Мұғалім күннің құдіретті сәулесі іспетті Избранное

Пятница, 23 Август 2019 04:41 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 714 раз

Үшінші мегаполисте жаңа оқу жылында төрт жаңа мектеп пайдалауға беріліп, бір білім ошағының қосымша құрылысы аяқталады. Бұл жағымды жаңалық «BILIM jane GYLYM» атты педагогикалық тамыз кеңесінде айтылды. Кеңеске Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов, ҚР Білім және ғылым министрлігі Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының төрағасы
Жамбыл Жылбаев, білім саласының қызметкерлері мен ардагер-ұстаздар қатысты.

396

 

Ерлан Айтаханов ұстаздарын қауымын жаңа оқу жылымен құттықтай отырып, білім саласындағы өзекті мәселелерді шешудің жолдарын кеңесте бірге талқылады.
–Тұңғыш Президент Н.Назарбаев тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан бастап ұстаздарға шексіз қамқорлық көрсетіп, әрдайым білім саласын дамытуға жағдай жасады. Елбасының сарабдал саясатын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев асқан ілтипатпен жалғастыруда. Бүгінде ұстаз қауымына жүктелген жауапкершіліктің салмағы да аз емес. Әлемдік білім бәсекесінде топ жарып шығатын, қабілетті ұрпақ тәрбиелеу - ұстаздардың үлесіне тиген міндет. Ал биылғы жаңа оқу жылы мемлекеттік орта мектептер жан басына қаржыландыру жүйесіне өтуімен ерекшеленеді. Бұл білім ұйымдарында ашық бәсекелестікті қамтамасыз ететін болады, – деді қала басшысы.

401

 

Шымкентте жалпы 253 мемлекеттік, 445 жекеменшік мектеп бар. Биылғы жаңа оқу жылында 294 мыңнан астам оқушы білім алады. Ал олардың арасында бірінші сыныпқа баратын балалар саны - 25 350. Шымкент қаласы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Текебаева қаланың республикадағы үшінші қала мәртебесін алуы білім саласының дамуына септігін тигізіп отырғанын, бұл үшін 77 млрд теңгеден астам қаржы бөлінгенін атап өтті.

– Шымкентте 19 білім ұйымында балалар үш ауысымда білім алады. Биылғы оқу жылының жағымды жаңалағы 4 жаңа мектеп пен 1 мектептің қосымша құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек, өткен жылы 4, осы жылдың тамызында 2 жекеменшік білім мекемесі ашылды. Бұл оқушы орнының тапшылығы мәселесін жүйелі шешуге септігін тигізуде, – деді А.Текебаева. Қаланың бас ұстазының айтуынша, биыл мектеп бағдарламасына жаңа пәндер енгізіледі. Атап айтқанда, 10 сынып оқушылары графика және жобалау, кәсіпкер және бизнес, алғашқы әскери дайындық және технологияға дайындық пәнін меңгереді. Және де 7 сынып оқушыоарына тұңғыш рет шымкенттік мұғалімдер дайындаған «Өлкетану» пәні де оқытылады.

397

 

ҚР Білім және ғылым министрлігі Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының төрағасы Жамбыл Жылбаев жүйедегі өзгерістермен таныстырса, жаңаша білім беру жүйесінде еңбек етіп жүрген ұстаздар ұрпаққа білім берудің Z деп аталатын тың тәсілдері жайында әңгіме қозғады.
Ұстаздармен бас қосқан кеңесте қала басшысы Қ.Айтаханов ұрпақты рухани құндылықтарға жақындату мәселесін ортаға салып: «Жастарды «шет елдің әнін тыңдамасын» деген секілді шектеулермен тәрбиелеп, нәтиже шығара алмаймыз. Одан да жоспарлы түрде балабақшадан бастап мектеп қабырғасындағы оқушыларды ұлттық құндылықтарды негізге алып, тәрбиелейтін жоба жасайық. Бұған қоғам белсенділерін атсалысуға шақырамын», – деген ұсыныс айтты.

Басқосу қорытындысында қала басшысы білім саласындағы өзекті мәселелерді шешуде жауапты шенеуніктерге бірқатар тапсырма берді. Үш ауысымды мектептердің санын азайтуда кәсіпкерлерді тартуды, оқулықпен толық қамту мәселесін айта келіп, қалаға қосылған елдімекендердегі білім ошақтарының шалғайлығын айтып, оқушыларды тасымалдауды ретке келтіруді тапсырды. Сондай-ақ жол қауіпсіздігі, балалардың бос уақытын тиімді пайдалану, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мәселесін саралай келіп, республикалық маңызы бар үшінші қалада білім саласын дамытудың үш жылдық тұжырымдамасын жасауды тиісті мамандарға тапсырды. 

Ұстаз мәртебесі, білім сапасын көтерумен қатар қала басшысы қадап айтқан тағы бір жәйт – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу.

– Мектепті - бизнес ошағына айналдыруды тоқтату қажет. Оқушы формасынан бастап, алғыс хат алудың өзі пайдакүнемдікке айналып кеткен. Ұстазға – сатып алған алғыс қажет емес. Сананы өзгертейік, қоғам болып күресейік. Ұсыныстар болса, бірге жұмыс істеуге дайынбыз,– деді Е.Қуанышұлы.
Тамыз конференциясы аясында білім саласында үздік жетістіктерге жетіп, біліктілігімен ерекшеленген бірқатар ұстаздар министрліктің және қала әкімінің алғыс хатына ие болды.
...Ия, ұстаздарға қандай құрмет қошемет көрсетсек де, артық емес. Себебі, олар қоғамның шамшырағы. Орыстың ұлы классик-педагогы К.Д. Ушинскийдің сөзімен айтсақ, «Мұғалім — зор тұлға, ол күннің құдіретті сәулесі іспетті».

Кеңестен кейінгі ой

398

Әділбек Жанәділұлы,
Индустриялды-техникалық колледждің оқытушысы:

– Ұстаздың еңбегінің бір жемісі - «Ы.Алтынсарин атындағы» төсбелгіне ие болуы. Сондай үлкен мәртебеге ие болғаныма қуаныштымын. Бұл жұмысымызға шабыт береді, мерейімізді өсіреді. Ұстаз мәртебесіне келсек, Президент Қасым-ЖомарТоқаевтың Елордада өткен тамыз кеңесінде білім жүйесіндегі жеті мәселеге басымдық беруі үлкен сеңнің қозғалғанын айқындайды. Оның үстіне, алдағы жылы қабылданатын «Мұғалім мәртебесі» туралы заңның білім саласына өзгеріс әкелетіні анық. Соңғы жылдары кәсіптік және техникалық білім беруді дамытуға бетбұрыс жасалып жатыр. Оның дәлелі, Шымкентте 30 мыңға жуық студент осы салада білім алып жатыр екен. Ақпараттандыру заманында жаңа білім берудегі тың әдістер жайында тамыз кеңесінде айтылған әңгімелерден біраз ой түйдік. Расында «тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп текке айтылмаған. Бірінші кезекте, ұлттық құндылықтан, салт-дәстүрімізден нәр алған тәрбиені ұтымды қолданып, қолға алуымыз қажет. Бұл әр мұғалімге жүктелген міндет деп ойлаймын.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.