Ұлы ғасыр тұлғасы

Пятница, 09 Январь 2015 04:26 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 5193 раз

Ғалым, академик Дінмұхаммед Ахметұлы көзі тірісінде-ақ ерен еңбегімен халықтың көшбасшысына айналды. Күллі қауымның «Димекең», «Димаш аға» деп еркелетіп атауынан-ақ көпшіліктің ізет-құрметін аңғаруға болады.

places view slider ee65ea3d96275153f954a341130bf3bfКөрнектi мемлекет және қоғам қайраткерi Дiнмұхамед Қонаевтың туғанына 103 жыл толып отыр. Ұлт мақтанышына айналған тұлға қазақ халқын қиын-қыстау күндерiнде, қарама-қайшылыққа толы уақытында басқарды. Елдің әлеуметтiк-экономикалық саласының өсiп-өркендеуiне өлшеусiз үлес қосты. Мәдениетіміз бен әдет-ғұрпымызды жаңғыртты. Ғылымымызды дамытып, қазақтың болашағы үшін күресті.
Ғалым, академик
Дінмұхаммед Ахметұлы көзі тірісінде-ақ ерен еңбегімен халықтың көшбасшысына айналды. Күллі қауымның «Димекең», «Димаш аға» деп еркелетіп атауынан-ақ көпшіліктің ізет-құрметін аңғаруға болады. Дінмұхамед Қонаевтың басшылық қызметі Қазақстанның қарышты дамыған шағымен тұспа-тұс келді. Бір ғажабы, еліміз бұрын-соңды болмаған өрлеуді бастан өткерді. Алдымен білім саласы өркен жайды. Барлық облыс орталықтарында жоғары оқу орындары ашылды. Алматының өзінде көптеген оқу ордалары ел игілігіне берілді. Республика сарайы, ҚазМУ қалашығы, Арасан сауықтыру орталығы, Медеу спорт кешені, т.б. ірі ғимараттар бой көтерді. Соның негізінде қазақ халқы бұрын-соңды болмаған жетістіктерге қол жеткізді. Қонаевтың тұсындағы тарих ғылымы күрделі инфраструктурасы бар салаға айналды. Қазақстан тарихының 5 томдық академиялық басылымы жарық көрді. Көркем әдебиетіміз де өркендеді. Жас таланттардың есімі жарқырай көрінді. Ақын-жазушыларымыздың шығармалары шарықтау шегіне жетті. Осы тұста қазақ романдары көптеп жарық көрді. Ол басшылық қызмет атқара жүріп республикадағы тау-кен ісі, мұнай игеру, темір жол құрылысын дамытуға қомақты үлес қосты. Қазақстанда жаңа өнеркәсіпті аудандар қалыптасып, елде 43 жаңа қала мен ірі елді мекендер пайда болды. Оның ішінде, өнеркәсіп орталығы болып саналған Рудный, Екібастұз, Шевченко (қазіргі Ақтау), Никольский, Степногорск, Теміртау, Жаңатас, Кентау, Арқалық қалалары салынды.
Ауыл шаруашылығы қарқынды дамып, тың және тыңайған жерлер игерілді. Кеңшарлар мен ұжымшарлар ашылды. Мал саны көбейіп, ауыл шаруашылығының өнімдері жыл сайын артып отырды. Кемеңгер тұлға Қазақстанда неміс автономиясын құру, Маңғыстауды Түркiменстанға беру жөніндегі орталықтың ұсыныс-жоспарларына қарсы шықты. Қазақ үшін күн демей, түн демей еңбек еткен көрнекті қайраткер құрлықтың саясаткерлерін де таңғалдырады. Францияның елшісі, Қазақстандағы,  Фуко  Димекеңе келіп сұхбат алады. «Мынадай қиын кезде Қазақстанды болашақта қалай елестетесіз?» – деп сұрақ қояды. Димекең ойланып тұрып: «Бұл тығырықтан Қазақстан тез шығады. Өйткені, Қазақстан өте бай ел» деп жауап береді.
Кезінде Димекең өз еңбегінде: «Мен Қазақстанды қабылдап алғанда қазақ халқы 3 миллионға жетер-жетпес еді, ал мен биліктен кеткенде халықтың саны 7 миллионға жетті. Республиканың экономикасы 7-8 есеге өсті», – дейді. «Қиыншылық деген қиюы келмейтін іс емес» дейтін Қонаевтың кемеңгерлігі мен іскерлігін ел жоғары бағалады. Сондай-ақ Қонаевтың салиқалы саясаты кезінде интернационалдық қарым-қатынас орнатылып, халықтар достастығы нығая түсті. Аты аңызға айналған тұлға Дінмұхаммед Ахметұлының өмірден өтсе де оның еңбектері бүгінде халық игіліне қызмет етуде. Дінмұхаммед Ахметұлы қазақ елінің дамып, көркеюіне сүбелі үлес қосқан кемеңгер тұлға ретінде ел жүрегінде мәңгілікке сақталады.

Қалтай РЫСБЕКҰЛЫ,
Педагог, библиограф,
журналист.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.