Бейбіт өмір үшін күрескен

Пятница, 06 Февраль 2015 05:03 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4533 раз

Шымкенттік жоғарғы және орта арнаулы оқу орындарының студенттері Жеңістің 70 жылдық мерекесіне 100 күн қалуына орай, «Ерлікке тағзым» акциясына қатысты. Облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасының «Жастар орталығы» мекемесі ұйымдастырған бұл шара барысында студенттер жалғызілікті ҰОС ардагерлері Вера Пашутина мен Евгений Пономаревтің үйінде болып, ауласын қардан тазалады.

DSC 0735Зұлмат соғысты көзімен көрген қос қарияның бүгінде халі нашар. Екеуі де төсек тартып жатыр. Әлеуметтік қызметкерлер мен күтушілерінің арқасында үйлері таза, тамақтары дайын және дәрі-дәрмектері жеткілікті. Жастар ең алдымен Мангелдин көшесінің бойында тұратын Евгений Понамаревтің шаңырағына барып, үй ішін ретке келтірді. Қария 6 ақпан күні 89 жасқа келеді. Орынбор қаласының тумасы екінші Украина майданына 17 жасында аттанған екен. Балалары жоқ. Бірақ екі қарындасы мен жиендері атасына жиі келіп, қолғабыс етеді екен. Евгений ақсақал келген жастарға шыншыл да әділ болу керектігін айтып, ақыл қосты.
Мұнан соң студенттер Орынбаев көшесінде тұратын Вера Пашутинаның үйіне барып, ауласын қардан тазартты. Қырғыз елінде дүниеге келген оның ата-анасы 1943 жылы Шымкентке қоныс аударған. Соғысқа 19 жасында аттанып, екінші Украина майданында барлаушы болған. Өмірлік серігі де соғысқа қатысқан, дүниеден озғанына бірер жылдың жүзі болыпты. Өмірге үш перзент әкеліп, оның біреуі қайтыс болған екен. Қазір 7 немересі бар. Ең үлкені 42 жаста. Екі баласы да Ресейде өмір сүреді. Сол жылдары Вера апаймен бірге Оңтүстік Қазақстан облысынан тағы да бір қыз аттанған екен. Жамбыл, Алматы облыстарынан Алтай өңірінен және Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен 40 шақты қыз барлаушы болып майданға аттанған. Вера Николаевнаның айтуынша, өрімдей жас қыздар үшін қару асынып, даусы гүрілдеген «Катюшаның» үні мен жаудың оғына міз бақпаудың өзі батырлық.
– Іштей қорқыныш болса да, оны сездірмеуге тырысатынбыз. Соғыс уақыты өте қорқынышты еді. Жап-жас қыздардың басына түскен тағдыр осындай болды, – дейді Вера апай. – Соғыс болмасын, бейбіт заманда өмір сүрген қандай бақыт!
Вера Пашутина орден мен медальдар тағылған костюмін әдейі алдыртып, жастарға көрсетіп, мақтан етті. Әжейдің үйіне қалалық жұмыспен қамту орталығы тарапынан бөлінген әлеуметтік қызметкер Қантгүл Достаева аптасына екі рет келіп, үйін жинап, азық-түлігін әкеліп, дәрі-дәрмегін жеткізіп береді және коммуналдық қызмет төлемін жасайды. Соғыстан оралған кезде Вера Пашутина қаладағы №36 мектепте зейнет жасына шыққанша тарих пәнінен дәріс берген.
«Жастар» орталығы қызметкерлері алдағы уақытта да «Ерлікке тағзым» акциясын жалғастырады. Бұл акцияға қаланың жастары көптеп тартылмақ.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.