ОТАНДЫҚ ҒЫЛЫМДЫ ДАМЫТУДА ОҚУ ОРДАСЫНЫҢ ҮЛЕСІ ЗОР Избранное

Пятница, 08 Апрель 2022 03:09 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 3560 раз

Еліміздегі ғылым аға буынның мол тәжірибесі мен жас толқынның креативті ізденімпаздығы нәтижесінде қарқынды даму әлеуетіне ие. Салаға жауапты Білім және ғылым министрлігі тарапынан қалыптасқан әлеуетті одан әрі дамыту, заманауи жаңа білім шығаратын іргелі ғылым ордаларын ортаға шығару және ел экономикасына әсер ететін күшке айналдыру мақсатында маңызды әрі уақтылы қадамдар жасалуда.

122

 

Атап айтсақ, «Ғылым туралы» және «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» екі заңнамаға өткен жылы бірқатар маңызды өзгеріс енгізілді. «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы бекітілді. 2021 жылы ғылымды қаржыландыру 2 есеге артты. Бұған дейін мерзімдік гранттар арқылы жұмыс істеген ғылыми зерттеу институттарына тікелей қаржыландыру тетігі енгізіліп, 2 500-ге жуық ғалым тұрақты жалақы алады. Ғылыми зерттеу институттарының сапасы Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы елдеріндегі инновациялық әлеуетті көрсететін сегіз негізгі көрсеткіштің бірі екенін айта кеткен жөн. Сонымен қатар, бұдан былай гранттардың мерзімі 3 жылдан 5 жылға ұзартылады. ҰҒК (Ұлттық ғылыми кеңес) шешімдерінің апелляция институты енгізілді. «Болашақ» бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өту үшін ғалымдарға 500 грант және «Жас ғалым» жобасы бойынша жас ғалымдарға 1000 грант бөлінді. Аталған шаралар еліміздің ғылымын қарқынды қадаммен алға жетелейтіні сөзсіз.
Отандық ғылымды дамыту үшін мемлекет тарапынан жасалған осындай келелі қадамдарға ОҚМПУ білім және ғылым ордасы ретінде өз үлесін қосуда. Оқу ордамызда, ең алдымен, ғылыми зерттеу экожүйесін қалыптастыру және инновациялық әлеуетті арттыру мақсатында университет стратегиясы толық жаңартылды. Ғалымдарымыздың ғылыми ізденістеріне қойылатын талаптар әлемдік тенденция және мемлекеттік нормативтік құқықтық актілерде белгіленген көрсеткіштер негізінде жетілдірілді. Ғылыми ізденісті ынталандырудың университет ішілік жүйесі енгізілді. Ғалымдарымыздың жалақысына 30% дейін үстеме қосылуда. Жыл сайын тағайындалатын әрі өсетін үстемақы ОПҚ-ның 10% тағайындалады. Оқу ордамыздың ғылыми портфелі толық жасақталып, практикалық қолданысы жоғары, іргелі әрі қолданбалы ғылыми зерттеулерді қамтитын 11 бағыт анықталды.
2021-2022 оқу жылында оқу орнымызда жалпы соммасы 110 млн теңгені құрайтын 5 ғылыми зерттеу және 280 млн теңге көлеміндегі ғылымды коммерцияландыру жобалары іске асырылуда. Ғалымдарымыз мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі бүлдіршіндерімізге білім беру, заманауи робототехниканы оқыту әдістерін жетілдіру, бағдарламалау дағдыларын арттыру және тб. маңызды практикалық қолданысы жоғары зерттеулер жүргізуде. «Болашақ» бағдарламасының 500 ғалым жобасы аясында университетіміздің 5 ғалымы жеңімпаз атанып, Англия, Германия, Чехия және Латвия елдеріндегі әлемнің жетекші зерттеу орталықтарында тағылымдамадан өтуде.
ЮНЕСКО мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда ғылыми зерттеумен шұғылданатындар саны әр 1 млн тұрғынға 798 адамды құрайды екен. Бұл – мемлекет алдында тұрған мақсаттарға жету үшін аз көрсеткіш. Салыстырмалы түрде, Оңтүстік Кореяда бұл көрсеткіш – 6 826, Ресейде – 3 075, Түркияда – 1 160, Өзбекстанда 501 адамды құрайды. Аталған елдердің ғылыми әлеуеті жақсы белгілі. Бұл тұрғыда университет ғалымдарымен қоса, жас зерттеушілердің ғылымға деген бетбұрысын арттыру мақсатында 2022 жылы ОҚМПУ-да «Ғылым жылы» болып жарияланды. Осыған орай, ғылымға бет бұру мақсатын қоя отырып, негізгі бағыттар – ғылыми кадрлар даярлау, қаржыландырылатын зерттеулер, коммерциализация, ғылыми жарияланымдар белсенділігін ынталандыру жұмыстары анықталып, 2022 жыл бойы 22 тренинг-семинар ұйымдастыру, ғылымды қаржылай қолдауға 22 млн теңге бөлу, 22 ғылыми зерттеу гранттарына өтінім секілді маңызды жұмыстар басталды.
2022 жылдың басында ғылым мен білімнің интеграциясына маңызды қадам жасалды. ҚР Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов
Алматыда өткен алқалы жиында жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары кадрлар даярлау, зерттеулер жүргізуі үшін бірлесе жұмыс істеуі тиіс деп, маңызды бастама жасады. Қазіргі таңда университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарының мүмкіндіктері мен ғылыми әлеуеттерін біріктіру аса қажет. Осы мақсатта Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті ҚР БҒМ А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі және ҚР БҒМ Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология, ҚР БҒМ
Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институттарымен ынтымақтастық туралы шартқа қол қойды. Осы келісімдер аясында университет магистранттары мен докторанттар іргелі ғылым ордаларында ғылыми-зерттеу практикасы мен тағылымдамадан өтетін болады. Оған қоса, академиялық кеңестер және симпозиумдар ұйымдаcтыру, ортақ ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу күн тәртібінде. Бұл тұрғыда алғашқы қадам ретінде 15 сәуірде оқу ордамызда ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтымен бірге ортақ халықаралық ғылыми конференция өтеді. Алқалы жиынға Түркия, Өзбекстан елдерінің және отандық жетекші ғалымдар қатысатын болады.
Еліміздегі ғылыми басылымдарға қойылатын талаптар да едәуір артты. 2021 жылы тиісті нормативтік құжаттарға кешенді өзгерістер енгізілді. Бұл тұрғыда университетте жарық көретін «ОҚМПУ
хабаршысы» ғылыми журналының жарияланым саясаты толық жаңартылып, талаптарға сәйкестендірілді. Жылда 4 саны жарық көретін журналды Scopus ғылыми метрикалық базасының талаптарына да сәйкестендіру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда комитет тізіміне енгізу үшін кешенді жұмыстар атқарылып, ұлттық сараптама орталығының мерзімдік шектеуіне байланысты күтіп отырмыз.
Сөз соңында алда келе жатқан 12 сәуір — Қазақстандық ғылым қызметкерлерінің күнімен барлық отандық әріптестерімді шын жүректен құттықтағым келеді. Ғалымдарымызға мол шығармашылық табыс, жаңа пікірлер, іргелі ғылыми жаңалықтар тілеймін. Бұл мереке – 8 наурыз бен әз Наурыздан кейінгі төл мейрамымыз. Айта кететін жайт, еліміздегі ғалымдарымыздың 52 пайызын әйелдер қауымы құрайды.

Гүлжан СҮГІРБАЕВА,
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.