ШЫМКЕНТТІҢ ӨНЕРКӘСІБІН ҮЛКЕН ӨЗГЕРІСТЕР КҮТІП ТҰР Избранное

Среда, 21 Август 2024 05:51 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 185 раз

Бүгінгі таңда Шымкент қаласының өнеркәсіп пен инновациялық дамуы 7 индикатор бойынша жүзеге асып жатыр. Бұдан бөлек шаһардың әлеуметтік өркендеуін қамтамасыз ететін басқа да индикаторлар бар. Оның ішіндегі ең маңыздысы өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемін арттыру. Жоспарға сәйкес биыл өнеркәсіп саласында 1 трлн теңгеден астам сомаға өнім шығару көзделіп отыр. Биылғы 3 айдың өзінде 200 млрд теңгеден астам өнім өндірілді. Жалпы, мегаполисте 885 кәсіпорын бар. Оның 20-ы ірі саналады. Елуге жуық кәсіпорын орта санатқа жатса, қалғаны кіші өндіріс орындары.

shymkent-city

 

Негізгі капиталға салынатын инвестицияны биыл 275% арттыру жоспарда бар. 2016 жылдан бастап мегаполисте дәрі-дәрмек, медициналық бұйымдар өндірісі қарқын алған. Ең ірі «Химфарм» зауытынан бөлек «Тассай» индустриалды аймағында медициналық заттар шығаратын кәсіпорындар ашылған. «Экофарм Интернешнл» компаниясы да қазіргі таңда осы саладағы ірі кәсіпорын қатарына кіреді. Сонымен бірге өзбекстандық инвесторлардың қатысуымен ашылған «Дента Фил» өндіріс орны да өз ауқымын кеңейтіп жатыр. Компания биыл екінші жобасын іске асырмақ. Биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанға ресми іс-сапармен барып, бірнеше маңызды келісімдерге қол жеткізгені белгілі. Осы орайда қазақ-өзбек бірлескен жобалары қанатын кеңге жаяды деген үміт бар. «Дента Фил» компаниясы соның жарқын мысалы.
Жергілікті әкімдіктің ендігі міндеті орта кәсіпкерліктің экономикадағы үлесін 10% асыру. Былтыр өнеркәсіп саласында 1 трлн теңгенің өнімі өндірілген. Биыл жоғары атап өткендей бұл көрсеткішті 1.1 трлн теңгеге жеткізу мақсаты тұр. Соның ішінде өңдеу өнеркәсібінің үлесі – 825 млрд теңге.
Қала әкімдігі инвестиция бағытында көп жұмыстар атқарып жатыр. Әсіресе соңғы 5 жылда мегаполис экономикасына өте көп мөлшерде инвестиция тартылды. Шымкент өз алдына республикалық қала мәртебесін алғалы инвестиция құю көрсеткіші 3 есеге артқан. Мәселен 2019 жылы мегаполистің инвестициялық даму көрсеткіші 195 млрд теңгені құраса, былтыр 700 млрд теңгенің үстінде инвестиция жұмсалды. Биылғы меже 900 млрд теңгеден асыру болып отыр. Осы жылдың 3 айының өзінде 100 млрд теңгенің инвестициясы тартылып үлгерді. Инвестициялық қаражаттың негізгі бағыттары шағын және орта кәсіпкерлік, сонымен бірге индустриялды аймақтардағы жобалар болып табылады. Одан бөлек туризм, көлік, білім салаларына да инвестиция бағытталып жатыр.
Негізінен қалалық өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы 2024-2028 жылдарға арналған инвестициялық пулды қалыптастырды. Оған 219 инвестициялық жоба кірсе, олардың жалпы құны 1.7 трлн теңгеге тең. Соның аясында 31 мың жаңа жұмыс орындарын құру жоспарланған. Биыл инвестициялық пул шеңберінде 260 млрд теңгеден астам қаражатты құрайтын 64 жобаны іске асыру межеленіп отыр. Өз кезегінде инвестиция өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, денсаулық, көлік секілді салаларға бағытталады.
Өңдеу өнеркәсібін жүзеге асыруға орай алдағы уақытта 114 жоба іске қосылады. Олардың жалпы сомасы 500 млрд теңдеген асады. Осының аясында машина құрастыру, жеңіл өнеркәсіпті дамыту шаралары қолға алынбақ. Айта кету керек, жеңіл өнәркәсіп бойынша қалада арнайы экономикалық аймақ бар. Қазір оның толымдылығы 85-90% жетті. Биыл өңдеу өнеркәсібіне арналған жобалар ішінен 16 кәсіпорын ашу мақсаты қойылып отыр.
Бүгінгі таңда Шымкентте қытайлық әріптестермен бірлесіп атқарылып жатқан жобаның бірі керамикалық тақталар өндірісі. Кәсіпорын ғимаратының құрылыс жұмыстары бітуге таяу қалды. Биыл жыл соңына дейін іске қосылады деп отыр. Ол үшін арнайы «Жұлдыз» индустриалды аймағынан жер учаскесі бөлініп, тиісті инфрақұрылымдары тартылды.
Осы жылы сәуір айының соңында Шымкентте фьюсти алкогольсіз сусынын шығаратын кәсіпорын іске кіріседі. Маусым айында осы өндіріс орнынан кока-кола сусыны шығарылатын болады. Көлік-логистикалық аймағында орналасқан бұл кәсіпорын трансұлттық компания қолдауымен ашылмақ. Мұнда негізгі инвесторлар түрік ағайындары. Былтыр наурызда басталған құрылыс жұмыстары бір жылдан астам уақытқа созылып, қазір аяқталу үстінде.
Сондай-ақ «Жұлдыз» индустриалды аймағында ресейлік инвесторлардың қатысуымен тұрғын үй құрылыс комбинаты бой көтеріп жатыр. Құрылыс жұмыстары 50% аяқталды. Келешекте тұрғын үй құрылыс комбинаты үй құрылысына қажетті панельдер шығарады. Оның көмегімен 1 күнде 3 қабатты тұрғын үйді салуға мүмкіншілік туады. Бұл комбинат құрылыс саласында өте маңызды жоба саналады. Өйткені мегаполис аумағында жылдан-жылға халық өсіміне қарай көпқабатты тұрғын үйлер құрылысы қарқын алып келеді. Үй кезегінде тұрған халықтың сұранысын қанағаттандыру үшін баспана құрылысының жылдам іске асқаны қажет. Сонымен бірге панельді үйлер сейсмикалық тұрғыдан да қауіпсіз баспана түріне жатады.
Мегаполисте шұлық өндіретін «Әлем-БТ» компаниясы өнім ассортиментін көбейту мақсатында инвестиция тартып, екінші жобаны іске асырмақшы. Осы орайда бүгінгі таңда жаңа өндіріс ошағының құрылысы жүргізіліп, жыл аяғына дейін бітеді деген жоспар бар. Екінші жобаны жүзеге асыруға құйылған инвестиция 6.5 млрд теңгені құрайды. Бұдан өзге газоблок, темір-бетон өнімдері мен химия саласында сутегі пероксиді өндірісіне инвестиция салынып жатыр.
Өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ермек Тұрмановтың айтуынша 2028 жылға қарай түрік инвесторларымен бірлесіп аумағы 500 гектар, жалпы сомасы 300 млрд теңгені құрайтын ең ірі өнеркәсіптік жылыжай құрылысын бастау жоспарда тұр. Аталған түрік инвесторлары биылдың өзінде 100 гектар жерге жылыжай салып, оның құрылысын осы жылдан қалдырмай аяқтауды көздеп отыр. Осы мақсатқа орай қалалық әкімдік «Бозарық» индустриалды аймағынан 200 гектардан астам жер учаскесін ұсынған.

Ә.НҰРЖІГІТҰЛЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.