Керқұла атты Кендебай

Пятница, 10 Июль 2015 07:56 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 6214 раз

Оңтүстік Қазақстан облыстық қуыршақ театры 32 маусымын қорытындылады. Шығармашыл топ жас көрермендер назарына «Керқұла атты Кендебай» жаңа қойылымын ұсынды.

kuyrshakҚазақ хандығының 550 жылдығына арналған премьераға №3 балалар үйінің тәрбиеленушілері шақырылды. Қойылымнан бұрын балалар театр көрмесін аралап, кейіпкерлермен танысты. Облыстық қуыршақ театрының директоры Бақтияр Спанов балаларға базарлық жасады. Балақайлар тәтті күлше мен шырыннан дәм татып, жаңа қойылымды тамашалады. Оқиға желісі әп-сәтте  көрерменді баурап алды. Үшбасты айдаһар, арыстан және жезтырнақпен арпалысқан Кендебайдың ерлігі балаларды таң-тамаша қалдырды. Елін, жерін қорғаған батыр бейнесін шығармашылық топ шебер көрсете білді. Әсіресе, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне Кендебайдың жауға шауып, Отанын қорғағаны қатты ұнады. Қойылымның қоюшы режиссері
М. Малдыбаеваның айтуынша, балаларға қызықты қойылым сыйлап, олардың бойына жақсы қасиеттерді қалыптастыру үшін ұжым аз жұмыс жасап жүрген жоқ. Әрдайым жауапкершілікпен сапалы дүниелерді ұсынып келеді. Алдағы уақытта да кішкентай көрермендер үшін жаңа премьералық қойылымдар сахналанбақ.
Облыстық қуыршақ театры — еліміздегі үздік үштіктің қатарында. Республикалық ұлттық мәдениет сарапшыларының бағалауы бойынша  ұжым биыл «Сала үздігі – 2015» атағын жеңіп алған. 32 жыл бұрын ашылған қуыршақ театры балаларды тамаша қойылымдарымен қуантып келеді. Театр 2005 жылы Түркияның Стамбул қаласында өткен халықаралық қуыршақтар байқауында бас жүлдені жеңіп алды. Ал, 2014 жылы «Жылдың үздік мәдениет және өнер мекемесi» атанды.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.