Бiрлiктiң бойтұмары – Тайқазан Избранное

Пятница, 06 Февраль 2015 03:57 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 5479 раз

Республикалық эстафетаның символы Түркістанда ұлықталды

Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына – 20 жыл. Осыған орай, атаулы мерейтойдың бойтұмары ретінде Тайқазан таңдап алынған болатын.

10953946 301922686644730 8588929845195339725 nЕлдің бірлігі мен берекесінің символы болған Тайқазанды ұлықтау түбі бір түркі жұртының рухани астанасы Түркістан қаласында өтті. Ұлықтау рәсіміне бірлігі мен ынтымағы жарасқан Оңтүстіктің халқы жиналды.
Ясауи кесенесінің алдында Абылай хан мен билер және түрлі ұлттың өкілдері салтанат құрды. Шара барысында сөз алған Қазақстан Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының сектор меңгерушісі Нәзипа Шанай Ассамблеяның алда атқарылатын жұмыстарын атап өтті. Сенім мен міндет жүктелген шараның нышаны болған Тайқазанның ынтымақ пен бірлікті әрі қарай нығайтатынына сенім білдірді.

– Тайқазанның айналасында ел тарихында орын алған оқиғалар мен ішкі бірлікті сақтауға қатысты шешімдер қабылданған. Сондықтан Тайқазан Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы басталар тұста республикалық эстафетаның бас белгісі ретінде таңдалды. Осыған орай әр өңірде 20 игі іс атқарылмақ. Тек қала, аудан ғана емес, ауыл тұрғындары да шараға белсене атсалыса алады, – дейді Н. Шанай.

10968363 301922679978064 7994918229368339414 nҚазақстан халқы Ассамблеясы – 20 игілікті іс» республикалық эстафетасының бас символын Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев  Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Розақұл Сатыбалдыұлына салтанатты түрде табыс етті.
– Ассамблеяның негізгі мақсаты-халықтың бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайту. Жүзі басқа болса да жүрегі бір, тілі басқа болса да тілегі бір ағайынмен бір атаның баласындай ғұмыр кешуіміз соның дәлелі. Бас белгіге шаңырақ, барыс болсын деген ұсыныстар да болды. Бірақ отбасының, ұлттың берекесі қазанында ғой. Татулықтың тұғыры болған еліміздің ынтымағы берік, бірлігі мықты болсын, – деді Р. Сатыбалдыұлы.
Рәсімнен соң, тарихи мәдени этнографиялық орталықта Ассамблея өкілдері бұқаралық ақпарат құралдары үшін арнайы баспасөз мәслихатын ұйымдастырды.
Қазақ жерінен пана тапқан барша этнос өкілдері қасиетті Түркістаннан бастау алған тағылымды істі жақсы ырымға балады.
Қазіргі таңда Түркістан қаласында 40-тан астам ұлт өкілдері бар. Олар бір жағадан бас шығарып, ел экономикасының өрлеуіне үлес қосып келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясының бас символы Тайқазанды ұлықтау арқылы халықтар бірлігін тағы бір айқындай түсті. Тайқазан үлгісі Астанадан бастап, облысымыздың барлық өңірлерін аралап шығады. Шара аясында көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетіліп, ұлттың бірлігі ұлықталады. 1 желтоқсан – Қазақстанның Тұңғыш Президент күні Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығының 22-сессиясында бас белгі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолына тапсырылады деп күтілуде.

 

Последнее изменение Понедельник, 09 Февраль 2015 03:56
Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.  

Другие материалы в этой категории: « Керей хан Бейбіт өмір үшін күрескен »