Қаламгердiң сырлы әлемi

Пятница, 09 Январь 2015 04:30 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 6213 раз

Уақыт неткен ұшқыр десеңізші... Қазақстан Жазушылар одағы және ОҚО Журналистер одағының мүшесі, жазушы  Амантұр Мұсаевтың өмірден өткеніне 4 жылдың жүзі болыпты. Әйтсе де, аймақтың журналистикасына сүбелі үлес қосқан қаламы қарымды журналистің есімін ел-жұрт  ұмытқан жоқ. Жазушының  90 жылдығына орай «Адалдық өмір өткелі» атты еске алу кеші өтті.

P1070095Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында ұйымдастырылған шараға қоғам қайраткерінің замандастары мен қаламдас жолдастары, шәкірттері және туыстары қатысты.
Есімі Оңтүстік өңіріне ғана емес, елімізге кеңінен танымал Амантұр Әбішұлы алғашқы еңбек жолын 1941-1942 жылдары Шымкенттегі Крупская атындағы екіжылдық мұғалімдер дайындайтың мектепте оқып жүріп, лаборант болып бастайды. Кейін қазақтың ұлтжанды азаматы, журналист Әлім Тұяқбаевтың кеңесімен аймақтың бас басылымы «Оңтүстік Қазақстан» газетінде әдеби қызметкер болып қабылданады. Ол журналистік қызметіндегі алғашқы ұстазы, зиялы азамат Әділбай Омаровтан тәлім-тәрбие алып, журналистиканың қыр-сырын меңгереді. Басылымда 10 жылдан астам есімі елге белгілі Тәкен Әлімқұлов, Уәлихан Сүлейменов, Әсет Тілеукеев, Әмірсейіт Әлиев сынды азаматтармен қызметтес болады. Жұмысына ұқыпты, тапсырманы бұлжытпай орындайтын Мұсаев тілші, жауапты хатшының орынбасары, аудармашы қызметін атқарады. Оның журналистік шеберлігі басылымда жаңа қырынан танылды.
Амантұр Әбішұлы зейнетке шықса да, қол қусырып отырмады. Журналистика саласынан алыстамай, жанына жақын тұтты. Қызығы сол, Амантұр Әбішұлының жазушылық қыры жетпіске келгенде ашылды. Қаламгер алғашқы «Ой-хой, заман-ай!» деген деректі әңгімелері мен эссе, ғибарттарын ел ағалары мен иманды азаматтарға арнайды. Ал, 30 жылдардағы қасіретті оқиғаны баяндаған «Бір үзім нан» әңгімесі оқырманды ерекше әсерге бөлейді. Сонымен қатар, «Рәтәй», «Мұхтар-Мұхит», «Тағылым», «Қырық ғибрат» атты 4 кітап жазды. Әсіресе, қаламгер үшін құндылығы жоғары, тағылымы терең шығарма «Мұхтар-мұхиттың» орны бөлек.
Атақ­ты ғалым, ұлы жазушы, академик Мұхтар Әуезовпен сапарлас болған журналист:
– «Бір кезде Мұхтар ұшқынының бір жарық сәулесі жылт етіп мені де шарпып өткені бар. Күні бүгінге дейін сол сәуледен рух аламын», – деп тебіренеді. Боямасыз, шынайы еңбек оқырман тарапынан жоғары бағаланады. Ал, ұлы академик Мұхтар Әуезов Амантұр Мұсаевтың әсерлі әңгімесіне, іскерлігіне сүйсініп, өз шығармасына арқау етеді. Амантұр ақсақалдың жазушылық ерекшелігі мен шығармашылық табысына жазушы Мархаббат Байғұт «Жетпіске келген жас жазушы» деп мақала жазып, әзілмен орынды пікір айтады.
Еске алу кешінде қаламгер, ардагер-журналистер табиғаты таза, рухы биік ақсақалдың еңбек жолы мен шығармаларын тебірене сөз етті. Үзеңгілес інілері мен туыстары ағынан жарылып, естелік-әңгіменің тиегін ағытты. Шара соңында жиналған қауым жазушының шығармашылық кезеңдерін баяндайтын фотосуреттері мен еңбектері қойылған көрмені тамашалады.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.