ӨНЕР КӨККЕ ЖЕТКІЗЕР ЕРЕКШЕ ӨРЕНДЕРДІҢ ӨНЕРІН ПАШ ЕТКЕН ФЕСТИВАЛЬ Избранное

Пятница, 21 Октябрь 2022 04:47 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 5065 раз

Көрме орталығында ерекше қажеттілігі бар балалар мен жасөспірімдерді қолдау мақсатында «Кездесуге қадам» күзгі шығармашылық фестивалі өтті. Дарынды жандардың ерекше өнерін паш еткен фестивальге Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысып, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

600

 

– Талантты балалардың қолынан шыққан туындыларды көріп, ерекше әсер алдым. Балалар жылында айтулы шығармашылық фестиваль ұйымдастырылып отырғанына қуаныштымын. Шығармашылық пен ізденіс жас өскіннің дүниетанымын жан-жақты дамытуда үлкен рөл атқарады. «Кездесуге қадам» жасап, ұйымдастырып отырған қоғамдық ұйымдарға, атсалысқан білім ұйымдарына, ата-аналарға алғыс білдіремін. Шымкент қаласының әкімдігі әрдайым Сіздердің бастамаларыңызды қолдайды, – деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен және «ARMAN ALANI» Қазақстан коалициясының ұйымдастыруымен өткен іс-шараға Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты арнайы ұйымдар, кәсіптік колледждер мен инклюзивті сыныптар атсалысты. Ә.Қастеев атындағы өнер колледжі мен Шымкент қалалық жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің студенттері өздерінің қолөнер бұйымдарын қайырымдылық көрмесіне қойып, ерекше балалар үшін шеберлік сағатын жүргізді. Бірі сыршырай жанрында қылқаламмен сурет бояса, бірі ермексазбен түрлі ертегі кейіпкерлерінің мүсінін жасады. Ал Оқушылар сарайы мен Саз колледжінің шәкірттері қазақтың көркем күйін шертіп, әсем әннен шашу шашты, кештің сәнін кіргізді. Сондай-ақ, танымал киім дизайнерлері ұлттық және салтанатты киімдердің дефилесін өткізді.
– Фестиваль Шымкент қаласы әкімдігінің, Азаматтық Альянс, Шымкент қалалық іскер әйелдер кеңесінің қолдауымен ұйымдастырылды. «АРДА», «JanBota», «Рахмет, саған, Анашым», «I am Bala», «Bambini» оңалту орталықтарынан 150-ден астам бала келді. Алдағы уақытта бұл фестивальді жыл сайын дәстүрлі түрде өткізетін боламыз. Қолөнер шеберлері мен колледж студенттері өз бұйымдарын қайырымдылық мақсатында сатылымға шығарды. Одан түскен қаржы ерекше балалардың қажеттілігіне, еміне жұмсалады, – деді А.Қарабеков атындағы оңалту орталығының директоры Ф.Бакибаева.
Бүгінде Шымкентте 143 мектепте ерекше қажеттілігі бар балалар үшін жағдай жасалған. Қаладағы 88 жалпы білім беретін мектепте 829 бала инклюзивті білім алса, 9 мектепте ашылған 59 арнайы сыныпта 471 оқушы оқиды. Солардың бірі —
Ш.Уәлиханов атындағы №18 жалпы орта білім беретін мектепке қарасты арнайы сыныптар. Сынып тәрбиешісі Мейрамгүл
Әліпованың айтуынша, арнайы сынып оқушылары күнделікті таңғы сағат 8:30-дан кешкі 17.00-ге дейін білім алып, қосымша үйірмелерде қолөнер бұйымдарын жасауды үйренеді.
– Мектебімізде 18 инклюзивті сынып бар. Оның әрқайсысында 7-12 баладан білім алып жүр. Дәстүрлі дәріс барысында пән мұғалімдері, ал сабақтан тыс уақытта логопед, дефектолог мамандар мен үйірме жетекшілері, тәрбиешілер жұмыс істейді. Біз көрмеге өзіміздің оқушыларымыздың еңбектерін әкеліп отырмыз, – дейді тәрбиеші.
Аталмыш мектептің тарих пәнінің мұғалімі Ақдидар
Бижанованың айтуынша, бүгінде 51 педагог 126 оқушыға дәріс оқып жүр.
– 1990 жылы психологиялық, медициналық және педагогикалық орталық жанынан ашылған тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған коррекциялық сыныптар 2004 жылдан бастап Ш.Уәлиханов атындағы №18 жалпы орта мектепке өткізілді. Осы уақыттан бастап ерекше балалармен жұмыс істеп келеміз. Әр баланың өзіндік талпынысы, ерекшелігі бар. Біз балалардың қабылдауына қарай дәрісті бейімделген оқу бағдарламасы негізінде жеңілдетіп оқытамыз. Оқушыларымыз талантты, талапты, – дейді ол.
Айта кетейік, Шымкентте 5 арнайы мектеп-интернат жұмыс істейді. Аталмыш білім ұйымдарында 873 бала оқып жүр. Есту қабілеті бұзылған балаларға арналған интернат түлектерінің басым бөлігі қала колледждерінде бағдарламашы, тігінші мамандығы бойынша оқуын жалғастырып келеді.