Ардагерге құрмет – ұрпаққа мiндет

Пятница, 16 Январь 2015 04:44 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4013 раз

Еңбекші ауданының әкімі Ғалымжан Ильясов Ұлы Отан соғысының ардагері Қамбаров Хасан Шәріпұлының шаңырағына барып, туған күнімен құттықтады. Хасан ақсақал қаңтардың 9-ы күні 90 жасқа толды.

DSC 0886Аудан әкімі ардагерге шапан жауып, сый-сияпатын көрсетті. Бұл күні қарияның ұл-қыздары, немерелері мен шөберелері де Сайрам тұрғын алабындағы қара шаңыраққа жиналды.
Хасан Қамбаров 1925 жылы Сайрам ауданында дүниеге келген. Әскерге 1942 жылы Ташкент қаласынан Мәскеуге аттанған. Онда пулеметшілер курсын оқып,  Балтық жағалауында, 1945 жылы Қытайдың Маньчжурия облысында әскерде болады. Тіпті, Жапонияның Харбин қаласына дейін жетеді. Ал, 1948 жылы Шымкентке оралды. Араға төрт жыл салып, Ленинград қаласында технолог мамандығын оқып келеді. Сөйтіп, Шымкенттегі аяқ-киім қоймасында меңгеруші, кейінірек, құрылыста монтаждаушы болып, зейнетке шыққан.
– Ұлы Отан соғысының 70 жылдығы келе жатыр. Сол күнге аман-есен жетейік! Біз қиындықты көп көрдік. Ендігі тілек- ұрпағымыз ондай сұм соғысты көрмесін. Жастарымыздың ғұмыры ұзақ болып, жұмыстары алға баса берсін. Отбасында әрқашан береке мен тыныштық болсын, – деп Хасан қария өзін құттықтап келген қауымға батасын берді. Хасан Қамбаров  екі ұл мен екі қыз тәрбиеледі. Олардан он немере, үш шөбере көріп отыр. Бұл әулеттен тараған ұрпақ атасын мақтан тұтады. Еңбекші ауданының әкімдігі қалалық «Нұр Отан» партиясы мен аудандық ардагерлер кеңесімен бірлесіп, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай өткізілетін іс-шаралар тізімін бекіткен. Аудан әкімі Ғалымжан Ильясовтың айтуынша, ардагерлерге құрмет көрсету үшін облыстық мәслихаттың бірқатар депутаттары мен кәсіпкерлері қолдау көрсетуде аянып отырған жоқ.
– Мұндай іс-шаралар тек туған күн немесе мереке күндері ғана емес, барлық уақытта да жалғасын табатын болады. «Жас отан» жастар қанатының ұйытқы болуымен ардагерлердің өмірін, олардың ерліктерін жастарға насихаттау үшін жоғарғы оқу орындары мен мектептерде кездесулер өткізудеміз, – дейді аудан әкімі. Жалғызбасты қарияларымыздың үйіне барып, шаруасына көмектесуде. Осыған дейін екі ардагердің үйінде болып, туған күндерімен құттықтадық. Қазір Еңбекші ауданы бойынша 62 ҰОС ардагері бар. Оның 12-сі төсек тартып жатыр.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.