Созақтан басталған тақ қырғыны

Пятница, 03 Апрель 2015 07:48 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4899 раз

Қыстың аязы қысып тұрса да, Орынбор өкіметі Кенесары хандығы туралы ұмытпады. Бас штаб Қазақ хандығына екі елшілік ұйымдастырған. Оның бірі шекара линиясынан, яғни жергілікті басқарушылардан әкім Долгов болса, екіншісі сонау жоғарыдан, яғни тура Бас штабтың өзінен ұйымдастырылған поручик Герн басқаратын елшілік еді. Өте құпия түрде Гернге Торғай мен Ырғыз өзендерінің жағалауларынан екі бекіністікке ыңғайлы орын іздестіру тапсырылған. Себебі бұл жер нағыз көтерілістің ошағы болған еді. Тап сол жерде қырық төрт сұлтан басқарған төрт мыңдай әскери адамынан айырылған Орынбор өкіметі, осы аймаққа мықты бекіністер салуды көздеді. Сонымен бірге оларға этнограф-доктор Майдельді де қосып жіберуді ұмытпады.

sozay tarihy1845-жылы көкек айының бас кезінде бірінен соң бірі тізіліп, әуелі Долгов, оның артынан екі күннен соң Герн Кенесары Ордасына келіп жеткен. Долговтың келгеніне онша қуана қоймаған Кенесарыны Герн қуандырды. Себебі ол орыста тұтқында жүрген Күнімжан бәйбішені де өзімен бірге ала келген еді. Кенекең бәйбішесін аман-есен көргеніне қуанғанымен әлгі поручик Герннің әкелген хатын оқығаннан соң қуанышы ұзаққа бармады. Герн келгеннен кейін оның рұқсатымен ертеңіне Долгов патша ағзамның мақұлдап берген, өзімен бірге әкелген хатты Кене ханға ұсынды. Хатта, екі жақ біріне-бірі түсіністік жағдайлармен қарайтындары, екі халықтың достықтары жасай беретіні айтыла келіп, мынадай шешім қабылданып, бекітілгені туралы хабарланыпты:
1. Орынбор мекемесінің қырғыз-қайсақ даласын мекендеген барлық қазақтар Россия империясының ажырамас меншігі болып табылады және жылына әр шаңырақтан күмістей 1 сом 50 тиын салық жиналады.
2. Орынбор қазақтарынан зекет жинауға Сізге тиым салынады, себебі олар қазынаға «үй басы» салығын төлейді.
3. Ұрлық және ауыр қылмысты істер Ресей империясының заңдарымен сотталады. Сонымен бірге 50 сомнан асатын істер шекара комиссиясында талқылануы керек.
4. Қашқын орыстарды, татар, башқұрттарды жасыруға рұхсат етілмейді. Қазіргі күнде қарамағыңызда жүрген мұндай адамдар тезірек Ресейге қайтарылуы тиіс.
5. Орыс патшасының бағынышты адамы ретінде Кенесарының «Ресейдің дұшпаны» саналатын елдермен және адамдармен қарым-қатынас жасауға хақысы жоқ.
6. Сұлтан мырза, Сізге, Сіздің туысқандарыңызға, серіктеріңізге, ордалықтардың ешқайсысына да үкімет берген атақтан басқа ешқандай атақты, дәрежені өз беттеріңізбен иемденуге рұқсат етілмейді.
Бұл хатты оқығаннан соң Кенесары өзінің Орысиетке қойған талаптарының бірде-біреуінің орындалмағанына және де болашақта да, орындалмайтынына көзі жетті де, тез арада басқа шешімге келу керек екендігін түсінді.
Енді Кенесары хан бұл елшілерге бірден жауап бермей, уақыт созып, көшіп-қонумен болды. Кене хан қайда көшсе, бұлар да сонда барып, әбден мезі болған Долгов бірер мәрте бұндай сарсаң-кесекті тоқтатуды да өтінген еді. Бірақ Кенесары өзінің әзірше бір мемлекеттің ханы екенін көрсетіп, елшілердің дегендеріне көне қоймады. Көші-қоннан әбден мезі болған Герн мен Долгов енді елшілікті доғарып, елге қайтуға асықты. Олар Кене ханмен әлгі жоғарыдағы хаттың мазмұнындағыдай шешіммен келісімге келе алмайтындарын түсінді. Олармен бірге Орынбор билігіне Кене хан да хат беріп жіберген. Оған жауап болмады. Сонымен елшілер кеткеннен соң Орысиет үкіметі мен Кене хан арасындағы хат жазысу тоқтады.
Долговтың елшілігі аман-есен еліне оралғаннан кейін өкімет Ырғыз өзенінің бойына «Уральск» деген атпен, ал Торғай өзені жағасына «Оренбургский» деген атпен бекіністер салды. Орысиеттің көре-көзге жасаған мынадай қысастығына ашынған Кене хан, бұл жерді тастап, көтеріле көшуге ниеттенді. Әзірше мына қарыс-қарыс, сүйем-сүйем, мысық басумен жылжып, әр қадам сайын бекініс салып келе жатқан орыстардан уақытша болса да аулақтау тұруға ниеттеніп, Орданы Сарысудың аяқ жағына жақын, Арыс көлі жағасына тікті. Сол жерден хан кіші жүздегі әлімдердің Қоқан мен Хиуа басқыншыларына қарсы көтерілісшілердің басшысы Жанқожаға хат жіберді. Кенесары хан хатта, «Жанқожа батыр, қоқандықтар біздің қазақтарға тыныштық бермеуде, тонауда, өлтіруде. Қоқандық бастықтар Сіздің ағаңыз Сарманбайды өлтірді. Сондықтан Сізден сұрайтыным, егер Сіз келіссеңіз, онда мен Ұлы және Орта Ордадан жігіттер жинап, Созақ қаласына келемін, ал Сіз кіші Ордадан жігіттер жинап, қоқандықтармен соғысу үшін Созаққа келіңіз» деген өтініш айтқан.
Бұл хатты алған Жанқожа батыр қоқандықтарға қалай тиісудің амалын білмей отырған қалпын өзгертіп, қатты қуанған еді. Ол дерреу Қуаңдария мен Іңкәрдария аралығын жайлап жүрген шөмекей, шекті, қарасақал, қаракесек, төртқара, табын, керейіт, телеулерден қол жинап, Созаққа аттанды. Кене хан үшмың сарбазбен Созаққа келер алдында бұл шаһарға одан үш күн бұрын жеткен Жанқожа батыр Кене ханды күтпей-ақ шабуылды бастап жібергенді. Екі күнгі қоршаудан соң Жанқожа батыр Созақты алды. Шаһарды қиратып, әкімсарайды, құшхананы, сейсхана және қоқандық мүліктерді жаппай өртеді.
Кенесары ауыр әскермен келе жатқанда Көктөбенің көк күмбезі көрінерден бұрын, ол тұстан будақ-будақ түтінді байқаған. Бұл Көктөбенің арғы жағында оған жапсарлас жатқан Созақ шаһарының жанып жатқан түтіні еді. Мұны көрген Кене хан:
– Ой батырым-ай, Жанқожа батыр менен бұрын жеткен екен ғой! – деп, оған деген ризашылығын көпшіліктен жасырмады.
Жанқожаның Созаққа келген алғашқы күнінде-ақ шабармандар бұл хабарды Шымкентке жеткізген. Шымкент әкімі Әзерше не істерін білмей, сасқалақтай, әрі-бері жүре берген. Датқаларға хабар айтпақшы болып бір оқталды да, датқалардың бұл іске қуанбаса, ренжімейтінін біліп, оларға хабарламады. Ол енді өзіне өзі келіп, дереу өз шабармандарының үшеуін Таскентке, тағы үшеуін Қоқанға жіберді. Жандарына қос-қос жүйріктерді қосақтады. Хабаршылар Таскентке жетіп, ол жерден жаңа шабармандар Қоқанға кетті. Бұлар барамын дегенше Шымкенттен шыққан хабаршылар Созақтағы жағдайды Қоқанға жеткізген еді.

Әбдінағым КӨШЕР,
«МАҰҒЛЫ ХАНЗАДАСЫ» эпикалық
шығармасының ІІІ-томы – «КЕК»

романынан үзінді
(Жалғасы келесі санда)

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « Қасым хан Театр – өнер мен тәрбие ордасы »