«Тығырықтан жол тапқан» Избранное

Пятница, 05 Декабрь 2014 03:20 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4885 раз

шымкенттіктер «Елбасы жолы»
киноэпопеясының жаңа бөлімін тамашалады

photoҚазақ киносы тың туындымен толықты. «Елбасы жолы» кино-эпопеясының жаңа тарауы «Тығырықтан жол тапқан» фильмі көрерменге жол тартты.

Тұңғыш Президент мерекесінде тұсауы кесілген фильмнің жөні мүлдем бөлек. Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың балалық, жастық шағынан, жігіттік дәуренінен  сыр шерткен «Балалық шағымның аспаны» атты био-графиялық туындының жалғасы Елбасының «Әділеттің ақ жолы», «Ғасырлар тоғысында», «Еуразия жүрегінде» кітаптарының желісімен түсірілген. Жаңа туындының төртінші тарауы тұтастай Теміртауға арналған.  
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы жарыққа шығарған кино-эпопеяның төртінші бөлімі «Тығырықтан жол тапқан» фильмін шымкенттіктер «Мега Шымкент»  сауда орталығының кино залында тамашалады.  
Тарихқа көз жүгіртсек, президенттер, премьер-министрлер туралы дүниежүзінде талай фильм  түсірілді. Бірақ, бірде-бірі есімізде жоқ. Ал ұлт көшбасшысын  боямасыз суреттеген  шығарма көрермен көзіне жас, көңіліне нәзік күй сыйлады.
Қысқы кеш...Камин отына қарап отырған Елбасының алдында сарғайған «Правда» газеті жатыр. Киноның келесі кадры көрерменді  асқақ Алатаудың, жер жәннаты Жетісудың Үшқоңырдай келісті табиғатымен қауыштырады. Одан әрі жаңа үйілген төмпешік алдында өмірден өткен әкеге  құран бағыштап, бет сипаған ана мен бала...Ол Нұрсұлтан мен анасы Әлжан. Келесі сәт тағы да лаулап жанған от...Әлжан ананың әкесі Жатқанбай молдалық еткен мешітке имансыздардың от қоюын көреміз. Кино желісі біртіндеп қоюлана түседі. Әлжан ананың өткен өмірді еске алуы суреттеледі. Жаңа туындыда Түркісіб құрылысы, азаматтардың жанкешті еңбегі, Қазақстан Магниткасының қарқынды құрылысы да қамтылады. Киноэпопея арқылы көрермен дәуір тарихын айқын тани алады.

499193001078b098b0072166293a30b9 bigСценарий авторлары Елбасының өмір өткелдерін осылай  жан-жақты баяндайды. Ұлт көшбасшысының тағдырдың шырғалаңдарынан жол тауып, шарболаттай шыңдалған  өжеттілігі жұртшылықты бей-жай қалдырған жоқ. Табандылығы мен мол тәжірибесінің арқасында кездескен кедергілер мен қиындықтардан сүрінбей өтеді. Қаркомбинаттың партия хатшысы қызметінде жүріп, қысқа мерзім ішінде өндіріс орнын ең басты жұмыс орталығына айналдырғаны, қордаланып қалған мәселелерді шешкені, жүйелі де табанды еңбегі баяндалады. Жұмысшылар мүддесін қорғап, еңбек жағдайын жақсартуда Сұлтан батылдығымен қатар, мемлекет қайраткеріне тән қасиеттерімен де көзге түседі. Оның досқа адалдығы, айналасымен тіл тапқыштығы абыройын асқақтата түсті. Сан түрлі ұлт пен ұлыстың арасында белсенділігімен жетекшілікке жеткен  азаматтық болмысы  көрерменді еріксіз сүйсіндірді. Орда бұзар отызында Мәскеудің коммунистік партия штабында Саяси бюро мүшелерінің алдына мәселе қоюынан  жанқиярлығы мен еңбексүйгіштігі аңғарылады. Кейіпкердің жақсы ашылған қырларына қарап, бірде сүйсінесіз, бірде еріксіз езу тартасыз. Ялтаға демалуға барған Тихонды абайсызда қыдырып, артынан «сүйемін, сағындым, тез жет» деген жеделхатқа ашынған әйелімен татуластыруы, жұмыс ауысымына ішіп бармаған жолдасының орнын жоқтатпауы Нұрсұлтанның өткір бейнесін аша түсті. Әкесінің туған күніне біреуі сурет салып, біреуі тақпақ дайындап, ақыры күте-күте ұйықтаған Дариға мен Динараға жаныңыз ашиды.
Ең бастысы шығарманың тамаша эпизоды Нұрсұлтанның әкесі Әбіштің жігіт шағында Әлжан мінген пойызға жарыса шауып, Әлжан, менің жарым болшы деп айқайлайтын сәті... пойыздың алдын орап, қалыңдығын алып қайтатын тұсы көңілге жылылық ұялатады. Ал Нұрсұлтанның қалааралық сөйлесу пунктіне келіп, жары Сарамен сөйлесіп, Мәскеудегі есебі абыройлы өткенін айтып, артынан анасының өмірден өткені туралы қаралы хабарды естігендегі көңіл күйі көзіңе еріксіз жас үйіреді.
Кино режиссері мен сценарий авторы көрермен көңілінен шығуы үшін фильмде кәсіби шеберлікті пайдалана білген. Тіпті фильмнің атын қоюда да кино саласының майталмандары көп ізденіп, тер төгеді. Жастарға түсінікті тақырып болу үшін Елбасының еңбектерімен қайта танысады. «Тығырықтан жол тапқан» деген атауға ұқсас бір бөлімнің тарауына көз түседі. Ол еңбекте Елбасының тығырықтан жол табуға тырыстым деген шын талпынысы, қайраткерлігі суреттелген тұстары бар екен. Сөйтіп бұл атау Елбасының бастан өткерген қиындықтарын, күш-қуатын бейнелеуге арқау болады. Режиссер Рүстем Әбдірашевтің мәлімдеуінше, бұрын кейіпкер жастықтың лебімен өзгеше мінезде, өзгеше атмосферада болған болса, төртінші бөлімде өмір жолы оны салмақтандыра түседі.  
put-lidera-5-290x290Үш айға созылған фильмнің түсіру жұмыстары Қазақстан және Ресей елдерінде жүргізіліпті. Ал негізгі бөлігі Қарағанды, Теміртау қалаларында, сондай-ақ Алматы, Астана және Мәскеу қалаларында ұйымдастырылған. Оның ішінде Ресейдегі Кремьл, Қызыл алаң, Зил зауыты, Ресей мемлекеттік кітапханасы, Қазақстандағы «Арселор Миттал Теміртау», Теміртаудағы мәдениет сарайы қамтылған. «Тығырықтан жол тапқан» фильміне музыка жазған қазақстандық талантты композитор – Әбілқайыр Жарасқан. Ал заманның бітім-болмысын, индустриалды Қазақстанды және барлық инфраструктураны дәлме-дәл көрсету үшін еліміздің белгілі суретшілері – Сәбит Құрманбеков, Өмірзақ Шманов арнайы шақырылған. Сол дәуірдегі көріністерді айқын ашып көрсету үшін шығармашылық топ жоғары деңгейде жұмыс істеген. Сол заманға сай костюмдер тігіліп, интерьерлер мен декорациялар жасалған.
Сұлтан бейнесін жасаған – Нұрлан Әлімжан фильмде тағы да өзінің киноактер ретінде қалыптасқанын көрсетті. Елбасының өмір өткелдеріндегі жолдарын шынайы көрсете білді. Алайда актер тарихи тұлғаны ойнауда, бойында түрлі толғаныстар мен толқулардың болғанын айтады. Өзін басқа қырынан көрсету керек болғандықтан Нұрлан салмақты, ұстамды мінезді қалыптастырады. Актерге мыңдаған адам арасынан Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлін сомдау бақыты бұйырды.
– Елбасының өмірінде болған түрлі оқиғалар мен жағдайларды өз басыңнан өткергенде тіл жетпес әсерде боласың. Кейіпкерімнің бейнесін тек сырттай ғана көрсетумен шектелмедім. Ол кісінің ішкі жай-күйін өз басымнан өткергендей, жан дүниесін терең ұғынуға тырыстым. Фильмнен кейінгі уақыт менің өмірімнің ұмытылмайтын қымбат сәттеріне айналды, – дейді
Н. Әлімжан БАқ өкілдеріне берген сұхбаттарының бірінде.  
Киноның негізгі құрамында 20 актер, эпизодтық рөлде 30, ал көпшілік түсірілімде 2000-ға жуық актер жұмыс істеді. Сондай-ақ ресейлік Валентин Гафт, Евгений Сидихин, Владимир Стеклов, Евгений Стычкин, Виктор Сухоруков сынды актерлер де кейіпкерлерді сомдады.
Көрермен екі сағатқа жуық фильмді тапжылмай отырып тамашалады. Жаңа туынды адамға ерліктің бәрі еңбекпен келетінін ұқтырды. Егер қарапайым қазақ баласы күнді түнге, түнді таңға ұрып жұмысқа араласпаса, мұндай жетістіктің біріне де жетер ме еді?! Ерлік елдікке, елдік бірлікке бастайтындығын «Тығырықтан жол тапқан» фильмі тағы бір айқындай түсті. Ұлт көшбасшысының еңбекқорлығы мен тыным таппайтын қасиеті жастайынан қалыптасқанын ашып берді. Көрген жанға ой салып, ерекше әсерге бөлейтін Елбасының сан қырлы еңбек жолы барлық қазақстандықтарға үлгі бола алады.

 

 

Последнее изменение Пятница, 05 Декабрь 2014 03:42
Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.  

Другие материалы в этой категории: « Елбасы еңбегi – жастарға үлгі Үздік фотограф »