшелерін көгалдандыру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Алдыңғы бейсенбілікте 13 гектар, кеше 15 гектар жерге тазалық жұмыстары жүргізілді. Тек тазалық ғана емес, жастардың ауызбіршілігі, ұлттық сана-сезімі арта түскен акция жыл бойына жалғасын табады», – деді Мұрат Жолдыхожаев.
Ал, қала тұрғыны Меруерт Әмірсейіт тұрғындар арасында қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілік оянып, сенбіліктерге қатысуға деген құлшыныс артқанын айтады. Иә, расымен тазалықты жанына серік еткен тұрғындар ерекше белсенділік танытуда. Қаламыздың тазалығын сақтау – барлық тұрғындардың парызы екенін көпшіліктің түсінгені көңіл қуантады. Акцияға белсене қатысқан көпшілік тазалықты өзімізден бастау керек екенін, қала тазалығы бәрімізге ортақ міндет екенін ұғындырды.
– «Тазалық – табалдырықтан басталады» демекші, қоршаған ортаны ластауға жол бермей, тұрмыстық мәдениетті ұстануға шақырамыз. Жанға рахат, көңілге шаттық сыйлайтын тазалық шараларына алдағы уақытта да аудан тұрғындары белсене қатысса, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары Марат Тәжібаев.
Қаланың орталығын кесіп өтетін Қошқар ата өзені қала тұрғындарының бір сәт демалуына таптырмас орын. Алайда кейбір жеке сектор аймақтарында өзен бойында тазалық жұмыстары сын көтермей отырғаны жасырын емес еді. Іс-шарада Тұран ауданының коммуналдық мекемесінің қызметкерлері мен аудан тұрғындары және «Жасыл ел» еңбекші жастары Қошқар ата өзенінің жағалауында санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізді. Іс-шарада Кремлевская көшесінен Абай көшесіне дейінгі өзен бойындағы түрлі қоқыстарды шығару, қураған ағаштар қырқу, шөптерді ору және өзеннің суымен жиналған түрлі қалдықтарды тазалап, су көздерін ашу жұмыстары атқарылды.
Акцияға қатысқандар қаламыздың тазалығы басты назарда екенін, оған әрбір қала тұрғындары белсене атсалысуы қажет екенін жеткізді.
Жауапты мамандар науқан барысында жылдың соңына дейін бекітілген жоспар бар екенін, соған сәйкес тазалық жұмыстары тұрақты жүргізілетінін атап өтті.

«Шымкент келбеті» газетінің тілшілер тобы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.