Жұлдыздар ұйықтамайды

Пятница, 10 Июль 2015 10:21 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4581 раз

(Досым, журналист, баспагер Төрекелді Байтасов туралы толғаныс)

Төрекелді Байтасов! Мен үшін жаныма жақын, көңіліме ыстық есім бұл! Қайта келмейтін, жарқ етіп өткен мынау жалғанда адами ізін қалыптастырып, өрнектей  білді. Атқарған жалынды ісімен де, шығармашылық дүниесімен де артына өлмес мұра қалдырды.

3-1111Төрекелді болмыс-бітімі бөлек, жан дүниесі бай, өзі ақкөңіл баладай болатын. Өзім деген жанға әрдайым құшағы ашық, құрметі де ерекше еді. Турашылдықты, тазалықты, ізгілікті өмірінің ережесіне айналдырды. Екеуміз алғаш рет танысқанда мен студент едім. Ал, ол мен үшін үлкен өмір мектебіне айналған  «Оңтүстік Қазақстан» облыстық газетінің хаттар бөліміне жұмыс істейтін.  Бірде бір шаруамен сол бөлімге кіргенімде  жүзі жылы, жанары мейірімге толы бір жігіт отыр екен. Бұрын мұнда келіп жүріп  көрген емеспін.Атын ұмытып қалдым, хатты тіркеуші сондағы апай біздерді таныстырды.Бір көргеннен-ақ жайдары мінезімен менің мақалаларыма қатысты айтқан сөздері әлі күнге есімде.
– Әкім деген сен екенсің ғой! Сенің жазғандарыңа осындағы ағаларың өткенде  жақсы лебіз  білдірді, – деп орнынан тұрып амандасты. Мені бұрыннан танитын жандай ағынан ақтарылып сөйлесті:
– Жіберген материалдарыңның бағыты дұрыс! Сықақтарың да өткір екен... Өзінің мұнда келгеніне де көп болмапты. Өзі студенттік шақта Шоқан Уәлихановтың суретшілік өнерін зерттегенін сонда есіттім. Бір көргеннен жатсынбай, өзіне туысыңдай тарта сөйлеген  жылы жымиысы, адами ықыласы жадымда мәңгі жатталып қалды.
Міне, содан бері отыз жылдан астам уақыт өтіпті. Кейін редакцияға бас сұққан сайын Төрекелдіге соқпай кетпейтін болдым. Осы алғашқы әңгімеден-ақ мен оның әдебиетке деген адалдығын, сыншылдығы мен сыршылдығын байқадым. Сол кездің өзінде Төкең ерекше еңбекқорлығымен, табандылығымен, жазған дүниелерімен  көзге түсіп, облыстық газеттің мақтанышына айнала білді.
 Ол қолына алған істі аяғына дейін тындыратын тиянақтылығымен, асқан жауапкершілігімен танылды. Шаршау дегенді білмейтін сол жанкештілігінің арқасында елімізде тұңғыш рет «Жібек жолы» атты танымдық, этнографиялық, ұлттық журнал шығарды. Ол тіпті шетелдегі қандастарымызға да таратылды. Қазақтардың дүниежүзілік құрылтайында журналын таныстырып, ойлы ғалымдарды оқырмандыққа, авторлыққа тарта біліп, белгілі қайраткерлерден өзі сұхбат алып жүрді. Шынында да, Төкеңнің қолынан өткен піспеген мақалалар мен өлеңдер ол өңдеген соң әжептәуір жұмырланып, жөнге келіп жататын. Жұмысы өз алдына оның адамгершілік қыры да керемет еді. Кейде бір жүзің жадырамай, қабағың түсе қалса, соны бірден байқап дем беретін де Төрекелді еді.
...Адам басына түскен істің бәріне де көнеді ғой, бірде ойламаған жерден жол апатына ұшырап, ауруханаға түсіп қалдым. Сөйтіп, ем алып жатқан күндерімнің бірінде әдеттегідей жылы жымиып Төкең жетті. Көзімнен күлкі табын көре алмай, бірден «Уайымдама!» деді. Мен де оның мұнысына:
– Уайымшыл емес екенімді білесің ғой, – деймін қинала тіл қатып.
– Қай кезеңде де сенім ғана адамды алып шығады. Ең бастысы, жоғалтпа сеніміңді! Біле білсең, бұдан да ауыр жағдайды бастан өткердім... – деп еді.Сонда да, достарына деген көңілі дариядай тасыған ол, өз өміріндегі басына түскен қиын жайттарды мысалға келтіріп, босқа алаңдаудың орынсыз екендігін айтып, адал көңілін жасыра алмай, әбігерге түсетін.
Өмірінің әр кезеңдерінде оның басынан кешкен жағдайлардың қайсысын болмаса да тебіренбей тыңдау мүмкін емес. Тереңіне үңілер болсаң әр айтқан сөзінің астары тұнған адамдық, сенім, парыз, борыш, тауқымет...Асықпай мәнерлі де мәнді тарқатқан ойларының астары толған сараланған, таразыланған түйіндер... Бір сөзбен айтқанда оның көңілге қонымды әңгімесінің барлығы дерлік өзекті өртер өмір шындығымен сабақтасқан ойтолғау еді. Әңгіме үстіндегі жанды жадыратар жылы жымиысы мен жанарындағы күлкі табы адамды бір сергітіп тастайтын. Мен оның осы әңгімелері арқылы өмірге деген құштарлық пен жарық дүниеге деген махаббаттың құдіреттілігіне көз жеткіздім. Басыңа қандай қиындық түссе де мойымай, әліптің артын бағып әрекет ету керектігін ұғындым. Ертеңгі күніңнің жарқын болатындығына сене білудің маңыздылығын түсіндім.Сонда айтқан мына сөзі: «Шыдамдылығың азаматтығыңды көрсетеді. Осы тағдыр берген сынақты жеңе білуге ұмтылысың, қайсарлығың ғана өлмес шырағыңды жаға түседі. Сен соныңды көрсете біл!» – дегені жадымда әр кез жаңғырып тұрды.
Мен ол келгенде үнемі жалғанның шуағын сезінгендей бір жасап қалатынмын. Қарап отырсам, шынында да ол өзінен гөрі айналасындағы адамдардың жай-күйлерін көбірек ойлап, соларға көп назар аударған сияқты. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Ғабит Мүсіреповтың «Қазақ тіліндегі «таза адам» деген сөз үсті-басымен қатар, ар-ұятының тазалығын көрсетіп тұрады» деген сөзі дәл осы Төрекелдіге арналып айтылғандай. Себебі, осынау жаны таза, парасатты да салмақты азаматтың өмір жайлы әңгімелері мені көп ойларға жетеледі.
Төкеңнің бұл қасиеттерін «Абзалдық әліппесі» (кейінгі атауы «Жүректегі жазулар») атты кітабымда жаздым да.
Бұл жалған-өмірдің мәнін іздеп, жаратылыс заңдарына көз жүгіртіп, мәңгі адами құндылықтарды саралау мектебі. Саналы адам дүниеге келген соң тіршілік құпияларына көз салмай қоймайды. Қаламгер досым Төрекелді Байтасов әр нәрсені әріден ойлап, тереңнен салмақтап бағамдайтын тұлға еді. Әсіресе, екеуміздің Шымкент қалалық баспаханасының ауласында таңды көзбен атырғанымыз да естен еш кетпейді.
1994 жылы Ордабасы ауданының 30 жылдығына орай кітап шығаруды қолға алды. Мен оны Төрекелдінің «Жібек жолы» баспасынан шығаратын болып келістім. Тиісті қаржысын аударған аудан әкімі он күн ғана уақыт берді. Бір жағы кітап жазылып та, басылып та жатыр десек те болғандай еді. Дегенмен мұндай қарбаласта қосатын, өзгертетін сөйлемдер көбейіп кетті. Оның үстіне кейбір кісілер суреттерін уақытылы бермей, сол баспаханаға бірақ  жеткізді. Жауапты адам болған соң күн-түн демей жұмыс істеуге тура келді. Белгіленген мерзімге үлгеру керек. Ол кезде кітап шығару тіпті қиын еді. Біресе бояуы артып кетеді, бірде жетпей қалады.Төрекелді мұның бәріне әбден машықтанған. Нағыз техникалық қара жұмыстың қыры мен сырын жақсы біледі. Цехтың іші қапырық. Бір күні қызу жұмыспен байқамаппыз, түннің біруағы болып қалыпты. Жұмысшылар кетіп қалған, сыртқы есік құлттаулы. Сол бір көктемгі түні екеуміз баспахана ауласына шығып, таза ауада таң атқанға дейін ұзақ отырдық. Отырғанда да, арзан әңгімеге бой алдырмай, он сегіз мың ғаламның жаратылу құдіреті мен армандардай алыс жымыңдаған жұлдыздар жайлы сыр шертістік.  Сондағы оның абстракциялы ойлау жүйесі мен терең түйсігі мені керемет таң қалдырып еді.
– Бір жұлдыз ағады, бір жұлдыз келеді... Бір адам туады, бір адам өледі... Мұның мәні неде екен? – десем, Төкең асықпайтын әдетімен:
– Бұл да бір тіршіліктің заңы. Себебі, осы айналымның өзі тіршіліктің үлкен бір эволюциялық жаңару процессі сияқты – дейді.
– Сонда бұл не? – деймін оны әдейі сөзге тартып...
– Бұл әлемдік даму ғой. Және Ұлы Жаратушының қайталанбас құдіреттілігі болар! – деп өз ойларының құшағында әрі қарай сапар шегіп кететін.
– Әкім, Өмір тамаша ғой! Қарашы, жұрттың бәрі тәтті ұйқыда. Адам үшін бұл жалғанның қашанда орны бөлек! Өмір керемет қой, керемет! Сонау көктегі жұлдыздардың өзі адамға қатысы бар секілді көрінеді маған. Дегенмен өмірдегінің бәрі тамаша емес қой! Әйтсе де кейде шаршайсың...
– Төке-еу! Сен көп шаршай бермесейші. Әр кітап шығарғанда осылай ұйықтамасаң нең қалады. Кішкене жатып дем алшы, – деймін.
– Ұйықтауға үлгереміз ғой. Жанымды бір мазасыздық жаулап алған. Бұл күнделікті жұмысым ғой. Тамаша өмірдің таптырмас сәттерін өзіңмен сырласып өткізгеніме ризамын. Ертеңгі күні бұл күнді де еске алармыз әлі. Солай емес пе, нағашы?
Лезде мұңайған үні жаймашуақтанып жадырап кетті.
– Солай, жиен! «Өмірдің өзі өткен күндер емес, есте қалған күндер» – дейді ғой, Төлеш?!
– Нағашы, білесің бе, өмірдің жақсылығы не?
– Өмірдің жақсылығы – осы өмірге келуіміз шығар?
– Ол бірінші кезекте. Өмірдің жақсылығы өмірдің өзін, ондағы адамдарды жақсы көре білуіңде! Мен өмірді де, жаныма жақын  жандарды да жақсы көремін. Шіркін, алға қойған жоспарым көп. Баспаның құрылысын бітірсем. Қанаттарым-балаларым  жетіліп кетсе...міне сол үшін ұйықтамаймын! Енді мені түсіндің бе?
– Түсіндім. Тыңдашы Төлеш!
Жан-жағыңда әрдайым жақұт тұнып,
Жанарыңа тұрсыншы бақыт күліп.
Ақ қанатын арманың қаққаныңда,
Бұлбұл үні шырқалсын бақтарыңда...
Ооо, тілегің  өлең боп шықты ғой!
Екеуміздің  құшағымыз айқаса түсті.       
Әңгімеміз осылай әсерленіп жалғаса берді. Күлімдеген күніміз де шығып, айналаға нұрын шаша бастады. Жұмысшылар да біртіндеп келіп, баспахананың есігі ашылып, тағы бір қарбаласқа толы қызу жұмыс қайта басталды. Біз көз ілмеген күйі қайтадан кітап өндірісіне кірісіп кеттік...
Көп ұзамай Төрекелдіге арнаған сол «Дос тілегі» деген өлеңімді облыстық теледидарда оқыдым. Өзіне де талай рет оқып бердім. Ондайда ақ көңілімен «Тілегіңе ризамын» деп құшақтай алатын.
Ашық күні түнгі аспанға қараймын. Жарқыраған жұлдыздар баяғы сол орнында әлі тұрғандай. Олар да жерге қарап үнсіз сырласқандай-ау. Бұл күнде сен де көктегі жұлдызға айналып кеткендейсің. Бәлкім,  сол тым биік алыстан, бізге беймәлім ғарыштан қарап, жердегі пенделердің қылығын сырттай бақылап отырған боларсың.
Адалдықты жанына серік етіп, адамдық туын биік ұстаған, жарық жұлдыздай жарқыраған Төрекелдідей азамат ел есінде мәңгіге қала бермек.
Өзін айтқандай, жұлдыздар ұйықтамайды...     

Әкім ЫСҚАҚ,
ҚР Парламенті
Мәжілісінің бірінші
шақырылымының депутаты,
тұңғыш қазақ тілінде
жазылған заңның авторы,
Қазақстан Республикасының
Мәдениет қайраткері

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.