ҚОНАҚЖАЙ ХАЛЫҚ, ӘСЕМ ТАБИҒАТ ПЕН ДӘМДІ ТАҒАМ... Избранное

Пятница, 26 Июль 2024 07:22 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 736 раз

Шымкент туристерді тағы несімен қызықтыра алады?

Туризм әлемдік экономиканың ажырамас бөлігіне айналғаны қашан. Дүниежүзілік туристік ұйымның мәліметіне сүйенсек, қазіргі әлемдік туризм индустриясы айналым қаражаты мен табысы жөнінен мұнай-газ және химия өнеркәсібі мен автокөлік индустриясынан кейінгі 3-орында тұр екен.

TuRist

 

Бұл саланы дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын көптеп ашып, ұлттық табысын молайтып отырған елдер көп. Осы орайда елімізде, оның ішінде Шымкент қаласында да туризм саласының әлеуеті мен мүмкіндігі өте жоғары. Әсіресе, соңғы жылдары туризм саласын дамытуға деген талпыныс күшейіп келеді. Бүгін біз Шымкентте туризм саласын дамыту үшін қандай жұмыс істеліп жатыр, саладағы түйткілді мәселелер мен жеткен жетістіктеріміз қайсы деген сауалдардың төңірегінде сөз қозғамақпыз.
Шымкент қаласы туристік әлеуеті жыл сайын артып келе жатқан мегаполистер қатарында. Инфрақұрылымы дамыған, Қырғызстан мен Өзбекстанды Қазақстанның басқа өңірлерімен байланыстыратын ірі торап болып табылады. Осы орайда, Шымкенттің бәсекелестік артықшылықтарын пайдалана отырып, бүкіл оңтүстік өңірі үшін туризмнің тірек орталығына айналуына барлық мүмкіндіктері бар. Сондай-ақ, шаһарда қала көркін көрсететін «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығы жұмыс істеп, Шымкент қаласының еліміздегі ірі туристік орталықтардың бірі ретінде қалыптасуына септігін тигізіп, кең мүмкіндіктерге жол ашуда. Бүгінде қала аумағында 148 орналастыру орны, 25 әлеуметтік және мәдени нысан, 23 демалыс орны, 72 спорт орталықтары, 10 саябақ, 7 республикалық сакралды нысан, 3 326 тамақтану орындары бар. Қала аумағында 20 туристік оператор мен 120-дан аса туристік агенттіктер тұрақты жұмыс істейді.

TuRist-1

Шымкент қаласының туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасы негізінен төрт бағытта жұмыс атқарады. Оның біріншісі – туризмді дамыту. Екінші – маркетингті ілгерілету. Үшінші бағыт – сыртқы байланыстар. Және ең соңғысы – креативті индустрия. Басқарманың берген мәліметі бойынша 2023 жылдың қорытындысымен жалпы қалаға келген туристер саны 449 098-ге, ішкі туристер 420 398, шетелдік туристер 28 700 адамға жеткен.
Ал, 2024 жылдың 3 айында қалаға 111 733 турист келген. Туристтердің дені Ресей Федерациясы мен Қытай азаматтары көрінеді. Сондай-ақ, тікелей әуе бағытында 12 ішкі рейс (Астана, Алматы, Ақтау, Атырау, Көкшетау, Жезқазған, Өскемен, Орал, Қостанай, Ақтөбе, Петропавл, Семей) және 5 халықаралық рейс (Мәскеу, Стамбул, Дубай, Анталия, Кутаиси) қатынаса, қазіргі таңда, әуе рейстерінің санын көбейту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қаламыздың басты нысандары – темір жол вокзалының реконструкциялау жұмысы аяқталып қолданысқа берілуі мен жаңа әуежай терминалының осы жылдың соңына дейін ашылуы осындай мүмкіншілік береді. Нәтижесінде әуежайдың жолаушыларды өткізу қабілеті сағатына 200 адамнан 2 000 адамға, теміржол вокзалының өткізу қабілеті тәулігіне 2 000 адамнан 6 000 адамға дейін артады деп күтілуде.
Ел Үкіметі Қазақстанды әлемдегі жетекші туристік бағыттардың біріне айналдыруды мақсат етіп отыр. Бұл мақсатқа жету үшін туристік инфрақұрылымды одан әрі дамыту, сондай-ақ тұтынушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру басты назарда. Осы жұмыстардың аясында Қазақстанда жаңа қонақүйлер, мейрамханалар, ойын-сауық орталықтары және басқа да туристік қызмет көрсету нысандарын салу жоспарлануда. Заманауи қонақ үйлердің артуы да туризмнің дамуына айрықша серпін беретіні анық. Осы тұрғыда 2024 жылға 8 туристік инвестициялық жобаның құрылыс жұмыстары басталып, жыл соңына дейін іске қосылуы жоспарлануда. Олар Makhambet, Kazakh Hotel, «Алтай», «Керемет», Zeinnur-Tau, Dara Garden Hotel, Mardan, Diamond Hotel.
Сонымен қатар маусым айында Шымкентте аты әлемге танымал, бренд болып қалыптасқан бес жұлдызды қонақ үйдің құрылысы басталды. Әлемге әйгілі «Hilton» қонақ үйі «Шымкент Сити» шағынауданында бой көтеріп, 2026 жылы ашу жоспарлануда. Жалпы қонақ үйде 167 бөлме, 1-ballroom, мейрамханалар, фитнес-орталық және бірнеше конференц – залдар бар. Құрылыстың арқасында 200-ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылады. Мұндай нысандар туристік әлеуетті дамытуда ғана емес, қаланың инвестициялық тартымдылығын арттыруда да маңызды. Себебі «Hilton» — әлемге әйгілі бренд.
Сонымен қатар, ұлттық стильде салынған «Qazaq Hotel» қонақ үйі қонақтардың жайлылығы үшін бар салтанатымен жұмыс істеуде. Жобаны іске асыру нәтижесінде 30 жұмыс орны құрылды. Жаңа қонақ үйде 64 заманауи және жайлы бөлмелер бар. Қосымша қызметтер – мейрамхана, SPA-салон, конференц-зал және автотұрақ қарастырылған.
Шымкент қаласында туристерді ең көп қызықтыратын нысандар «Ибрагим ата», «Қарашаш ана» кесенелері, «Shymqala» тарихи-мәдени кешені, Бәйдібек би ескерткіші, Зообақ, Сейітжан Қари мешіті, Қошқар ата өзені. Бұдан бөлек, Қазақстандағы теңдесі жоқ дендрологиялық саябақтың да туристер үшін алар орны ерекше. Қала аумағында республикалық маңызы бар 7 тарихи-мәдени нысандар орналасқан. Ибрагим ата, Қарашаш ана, Әбдел Әзіз баба, Қожа салық, Мірәлі баба, Қызыр мұнарасы, Сайрам қалашығы бүгінде қолға алынып, жеке инвесторлар есебінен абаттандырылуда.
Шымкент қаласының туристерді тартатын басты ерекшелігі – қонақжай халқы, дәмді тағамдары екені даусыз. Сондықтан шымқаланы
гастрономиялық орталық деп атасақ та болады. Осы жылдың 25-26 маусымында Қытайдың Үрімжі қаласында «Қытай – Қазақстан аумақтық байланыс» III форумы өтіп, форум аясында «Жеті тандыр» мейрамханасының қолдауымен Шымкент қаласының гастрономиялық фестивалі ұйымдастырылды. Гастрономиялық фестивальге шамамен 3 000-ға жуық адам қатысты. Осыған орай, гид-экскурсоводтарға, қонақ үй қызметкерлеріне және рестораторларға арналған семинар-тренингтердің ұйымдастырылуы өте маңызды. Тренинг-оқуды аяқтағаннан кейін қатысушылар өздерінің білімдері мен дағдыларын көрсетуге мүмкіндік алады. Осындай тренинг қаламызда сәуір айында өткен болатын. Аталған іс-шара сала өкілдерінің біліктілігі мен білімін жетілдіріп, кәсіби деңгейін арттыруды мақсат етті. Сонымен қатар, іс-шара барысында қатысушылар туризм және қонақжайлылық саласындағы соңғы трендтермен танысып, спикерлермен тәжірибе алмасты және де бизнесті дамытудың жаңа мүмкіндіктері туралы білімін арттырды.
Туристерді тартудың бірден-бір құралы – қаланы жарнамалау болып табылады. Осы орайда, 28-30 маусым аралығында 15 шетелдік және 15 отандық блогерлерге ақпараттық-блог тур ұйымдастырылып, Түркия, Мысыр, Латвия, Әзірбайжан және Қырғызстан елдерінен келген блогерлер 310 видео бейнематериал түсіріп, 108 пост жариялады. Жалпы жарнамалық қаралым саны 4 676 мың. адамды қамтыған. Бұдан бөлек басқарманың қолдауымен және «Irfin promotions» промоутерлік компаниясының ұйымдастыруымен ағымдағы жылдың 8 маусымында кәсіби бокс кеші іс-шарасы алғаш рет Шымкент қаласында ұйымдастырылды. Іс-шарада Өзбекстан, Ресей, Филиппин, Тайланд, Моңғолия және Қытай халық республикасынан келген қатысушылар арасында жекпе-жек өтті. Турнирді жалпы 5000-ға жуық қалалық және шет елдік көрермендер тамашалады. Қалада дарынды жастардың «контент мейкерлер» клубы құрылды. Клубтың басты мақсаты қаланың туристік әлеуетін видео және фотоматериалдар арқылы әлеуметтік желілерде жариялау мен насихаттау. Қазіргі таңда клубқа 15 адам мүше. Аталған ақпараттар халық арасында таралып, маңызды туристерді тартатын тетік қызметіне айналуда.
«Орамал тон болмайды, жол болады» деп, тойға барсақ сарқыт, шет ел барсақ кәдесый іздеп кететін әдетіміз бар емес пе?! Кез келген шетелдік те елімізден сыйлық алып кеткісі келеді. Оған біздің ұсынар дүниеміз не болмақ, оған да назар аударсақ.
– Қалада әр сенбі күні креативті индустрия өкілдерін қолдау мақсатында Арбат жаяу жүргіншілер аумағында жәрмеңке ұйымдастырылып отыратын болды. Басты мақсат –Шымкент қаласында креативті индустрия кәсіпкерлеріне қолдау көрсету. Сонымен қоса, аталған сала өкілдерін монетизацияға шығару, көлеңкелі саудадан шығару және Шымкент қаласының креативті өнімдерін қалыптастыру болып табылады. Іс-шара қаладағы жастар және қала қонақтары үшін өте маңызды шара қатарына айналады. Сондай-ақ, ерекше дүние жасап, көпшіліктің назарын аударғысы келетіндердің басын қосып, креативті хаб ашу басқарма жоспарында. БАҚ өкілдері үшін пресс тур ұйымдастыру және Әзербайжанның Баку мен Өзбекстанның Самарқанд қалаларында роуд-шоу ұйымдастыру да кезекте тұрған істер. Екі жақты туристік ағынды арттыру мақсатында туристік операторлар мен агенттіктер арасында байланыс орнатылып, жаңа туристік маршруттар мен бағыттар әзірленеді, – дейді Шымкент қаласының туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының басшысы Бексұлтан Ержанұлы.
Қалай десек те, туризм саласының елді дамытуда тигізер үлесі орасан. Шымкенттің киелі Түркістан қаласы мен алып шаһар Ташкентке жақын орналасуы да келіп-кетер қонақтың көп болатынына және олардың жайын жасауға түрткі болатыны сөзсіз.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.