АЭС – таза және тұрақты энергия көзі

Понедельник, 16 Сентябрь 2024 09:59

WhatsApp Image 2024-09-16 at 12.14.49

Шымкент қалалық «Amanat» партиясының төрағасы Бахадыр Нарымбетов бастаған АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық штабтың мүшелері «Мадина» макарон фабрикасының қызметкерлерімен кездесті. Жұмысшы топтың қатарында қалалық мәслихат депутаттары, бірнеше саяси партиялардың және қоғамдық ұйымдардың өкілдері болды.

Кездесуді ашқан Бахадыр Мәдәліұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында көтерілген мәселелерге тоқталып, жиынның басты тақырыбы ретінде атом электр станциясының құрылысын атап өтті.

«Энергетика министрлігінің болжамдары бойынша, 2035 жылға қарай Қазақстанда электр энергиясын тұтыну 152,4 миллиард кВт/сағ құрайды деп күтілуде. Алайда қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған электр станциялары тек 135 миллиард кВт/сағ ғана қамтамасыз ете алады. Осыған байланысты, қазіргі таңда Ресейден келетін ағындар электр қуатының тапшылығын жауып отыр, бұл өз кезегінде энергетикалық тәуелділікке және елдің энергетикалық нарығының қауіпсіздігіне қауіп төндіреді», - деді Бахадыр Мәдәліұлы.

Ол Қазақстанның энергетикалық секторы көмір электр станцияларына аса тәуелді екенін атап өтті, бұл тәсілмен ұзақ мерзімде энергия қуатын өндіру мүмкін емес екенін түсіндірді. Себебі, жұмыс істеп тұрған станциялардың тозу деңгейі жоғары, ал халық санының өсуі мен энергия тұтыну көрсеткішінің қарқынды артуы жағдайды қиындатып отыр.

Бахадыр Мәдәліұлы: «Экономикасы дамыған елдермен тең дәрежеде болу үшін, бірінші кезекте электр қуатын шешіп алуымыз керек. Электр энергия – экономиканың локомотиві», - деп атап өтті.

Жиында мекеме мамандары да өз ойларын білдіріп, сұрақтар қойды. Атап айтқанда, көпшілік атом электр станцияларының қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдірді. Чернобыль мен Фукусима апаттары туралы еске ала отырып, сол жағдайлардың қайталану мүмкіндігін сұрады. Штаб мүшелері қазіргі уақытта салынатын атом электр станцияларының технологияларының мүлдем өзгеше екенін түсіндірді.

«1986 жылғы Чернобыль және 2011 жылғы Фукусима-1 атом электр станцияларындағы апаттардан алынған сабақтар жаңа реакторлардың жобалануы кезінде ескеріледі. Бұл оқиғалардың әсерінен атом энергетикасының қауіпсіздігі жаңа деңгейге көтерілді. III+ буын реакторларының конструкциясына қосымша қауіпсіздік мүмкіндіктері енгізілді», - деді Бауыржан Әлтеев.

Одан бөлек, штаб мүшелері атом электр станциялары қоршаған ортаны түтін газдары, күл, мұнай өнімдері бар ағынды сулар сияқты заттармен ластамайтынын да мәлім етті.

Сонымен қатар, жұмысшылар тарапынан АЭС жобасының Астанадағы ЛРТ сияқты жарты жолдан тоқтап қалу мүмкіндігі туралы да сұрақтар болды. Штаб мүшелері келіссөздер, келісім-шарттар жасау және сатып алу процестерінің барынша ашық болатынын және атом энергетикасының әлемдегі ең тәртіпті сала екенін айтты.

Атом электр станцияларын жобалау және салу кезінде техникалық қадағалауды тәуелсіз реттеуші жүзеге асырады және құрылыс МАГАТЭ бақылауымен жүргізілетіні түсіндірілді.

Жиынды қорытындылаған Бахадыр Нарымбетов атом электр станциясын салу Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экономикалық тұрақтылығын арттыру үшін маңызды қадам екенін айтты.

Оның сөзінше, жаңа технологиялар мен қатаң қауіпсіздік шаралары арқылы атом энергетикасы еліміздің энергия қажеттілігін толық қанағаттандыруға мүмкіндік береді. Мұндай жобалар қоғамның қолдауымен және ашық бақылаумен жүзеге асырылғанда ғана өз тиімділігін көрсетеді. Сондықтан халықты ақпараттандыру мен түсіндіру жұмыстарын жалғастыру, сондай-ақ жобаның барлық кезеңдерін қадағалау арқылы сенімділік қалыптастыру қажет.

"Шымкент келбеті"

АУҚЫМДЫ ЭНЕРГИЯНЫҢ БАСТАУЫ

Пятница, 13 Сентябрь 2024 09:53

abe5966e-d26e-49ed-8388-52391dd19ceb

Қазір біз әлемді АЭС-ы барлар және АЭС-ы жоқтар деп екіге бөліп қарайтын болдық. Уақыт соған жеткізді. Атом энергиясын қолдану тәуелсіздік алғалы арагідік айтылып қалушы еді. Тіпті бірқатар алғышарт та жасалды. ⁣⁣⠀
Курчатовта, Алматыда, Ақтауда реакторлардың іске қосылуы – соның дәлелі. Бірақ мәселе Қасым-Жомарт Тоқаев билікке келгеннен кейін белсенді қозғала бастады. Мемлекет басшысы энергия тапшылығы алқымнан алғалы тұрған шақта атомсыз алға жылжудың мүмкін еместігін айтты. Кәнігі сарапшылар да кәсіби дәлел келтірді. Әлем тәжірибесіне үңілсек те, атом туралы әңгіменің бекер айтылмағанын бағамдаймыз.⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
Оңтүстік Корея 2038 жылға дейін 6 жаңа реакторды іске қосу­ды жоспарлап отырған көрінеді. Ел­­де қазір 23 энергоблок жұмыс іс­тей­ді және олар бүкіл электр энер­­гия­сының үштен бір бөлігін өн­ді­ре­ді. Сонымен қатар атом энер­ге­­ти­касы тариф өсімін де шек­тей алып отыр дейді кәріс шенді­лері. Егер осы күнге дейін көмір ар­қылы энер­гия тұтынып отыр­ған болса баға қазір­гіден 17 есе қым­бат болады екен.⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
Францияда да жақын арада осыншама реактор салынбақ. Бұл елде атом энергетикасын дамыту 100 мыңға дейін жұмыс орнын құруға жол ашады. Ядролық энергия өндіруден көшбасшы саналатын Францияда қазір 50-ден аса реактор жұмыс істеп тұр. Жақын жылдары тағы алтауының құрылысы басталады дедік қой, соған 100 мыңға жуық адам жұмылдырылмақ. Жалпы алғанда, атом электр стансасын салу және пайдалану мынадай игіліктерді туындатады:⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
Тікелей және аралас салаларда бірнеше мың жұмыс орны ашылады;⁣⁣⠀
Ауаға таралатын зиянды зат мөлшері азаяды;⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
Электр энергиясы бұрын­ғыдан да қолжетімді бола түседі;⁣⁣⠀
Әлеуметтік лифт күшейеді;⁣⁣⠀
Реактор маңайындағы елді мекендердің инфрақұрылымы жақсара түседі.⁣⁣⠀
«Бір қызығы, елде жаңа реак­тор­лар салу бағдарламасы жа­рия­­ланған кезде, көптеген ай­мақ атом электр стансаларын өз аума­ғын­да ор­на­­ластыру құқығы үшін кү­ресті бастап кетті. Бұл – жергілікті деңгейдегі құлшынысты көрсететін маңызды белгі. Өйткені АЭС құрылысынан өңірге мультип­ли­кативті әсер болатынын олар жақсы түсініп отыр», дейді I2EN халық­аралық атом энергиясы инс­ти­тутының директоры Ян ван дер Лее.⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
«Ұлттық ядролық орталық» бас инженерінің орынбасары Денис Зарваның сөзінше, дәл қазір елімізде энергия тапшылығының алапат қарқынмен өріс алып келе жатқаны жасырын емес.⁣⁣⠀
«Шынын айтқанда, елдегі жылу электр стансалары өзінің ақырғы ресурстарын сарқып пайдаланып жатыр. Жылу электр стансалары маңындағы радиа­циялық сәуле АЭС маңындағы сәуледен (табиғи нормаға сәйкес) бес есе артық. Себебі көмір­де та­биғи радионуклидтер бар, ол жанғыш өнімдермен бірге атмосфераға таралады. Оның үс­тіне біздің алдымызда 2060 жыл­ға таман көміртегі бейтарап­ты­ғына қол жеткізу міндеті де тұр. Біз үшін атом энергетикасы таңсық нәрсе емес. Мәселен, Ақтауда әлем елдері арасында алғашқылардың бірі болып жылдам нейтрондағы тәжірибелік-өнеркәсіптік реактор жұмыс істеді. Қазір де үш реакторымыз бар», дейді маман.⁣⁣⠀

Оның айтуынша, кадр мәселесінен де кемшілік болмауға тиіс. Өйткені дәл қазір отандық атом саласында 17 мың маман еңбек етіп жүр.⁣⁣⠀
⁣⁣«Үкімет те атом энергетикасы­ның жаңа мамандарын даярлауға ден қойды. Қазір де жоғары білімді азаматтарымыз бар. Қай реакторды таңдамасақ та, оның маман дайындайтын құзыреті біздің пайдамызға жұмыс істейді. Бізге ел экономикасын дамыта түсу үшін энергия көздерін әртараптандыру өте маңызды. 2025 жылға дейінгі энергетикалық баланста 26,5 ГВт жаңа генерация енгізу жоспарланған. Бұған генерацияланған базалық қуаттылықтың 10 пайызын беретін АЭС те қосылады деп үміттенеміз», дейді Денис Зарва.⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
«Ядролық физика институты» бас инженерінің орынбасары Асхат Бекбаевтың сөзінше, АЭС-ке қатысты күдік-күмәнді объективті фактілермен сейілтуге болады.⁣⁣⠀
«Біріншіден, құрылыс және атом электр стансасын пайдалану кезіндегі басты басымдық қауіпсіздікке беріледі. АЭС құнының 40 пайызы қауіпсіздік жүйесіне бағытталады. Екіншіден, еліміздегі АЭС құрылысында III және III+ санатына тиесілі техно­логиялық құрылғыларды пай­даланады. Мысалы, Черно­быль­дегі АЭС – 1977 жылы, Фукусима АЭС-і 1971 жылы салынған. Үшін­шіден, статистика бойынша атом электр стансаларында аса қауіпті апат 10 миллион жылда бір мәрте ғана болуы мүмкін. Бұл ретте жылу электр орталықтарындағы апаттың туындау ықтималдылығы 80 есе жоғары», дейді маман.⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
Сала сарапшыларының сөзі­нен ұққанымыз, ядролық реактор кө­мегімен аз отын шығындай отырып көп энергия алуға, тұтынуға болады. Бұл – тиімді әрі экономикалық тұрғыдан пайдалы.⁣⁣⠀
«Егер біз жеткілікті қуатты­лық­пен АЭС тұрғызар болсақ өз қажеттілігімізді жауып, тіпті АЭС-і жоқ көрші елдерге экспорттай да аламыз. Қуаттылық бойынша да, электр энергиясының бағасы бо­йынша да тұрақты бола түсеміз», дейді атом және термоядролық энергетика саласының зерттеушісі Инеш Кенжина.

d910eb8f-8230-4c5d-930d-ea31e6dfb67c

АЭС салу мәселесінің көтерілуі – соңғы 2-3 жылда энергетика саласында біраз өзгерістердің болуымен байланысты болып отыр. Соның бірі Екібастұз, Риддер Петропавлда қыстың көзі қырауда жылу жүйелерінде болған апаттар.⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
Бүгінде еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мәселесі өзекті болып тұр. Қазақстанда АЭС салу – жаңа энергетикалық қуат көздерін арттыру ғана емес, бұл біздің энергетикалық тәуелсіздігіміз бен экономикалық тұрақтылығымыздың кепілдігі. Бүгінде әлемде мемлекетті тұрақты әрі сенімді энергиямен қамтамасыз ету дегеніміз –⠀табысты экономикалық өсу мен әрбір азаматтың әл-ауқатының кілті болып отыр. Осы орайда Қазақстанның мүмкіндігі қандай екенін білу мақсатында «Қазақстан электр энергетикалық Қауымдастығы» ЗТБ төрағасы Талғат Темірхановқа хабарласып, әңгімелескен болатынбыз.⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
– Атом энергиясы – бұл әлемнің көптеген елінде тиімділігі мен қауіпсіздігін дәлелдеген қуат көзі. Ал АЭС Қазақстанның энергетикалық қажеттіліктерін қаншалықты қамтамасыз ете алады?⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
– АЭС салу мәселесінің көтерілуі – соңғы 2-3 жылда энергетика саласында біраз өзгерістердің болуымен байланысты болып отыр. Соның бірі Екібастұз, Риддер Петропавлда қыстың көзі қырауда жылу жүйелерінде болған апаттар. Бұл апаттар энергетика саласындағы тозу деңгейінің жоғары екенін ашық көрсетті. Еліміз бойынша стансалардың орташа тозу деңгейі – 65 пайыз. Тіпті, кейбір жеке стансалар 85-86 пайызға тозған. Кеңес өкіметінде салынған стансалардың осы уақытқа дейін тозуы да қалыпты нәрсе. Алайда бұл негізінен үлкен қауіп тудырады. Экономикамызбен қатар тұтынушылардың көлемі де, деңгейі де өсіп жатыр. Қарапайым тұтынушылардан бастап, елімізге келіп жатқан инвесторлар, тау-кен, металлургия, мұнай-газ саласын жүзеге асып жатқан жоспар, жобаларға дейін электр энергиясын қажет етеді. Осы орайда біз өсіп жатқан экономиканы энергиямен қалай қамтамасыз етеміз деген сұраққа қазірден бастап жауап беру керекпіз. Неге десеңіз, Қазақстан жылына орташа есеппен сағатына 115 млрд кВт электр энергиясын тұтынады, 2030-2035 жылдары бұл көрсеткіш сағатына 153 млрд кВт-қа дейін жетеді, болжам бойынша. Яғни, бізге генерацияның жаңа түрлері, көздері керек. Ол көмір болсын, су, баламалы энергия, атом болсын. Алайда бүгінде бүкіл әлем көмірден бас тартып, көміртек шығарындыларымен күресіп жатыр. Ал көміртек шығарындыларының едәуір бөлшегі энергетикаға тиесілі. Біз қазір энергетиканың 65 пайызын көмірден алып отырмыз.⠀Мұны болашақта қалай өзгертеміз деген сұраққа қазірден бастап жауап беруіміз керек. Бұл мәселеде АЭС біріншіден экологиялық таза, екіншіден қалдықтардың аз болуы. Өйткені атом стансасы көмір жақпайды, сәйкесінше ауада көміртек шығарындылары болмайды. Ал үшіншіден атом стансасы базалық генерацияға жатады. Ол энергияны тоқтаусыз береді деген сөз. Бұл қарапайым тұтынушыларға ғана емес, ірі тау-кен, металлургия, мұнай-газ саласына керек дүние. Өйткені олардың технологиялары электр энергиясын тоқтаусыз тұтынуды қажет етеді. Егер электр энергиясы болмаса олар өз өнімдерін шығара алмайды. Сондықтан дәл қазір энергетика мәселесінде Қазақстан тарихи шешім қабылдайтын кезеңде тұр.⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
Тәуелсіздік дегеніміз шекараны бекітумен шектелмейді. Энергетикалық қауіпсіздік, азық-түлік қауіпсіздігі де тәуелсіздік. Сондықтан шетелге энергиялық тұрғыдан тәуелділіктен арылуымыз керек. Осы жағынан біз қазір Ресей мен Қырғыз Республикасына тәуелдіміз.⠀⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
Елімізде АЭС салынған жағдайда 10 мыңға жуық жұмыс орны ашылады, ал стансаны пайдалануға бергеннен кейін 2 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді. Бұл өз мамандарымызды жұмыспен қамтуға себепкер. Ал АЭС-ті бір нұсқа ретінде қарастырып отырған Алматы облысына қарасты Үлкен ауылында салатын болсақ, онда 1 800-ге жуық халық бар. Эксплуатациядан соң ауыл халқы өсе бастайтыны анық, мүмкін шағын ауылдан қалашыққа дейін үлкейер.⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
Дүниежүзілік ядролық қауымдастықтың мәліметі бойынша, қазір әлемде 415 ядролық энергетикалық реакторлар (ЯЭР) жұмыс істейді, (оның 307-і (бұл 74 пайызы) қысым астындағы жеңіл су реакторлары), тағы 60-ы салынып жатыр. Атом электр стансаларының ең көп саны АҚШ-та (94), Францияда (56), Қытайда (56), Жапонияда (12), Ресейде (36) және Оңтүстік Кореяда (26) орналасқан.⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің мәліметі бойынша 2050 жылға қарай барлық елдің АЭС-інен өндірілетін электр энергиясы – 792 ГВт дейін, яғни 2 есеге өседі деп болжап отыр. Әлемдегі 415 реактордың жалпы қуаты – 373 735 МВт. Ал қазір салынып жатқан 60 реактордан алынатын қуат көзі – 62 637 МВт болмақ. Яғни, әлемнің энергияға, оның ішінде атом стансаларына деген сұранысы артып отыр.⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
– Қазақстанға АЭС саламыз деген мемлекеттерге қандай талаптар қойып отырмыз?⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
– Әзірге АЭС-ті қай мемлекет салатыны белгісіз. Қазір Ресей, Оңтүстік, Корея, Франция және Қытайды таңдап отырмыз. Қазақстанға АЭС-ті осы 4 мемлекеттің біреуі салады. Әр мемлекеттің өз технологиясы мен талабы бар. Осы жерде АЭС-тің саяси жоба емес екенін ескеруіміз керек. Қай ел серіктес ретінде таңдалса да, тек АЭС-ті салумен айналысады, оны пайдаланбайды. Сондықтан даурығудың қажеті жоқ деп есептеймін. Референдумда оң шешім қабылданған жағдайда қай ел АЭС салатынын мемлекет өзі комиссия құрып, сол 4 елдің ұсыныстарын қарап, тиісті бағасын беріп барып шешім қабылдайды.⠀⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
Бірақ Қазақстан мемлекет атынан қауіпсіздік жағынан ең озық технологияларды тарту туралы міндет қойдық. Біз ІІІ+ деңгейлі қауіпсіздік деңгейінен төмен технологияларды қарастырмаймыз. Өйткені ІІІ+ технологиясы – әлемдегі ең озық технология. III+ заманауи реакторларының көптеген артықшылығы бар. Онда активті және пассивті өзара қайталанатын қауіпсіздік жүйелері бар. Жобалау және құру кезінде радиоактивті заттардың алаң шегінен шығу орнынан терең эшелондалған қорғау принципі, сондай-ақ «аварияны жобалау сатысында жою» концепциясы пайдаланылады. Белсенді аймақтың бұзылуына байланысты ауыр аварияның болу мүмкіндігі мүлдем аз,⠀⁣⁣⠀
10 миллион жыл ішінде бір оқиға болуы ықтимал.⁣⁣⠀
Болашақта IV+ деңгейлі қауіпсіздік технологиясы пайда болады, алайда біз оны күтетін болсақ, 5-6 жылды жоғалтып аламыз деген пікірдің жаны бар. Өйткені бұл станса тек энергетиктерге ғана қажет дүние емес, бұл біздің шетелге өнімдерін шығаратын ірі компанияларға тиесілі сұрақ. Бүгінде Еуропа елдері шекаралық салық мәселесін қарастырып жатыр. Бұл сіздің өніміңіз Еуропа шекарасына кірген кезде өнімнің ішінде көміртек шығарындыларының деңгейі қаралады деген сөз.⠀Егер өнімде көміртек деңгейі өте жоғары болса (бізде генерацияның 65 проценті көмірден алынады), Еуропа елдеріне кірмес бұрын салық төлеуіңіз керек. Мысалы, ERG компаниясы алюминийді Еуропаға сатқан кезде жылына 330-350 млн долларды шекаралық салық ретінде төлеуге мәжбүр болады. Сондықтан біз оны неғұрлым түсіретін болсақ, соғұрлым экспортқа шығатын тауарлар қосымша салық төлемейді.⁣⁣⠀
– АЭС салу атом технологиясын дамытуға қаншалықты әсер етеді?⁣⁣⠀
– Қазақстан уран қорына бай, әлем бойынша экспорттауда жетекші орын алады. 2023 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша еліміздегі уран қоры 990 мың тонна. Былтыр өндіру көлемі 21,1 мың тоннаға дейін жетті. Бұл әлемдегі уран өндіруші елдердің көрсеткішінен асып түседі. Сондықтан Қазақстанның энергетикалық жүйенің болашақ негізі ретінде атом энергиясын пайдаланатын дербес державаға айналу мүмкіндігі жоғары.⁣⁣⠀
Еліміздегі шикізат қоры реакторлардың 50 пайызын шикізатпен қамтамасыз етіп отыр. Ал бір жыл ішінде өндірген уранның 3 пайызы ғана АЭС-ке жұмсалмақ. Сондықтан біз шикізаттан тапшылық көрмейміз, толықтай қамтамасыз етілген. Сондай-ақ Ядролық физика институтында қуаты 6 мегаватт болатын ядролық зерттеу реакторы орналасқан. Бұл су-су реакторы, ол – әлемдегі ең қауіпсіз санаттағы құрылғы. АЭС салу бұл – 60 жылдан астам уақыт тұтынушыларды сенімді энергиямен қамтамасыз ету, парниктік газ шығарындыларын жылына⁣⁣⠀
10 млн тоннаға дейін азайту, сонымен қатар табиғи ресурстарды тиімді пайдалану.⁣⁣⠀
– Қазақстанның географиялық және сейсмикалық жағдайлары АЭС салуға қаншалықты қолайлы?⁣⁣⠀
– Біз жоспар бойынша 3 аймақты алып отырмыз. Соның ішіндегі ең тиімді, ең қолайлысы – Алматы облысына қарасты Үлкен ауылы. Ал сейсмикалық мәселелерді қазір МАГАТЭ-мен бірге зерттеп шықтық. Тағы да бір айта кететін мәселе – бізде оңтүстік өңірі электр энегрияның тапшылығына жылдан-жылға артып келеді. Қазір біз солтүстіктен оңтүстікке қосымша энергияны тасымалдауға мәжбүр болып отырмыз. Болашақта⠀қуаттылығы 2800 МВт стансаны салатын болсақ, бұл оңтүстік өңірдегі энергия тапшылығын түгелдей жабады деген үміттеміз.⁣⁣⠀
Егер АЭС салынатын болса, ол апатқа төзімді аймақтарда салынатыны және төтенше жағдайларға төтеп бере алатын жүйелермен жабдықталатыны анық. Тек жер сілкінісіне ғана емес, су тасқыны, дауылға төтеп бере алады.⁣⁣⠀
Жаңа заманауи АЭС-тер 9 балға дейінгі жер сілкіністеріне және басқа да табиғат құбылыстарынан қорғай алады. Жоғарыда айтқанымдай, АЭС-тердегі апаттардың ықтималдығы 10 миллион жылға бір апаттан да келмейді.⠀Салыстыру үшін айтсақ, ЖЭО-да көмірдің жарылу ықтималдығы 80 есе жоғары.⁣⁣⠀
Әрбір заманауи АЭС-та ядролық реактордың қорғаныс қабықшасы (контайнмент), стансадағы төтенше жағдайлар кезінде радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін құрылғы бар. Сондықтан жоғарыда айтылғандарға сүйене отырып, АЭС өңірдің табиғи ортасы мен халқына кері әсерін тигізбейді деп айтуға болады.⁣⁣⠀
Былтыр күзде АЭС орналасатын жерді таңдау бойынша жүргізілген зерттеулерді бағалау үшін Қазақстанға МАГАТЭ-нің халықаралық мамандар тобы келді. Барлық материалдарды зерделеп, сондай-ақ Балқаш көліне барғаннан кейін, МАГАТЭ сарапшылары АЭС-тың көлге жақын орналасуына кедергі келтіретін факторлар жоқ деген қорытындыға келді. ⁣⁣⠀
Дегенмен АЭС орналасатын жерді анағұрлым егжей-тегжейлі зерделеу үшін табиғи және техногендік сипаттағы ықтимал сыртқы әсерлерді, оның ішінде ықтимал жер сілкінісін қарастыру үшін инженерлік іздестіру жұмыстары жүргізілетін болады.⁣⁣⠀
– АЭС құрылысы мен пайдалануында халықаралық тәжірибелер қаншалықты ескеріледі?⁣⁣⠀
– Шетелдік тәжірибеде атом электр стансалары ең алдымен үлкен су қоймаларының жанында салынады. Осы ретте заманауи АЭС-тер қоршаған ортаға, оның ішінде олар салынған су қоймаларына кері әсер етпейтініне назар аударған дұрыс.⁣⁣⠀
Халықаралық энергетика агенттігінің (ХЭА) деректері бойынша, жаңартылатын қуат көздері мен атом энергиясы алдағы үш жылда басым болады, бұл қосымша сұраныстың орта есеппен 90 пайыздан астамын қамтамасыз етеді. Соңғы 50 жылда атом электр стансаларында энергия өндірудің арқасында 60 Гт-тан астам СО2 шығарындылары ауаға таралмады. Бұл әлемдік энергетика секторының екі жылға жуық шығарындыларына тең.⁣⁣⠀
Атом электр стансалары әлемдегі ең қауіпсіз және сенімді қондырғылардың бірі. Дегенмен адамдар мен қоршаған ортаға теріс салдары бар апаттар болуы мүмкін. Мұндай апаттардың ықтималдығын азайту үшін МАГАТЭ өзіне мүше мемлекеттерге атом электр стансаларының қауіпсіздігін жақсарту үшін халықаралық қауіпсіздік стандарттарын қолдануға көмектеседі. Мәселен, АЭС-тің құрылымдарын үнемі жетілдіріліп, жаңартылып отыру керек. Бүгінде атом энергиясы экологиялық тазалығымен, жоғары қуаттылығымен және дұрыс пайдаланған жағдайда тиімділігімен энергия алудың ең тиімді жолы болып отыр. Жылу электр стансаларымен салыстырғанда атом электр стансаларының отын шығыны бойынша артықшылықтары бар, бұл әсіресе отын-энергетикалық ресурстармен қамтамасыз ету мәселелері және қазба отын өндіру құны артып отырған өңірлер үшін маңызды.⁣⁣⠀
Тағы бір айта кетерлігі, атом электр стансалары қоршаған ортаны түтін газдары, күл немесе құрамында мұнай өнімдері бар ағынды сулар сияқты заттармен ластамайды. Әртүрлі елдердегі АЭС пайдаланудың көп жылдық тәжірибесі олардың табиғатқа әсерінің өте аз екенін көрсетіп отыр және бұл әсер атом стансасының қызмет ету мерзіміне ықпалын тигізбейді.⁣⁣⠀
Мемлекет басшысы қыркүйектегі Жолдауында 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Атом құрылысын және оның қасиеттерін зерттейтін мамандар елімізге керек. Жалпы, энергетик мамандарды даярлау бұл әрбір мемлекет үшін стратегиялық мәселе. Өйткені ақырзаман болғанша энергетик мамандар керек. Ал АЭС мәселесінде стансаны салатын мемлекет мамандарды қосымша оқытып даярлайды.⁣⁣⠀
Ел арасында дамыған елдер атом стансасынан бас тартып жатыр деген пікір де бар. Олар АЭС-тен бас тартып жатқан жоқ, өз аумағында тозығы жеткен, қауіпсіздігі төмен стансалардың жұмысын тоқтатып жатыр. Себебі олар І немесе ІІ буын технологиясымен салынғандықтан, қауіпсіздік талаптарына сай келе қоймайды. Ал біз қазір ең озық стансаны салуды жоспарлап отырмыз.⁣⁣⠀
– Сұхбат туралы сізге хабарласқанымызда, АЭС құрылысы мен пайдалануына байланысты түсіндіру жұмыстарымен Түркістан өңірінде жүргеніңізді айттыңыз. Халықты мазалайтын қандай мәселелер бар екен?⁣⁣⠀
– Осыған дейін Ақмола облысында, Түркістан, Шымкент қалаларында болдық. Халықтың қоятын сұрағының 90 пайызы⠀– қауіпсіздік деңгейіне байланысты. Жалпы, көпшіліктің АЭС туралы ойы жақсы. Оған Түркістанда, Шымкентте зиялы қауым өкілдерімен, ақсақалдармен, М.Әуезов университетінің белсенді жастарымен, Alageum Electric компаниясының жұмыскерлерімен, Кентаудың энергетик мамандарымен кездесу барысында көз жеткіздік. Әсіресе, шағын және орта кәсіп иелері АЭС салуды қолдап отыр. Кәсіпкерлер үшін электр энергиясы – өте үлкен қажеттілік. Жылыжайда көкөніс, жеміс-жидек өсіріп отырғандар, шағын бизнес өкілдері электр энергиясынсыз қалатын болса, тауарларын шығара алмайды. Сондықтан шектеусіз электр энергиясын тұтынуға мемлекет мүмкіндік жасауы керек деген пікірлер айтылды.⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
– Әңгімеңізге рахмет!

«Экологияны сауықтыруға борыштымыз»

Пятница, 13 Сентябрь 2024 09:44

42b7faa8-b98b-42fb-a091-87a0b770370d

Елде экологиялық жағдай күн өткен сайын күрделеніп бара жатқаны жасырын емес. Ол туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында айтты. «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртайдың пікірінше, елімізде қоршаған ортаға қатысты мәселелер қордаланып тұр. Тіпті АЭС шикізаты уранды алу әдісінің өзі ойландырады.⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
– Уранды өзімізде өндіреміз деп қуана¬мыз, алайда соны жер бетіне шығару әдісі қоршаған орта үшін қолайлы емес сияқты?⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
– Дұрыс айтасыз. Уран қоры және оны өндіру жағынан әлемде алғашқы үштікке кіреміз. Бұл – өте бағалы қазба байлық. 1 келі уран дәл сол көлемдегі көмірден 20 мың есе қуатты энергия береді. Алайда уранды өндіру оңай емес. Бізде уран шаймалау әдісімен алынады. Мұның қоршаған ортаға – топырақ, өсімдік, жерасты суларына зияны тиеді. Сондай-ақ батыс аймақта ірі мұнай-газ кеніштері жұмыс істеп тұр. Ол жақта экологиялық ахуал өте нашар. Өндіріс орындарынан бөлінетін улы қалдықтар көп. Партия азаматтары ол өңірде сан мәрте болды. Жағдаймен танысты. Шетелдік ірі кәсіпорын басшыларымен кездесіп, тұрғындарға қол ұшын беруді, экологияны реттейтін заманауи технологияны қолдау жөнінде ұсыныстар жасады. Жалпы, қай өңірді алсақ та, экологиясы мәз емес. Табиғаттың тепе-теңдігі бұзылған. Осы мәселе көп толғандырғандықтан, «Байтақ» жасылдар партиясын құрған едік.⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
– Жолдауда экология тақырыбына ерекше көңіл бөлініп, оны шешу жолдары айтылды. Нақты міндеттер де жүктелді. Алып-қосарыңыз бар ма?⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
– Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында елдегі экология мәселесіне кеңінен тоқталды. Көрер көз, естір құлақ болса, көп нәрсе қам¬тыл¬ды. Әлбетте, біз өзіміз өмір сүріп отыр¬ған ортамыздың жайлы болғанын қалай¬мыз. Ендеше, қоршаған ортаны қорғауға баршамыз атсалысқанымыз жөн. Осы орайда «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акция дер кезінде көтерілді.⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
Кей елдерде «Табиғат күні» деген атаулы күн бар. Бізге де сол керек сияқты. Халық тым болмағанда, бір күн жаппай сенбілік жасап, табиғат аясына шығып, демалып, қоршаған ортаны жандүниесімен сезінер еді. Елдегі орман көлемі жеріміздің 5 пайызына ғана барабар. Бұл өте аз. Демек, шөлді-шөлейті аймақтарға көшет отырғызып, желкілдетіп орман өсірсек жөн болмақ. Біріншіден, еліміздің экологиясы түзеледі, екіншіден, ағаш – үлкен пайданың көзі.⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
– «Байтақ» игі бастамалардың басы-қасында жүреді. Бастаманы көтеру бар да, орындалуын қадағалау бар. Нәтиже қандай?⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
– Партияның көтерген тың ұсыныстары баршылық. Біз қозғаған маңызды мәселенің бірі – ЖЭО-ларды газға көшіру жайы. Қандай құрылғылар керек екенін айттық. Өкініштісі, бас шұлғығаннан басқа, оны қолдап, демеп кетер билікті көрмедік. Тәуелсіздіктің елең-алаңында стратегиялық көп кенішті шетелдік компаниялардың қарауына беріп жібердік. Келісімшарттар шетелдік компаниялардың мүддесіне орайластырылды. Ел мүддесі шет қалды. Бірер ай бұрын осы мәселені көтердік. Қашаған, Теңіз және Қарашығанақ кеніштеріне байланысты жасалған келісімшарттар қайта қаралып, ел мүддесі бірінші орынға шығу керек деген шарт қойдық. Тіпті петиция да жарияладық.⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
Бір ғана Қашағанды алайық. Оны «ҚазМұнайГаз», «Eni», «Shell», «ExxonMobil», «TotalEnergies», «Қытайдың ұлттық мұнай газ корпорациясы» және Жапонияның «Inpex» мұнай-газ компаниясы игеріп жатыр. Осы кеніште өндірілген мұнайдан түсетін пайданың 2 пайызы ғана елде қалатын көрінеді. Қалғаны қайда? Әрине, әлгі алпауыттардың қалтасында. Бұл келісімшарт қалай жасалды? Үкіметтің не ойлағаны бар? Кезінде тәжірибе аз болды ма, келісімшарттар өте сауатсыз жасалды. Соның бәрін қайта қарау керек. Осы мұнай-газ кеніштеріне байланысты бастамаларымыз әзірге шешімін таппай жатыр.⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
– АЭС тақырыбы кеше немесе бүгін ғана емес, ондаған жыл бұрын көтерілді. Осы ретте атом энергетикасының экологияға әсерін түсіндіріп өтсеңіз?⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
– АЭС біздің елге керек. Ол жөнінде дау көтерудің қажеті шамалы. Тіпті қаржылық, экономикалық тұрғыдан да ұтарымыз көп. Ресей энергиясына тәуелділіктен құтылудың бірегей амалы да – осы АЭС. Тізбелесек, атом энергетикасының пайдасы көп, біріншіден, экологиялық таза, екіншіден, тиімді, қауіпсіз, үшіншіден, уран өзімізде өндіріледі, тек маман даярлай алсақ болғаны.⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
Қазірдің өзінде елімізде электр қуатының жетіспеушілігі аңғарыла бастады. Бұрынғы тоқтап қалған көптеген зауыт-фабриканы, өндірістік кәсіпорындарды қайта жандандыру үшін энергия қажет. Бүгінде әлемнің 31 елінде, жалпы қуаты 391 ГВт болатын 439 реактор жұмыс істеп тұр. Бұған қосымша тағы 52 реактор салынып жатыр. Осының бәрін есепке алсақ, АЭС салудың қажет екенін бағамдаймыз. Әрі біз көмір¬тегі бейтараптығына қол жет¬кізу бойынша міндеттеме алып отырмыз. Демек, алдағы уа¬қытта көміртексіз өндірісті дамы¬туға тиіс¬піз. Сол себепті парниктік газ шыға¬ратын сектор үлесін қысқартып, атом энергетикасына көшу аса маңызды. Бұл – экологияны сауықтыру жолындағы игілікті қадам.⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
– Рахмет!⁣⁣⠀
⁣⁣⠀

Әңгімелескен –⁣⁣⠀
Нұрбай ЖОЛШЫБАЙҰЛЫ,⁣⁣⠀
«Egemen Qazaqstan»

Маңызды шешім

Пятница, 13 Сентябрь 2024 07:23

WhatsApp Image 2024-09-13 at 12.22.48ХХІ ғасыр жылдамдық заманы, әлем өзгеріс үстінде... құндылықтар мен талаптар жаңаша көзқарастар негізінде қалыптасуда. Жаһандық өзгерістер мен даму ағымында қатар жүру үшін біздің мемлекет те шешуші қадамдарға бет бұруы қажет.

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы үшін атом электр станциясын салу мәселесі өзекті болып отыр. АЭС салу әлемдік тәжірибе растап отырғандай, перспективті бағыттардың бірі.

Қазақстан экологиялық энергия көздеріне мұқтаж. Өздеріңізге мәлім, бүгінгі таңда күнделікті тұрмыста да электр қуатына деген тәуелділік артып отыр.

АЭС жобасы Қазақстан экономикасының көптеген салаларына серпін беріп, импортты азайтып, энергетикалық тұрақтылыққа, білікті жұмыс орындарының ашылуына және ядролық физика бағытындағы ғылыми-зерттеудің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Өз кезегінде энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде өзекті.

Қазақстанға АЭС салу мәселесі 90-жылдардан бері күн тәртібінде тұрған тақырып. АЭС құрылысын бастап, жүйеге салу да уақытты талап етеді. Шамамен, он жылға жуық уақытты алатын құрылыс оңай басатама емес екені де рас.

Мемлекетіміздің ықпалын арттыру жолында, экономикамызды құлдыратып алмау үшін электр энергиясы, атомдық таза энергия қажет. Мұны бүгінде барлығымыз біліп отырмыз. Сол себепті де 6 – қазан күні бірауыздан барлық қазақстандықтарды референдумға қатысып, дұрыс таңдау жасауға шақырамын.

 

Сәуле Рысбаева

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы
Мемлекеттік басқару академиясының
Шымкент қаласы бойынша филиал доценті,
саяси ғылымдар кандидаты

АПВ – ға қарсы вакцинациялау

Пятница, 13 Сентябрь 2024 07:19

Адам папиломасы вирусы (АПВ) – бұл теріні және дененің әртүрлі бөліктерінің шырышты қабаттарын зақымдайтын вирустар тобы. Вирус жылдам таралуға қабілетті және ол қатерлі ісік дамытуымен қауіпті. Біздің елімізде жатыр мойны обыры барлық жастағы әйелдер арасында сүт безінің обырынан кейінгі кең таралған обырдың екінші түрі болып табылады. Жыл сайын Қазақстанда жатыр мойны обыры ауруымен 1900 - ға жуық әйел тіркеліп, 600-ден астам әйел бір жылда осы патологиядан көз жұмады.

АПВ вирусы адамға келесі жолдармен беріледі:

  1. Тұрмыстық жанасу жолымен: қол алысу, сүйісу, терідегі зақымданулар арқылы беріледі. Сондықтан қоғамдық орындарда - сауна, монша, бассейн, спорт залдарда адам өзін ұқыпты ұстауы қажет;
  2. Жыныс жолымен;
  3. Тікелей жолмен туу кезінде вирус анадан сәбиге оның босану жолдарымен өту кезінде беріледі;
  4. Өзіне –өзі жұқтыру: қырыну немесе эпиляция кезінде дененің бір бөлігінен екінші бөлігіне ауысады.

Бүгінгі таңда АПВ емдеу жолы жоқ. Оның бірден-бір алдын алу әдісі – бұл вакцинация. Адам папилломасы вирусына қарсы вакцина 15 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылады және Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменстан елдерінде, дүниежүзінің 135 мемлекеттерінде қолданылып жатыр.

Біздің елімізде 2024жылдың қыркүйек айынан бастап 11 жасар қыз балаларға АПВ – ға қарсы вакцинация жүргізіледі. Вакцина мектептерде немесе мекен-жайы бойынша тіркелген емханаларда екпе кабинеттерінде тегін жасалады.

Вакцинацияға қарсы көрсетілімдер болмаса, дәрігердің қарап тексеруінен кейін ата - ананың немесе қамқоршыларының ақпараттандырылған келісімімен жүргізіледі. 6 ай өткен аралықта екінші рет қайта егіледі. Вакцина салғаннан кейін иньекция орнының ауырсынуы, қызаруы, болмашы қызба сияқты ағзаның жеңіл түрдегі реякциясы болуы мүмкін Әдетте олар бірнеше сағаттан бір күнге созылуы мүмкін.

 

ШЖҚ «№1 қалалық емхана» МКК-ның
бөлім меңгерушілері:

Кенесова Зульфия Бахтияровна және
Жақсылық Қуандық Асанұлы

Қазақстан әрқашан өзін әлеуметтік бағдарлы мемлекет ретінде танытып келгені баршаға аян. Табысы төмен азаматтарды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар мен асыраушысынан айырылғандарды, көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жан-жақты қолдау – әр уақытта мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып келеді.

aesPa

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков аудан әкімдері және басқарма басшыларымен бірге қаланы жаяу аралап, көше мен аулалардың санитарлық жағдайын тексерді. Атап айтқанда, Темірлан тас жолы, Жандосов, Адырбеков, Рысқұлов, Жібек Жолы көшелері және БМК каналы, Түркістан (БАМ) шағын ауданы, 18-ші шағын аудан, Мирас және Шапағат шағын ауданындағы санитарлық жағдаймен танысты.

saxaR

Страница 33 из 922