Бәйшешек – ғұмыр Избранное

Пятница, 10 Февраль 2023 04:10 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 1807 раз

Бәйшешек-ғұмыр. Жас қаламгер Жәмиля Бақтиярқызының тырнақалды туындысына арқау болған өз өмірі. Алланың берген сынағына сынбай, бәйшешектей бой тіктеп, өзі өткен жол өзгеге де үміт сыйласа деген ізгі ниет осындай туындының келуіне себепші болды.

1001

 

Шымкент қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханада жас қаламгер Жәмиля Бақтиярқызының «Бәйшешек.Күрес.Сенім.Жеңіс» кітабының таныстырылымы өтіп, кітапсүйер қауым автормен жүздесті. Кездесуге шымкенттік зиялы қауым өкілдерінен бөлек, «Үш қоңыр» республикалық әдебиет, мәдениет және өнер газетінің бас редакторы
Болат Батыр келді.
Таныстырылым барысында автор кітапты жазудағы басты мақсатына тоқталды.
— Өмір сынақтан тұрады, яғни Алла әр пендесіне өзі көтере алатын жүк береді. Алайда, сынақтың үлкен-кішісі жоқ. Тек сол сынақпен күрес жолы бар. Дегенмен, басына сынақ түскен жанның бәрі өзі өткен жолды қағазға түсіріп, кітап жаза бермейді. Бұл кітаптың жазылуына менің тағдырымнан бөлек, ата-анамның қолдауы, өмірге құштарлығым және мендей күрескер жандарға демеу беріп, ынталандыратын құрал болса деген ізгі ниет түрткі болды. Жаспын, өмірден үйренерім көп. Алайда, ата-анамның, аяулы әжем мен марқұм атамның «Адал бол. Әділ бол. Жаратушының әр пендесіне жүрегің кең және жаның таза болсын» деп өсиет еткен өнегелі сөздері менің өмірлік ұстанымыма айналып отыр, - дейді Жәмиля Бақтиярқызы.

1002


Әкесі Бақтияр Әлтайұлы бұл дүниенің ақ-қарасын ажыратып үлгермеген 10 жасар ойын баласының 20 жасқа дейін ауыр дертпен күрескенін еске алды.
— Он жасына дейін денсаулығына ешбір шағым айтпаған, ән салып, би билеп, домбыра тартуды ұнататын қызымыз кенеттен ауырып қалды. Жылдар бойы дертпен қанша күрессек те, алғашқыда дәрігерлір толық диагнозын қоя алмады. Ағзадағы иммундық жүйедегі бұзылыстардың салдарынан бет, мойындағы майда бұлшықеттер ұстамай қалды. Бес жылдай мектепке де бара алмады. 2016 жылы Астанаға Оңтүстік Кореядан дәрігерлер келіп, 5 сағатқа созылған күрделі ота жасалды. Жәмиля 2020 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқып жүргенде дәрігерлер қызымыздың дертінен құлан таза айыққанын хабарлады. Әуелі Аллаға, емдеген дәрігерлерімізге алғысымызды білдірдік. Дәл осы кезде Жәмиля 10 жылғы дертпен күресін, айналамыздағы дертті жеңуге себепші болған жандарға деген алғысын күнделікке жазып жүріпті. Жазбасымен танысқан соң, бұл еңбек басылып, өз оқырмандарына жол тапса деген ниетпен алғашқы кітабын жарыққа шығардық, - дейді әкесі.
Кітапқа «Өнер» баспасының директоры, жазушы Ә.Көпіш алғысөз жазып, «Бәйшешек» — тағдырмен жазылған кітап» деп бағасын берсе, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, атасы Н.Өнербаев «...Өмірге бәйшешектей бүр жарып қайта келдің, бақытты да баянды ғұмырыңда қарлығаш қанатың талмасын» деп ақ батасын берген екен.
Бүгінде жас қаламгердің туындысы қазақ, орыс, өзбек, ағылшын тілдеріне аударылып үлгерген. Орыс тіліне аударуға әкесі Бақтияр Әлтайұлы көмек берсе, өзбек тіліне театр сыншысы, журналист
Закиржан Моминжанов тәржімалаған. Қазақ тіліндегі нұсқасы 7000 таралыммен, өзге тілдердегі әр нұсқасы 1000 данадан шығарылыпты.
Жәмиланың анасы Ғалия кездесуден алған әсерімен бөлісіп, оқырман қауымның қолдауына алғысын білдірді.
— Бір жыл ішінде Алматы, Астана, Талдықорған қалаларында Жәмиланың кітабы таныстырылып, өз оқырмандарын тауып үлгерді. Алайда, бүгінгі кеш ерекше әсер қалдырып отыр. Кітапхана ұжымының кітаптан алған көрінісі қызымның 10 жыл бұрынғы күйін көз алдыма қайта әкелді. Әлі есімде, тамағына трубка қойып, барлық ас-суын сол арқылы ішкізіп жүрдік. Сонда бар айтқысы келгенін қағазға жазып жеткізетін. Жаны қиналғанда жүректен шыққан жыр шумақтарын да ауруханада жатып, қағазға түсіретін. Айлап ауруханада емделдік. Ана әрдайым перзентінің қасынан табылады ғой. Әуелі Алла, одан кейін әкесінің сөнбес үмітінің арқасында, туған-туыс, дос-жаранның демеуімен біз бүгінге жетіп отырмыз. Алла әр пендесіне сынақ берсе, еңсемізді түсірмей, соңынан біз күтпеген жерден шексіз бақытқа кенелетінімізге сенуіміз керек. Үмітімізді үзбей, күресуіміз керек, - деді анасы Ғалия.
Кездесу барысында арнайы кітапхана мамандары «Бәйшешек» кітабының аудионұсқасымен таныстырды. Небәрі бір айдай уақыт ішінде кітапхана қызметкерлері өздеріндегі бар мүмкіндікті пайдалана отырып, зағип жандар үшін кітаптың аудионұсқасын жазып шыққан. Қазақ, орыс тілінде кітапхана қызметкерлері П.Омарова мен
Н.Тұяқбаева дыбыстаса, өзбек тіліндегі нұсқасын таспаға жазуға Шымкент қалалық өзбек драма театрының әртісі Д.Ибрагимжанова атсалысыпты.
— Осыдан бір жарым жыл бұрын кітап өз оқырманына жетер ме екен деп уайымдаған едім. Алайда, бір ай бұрын әкеме досы хабарласып, Шымкенттегі арнайы кітапханада кітаптың аудионұсқасы жазылып жатқанын естігенде уайымым сейіліп, ерекше тебірендім. Себебі, кітап аудио таспа арқылы әлемді көзімен емес, жүрегімен қабылдайтын жандарға да қолжетімді болатыны қуантты. Сіздер мені қаһарман деп бағалап отырсыздар. Керісінше, тағдырдың сынағына сынбай, күресіп, осындай рухани ордаға жиналып, маған қолдау білдіріп отырған сіздер қаһармансыздар. Мен көпті көрдім дей алмаймын. Бірақ, бүгінге дейінгі сынақтың арқасында өмірдің күрестен тұратынын, оған сенген, қайсарлықпен берілмеген адамның жеңіске жететініне мен куәмін, мен дәлелмін. Бұл кітапта менің күресім, дәрігерлердің, туған-туыстарымның үміті мен сенімі, бәріміздің жеңісіміз жазылды. Өмірімізде күрес аз, сенім мол, жеңісіміз одан да көп болсын деп тілеймін, - деді жас қаламгер.
Бақтияр Әлтайұлының айтуынша, бүгінде Жәмиланың қаламынан шыққан «Қарлығаш» кітабы баспаға дайын. Жас қаламгер келесі еңбегін қазақ әйелінің тағдырына арнапты.
Айта кетейік, жас қаламгермен кездесу 10 ақпан күні сағат 11.00-де Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханада және сағат 15.00-де «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебінде өтпек.