Театр – өнер мен тәрбие ордасы Избранное

Пятница, 10 Апрель 2015 04:56 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 8887 раз

Шымкентте ұлттық театрлардың республикалық фестивалі өтті

Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен еліміздегі ұлттық театрлардың республикалық ІІІ фестивалі басталды. Жылдағы дәстүрі бойынша өтетін театр фестивалі биыл Оңтүстікте өткізілуде.

DSC 0083Апта бойына жалғасқан шараның мақсаты – еліміздегі ұлттық және этностық театрлардың өнерін насихаттау,  Қазақстан халқының мәдениетаралық диалогын арттыру, дарынды әртістер мен режиссерлерді анықтау және оларға қолдау көрсету, қазіргі заманғы сахна өнеріндегі жаңа бағыттарды анықтау, өскелең ұрпақты патриотизм рухында тәрбиелеуге атсалысу болып табылады.
Облыс әкімі Асқар Мырзахметов ІІІ республикалық ұлттық театр фестивалінің құрметті қонақтарымен кездесіп, мәдениет саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ұлтымыздың ұйытқысы саналатын оңтүстікте соңғы бес жылда жаңа 46 мәдениет мекемесі ашылған және 8 кәсіби театр тұрақты жұмыс істеуде. Бұл тұрғыдан облыс өзге өңірлер арасында көш бастап тұр. Аталған театрларда 42 жаңа спектакль сахналау жоспарланып, 49 қойылымның премьерасы өткен. Былтыр оңтүстікқазақстандық өнерпаздар екі жарым мыңға жуық спектакльді сахналап, оларды 315 мыңнан астам көрерменнің талғамына ұсынған. Кездесу барысында мәдениет майталмандары өткен жылы Мемлекет басшысының қатысуымен облыстық драма театры мен «Түркістан» сарайы ашылуы Шымкенттің өзіндік мәдени өмірін қалыптастыруға үлес қосқанын атап өтті. Фестивальдің ашылу салтанатына елімізге белгілі сахна саңлақтары мен республикалық театр ұжымдары  қатысты. Облыс әкімінің орынбасары С. Қаныбеков қатысушыларды фестивальдің ашылу салтанатымен құттықтап, өнер жолында шығармашылық табыс тіледі. Дәстүр бойынша қызыл кілем үстімен театр және кино актері Асанәлі Әшімов, режиссер, професор Есмұқан Обаев бастаған сахна саңлақтары жүріп өтті.
Фестивальдің алғашқы қойылымын Оңтүстік Қазақстан облыстық орыс драма театры Т. Ахтановтың «Ант» спектакілімен ашты. Театр мерекесінде
Қ. Қожамияров атындағы мемлекеттік республикалық ұйғыр театры А. Аширидің «Жалғыз жалбыз», республикалық мемлекеттік корей музыкалық театры Ж. Солтиеваның «Әйел махаббаты», республикалық неміс драма театры
Б. Берхтың «Ия-Жоқ», Оңтүстік Қазақстан облыстық драма театры М. Байғұт және Ш. Орынбайдың «Қарлығаш әулие-Төле би» атты спектаклдерінің көрсетілімдерін ұсынды. Бүгін түрлі ұлт пен ұлыстың өнерін паш еткен театр ұжымдары арнайы жүлделермен  және сыйлықтармен марапатталады.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.