Отаншылдықты ту еткен туынды

Вторник, 29 Декабрь 2015 08:44 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 5790 раз

Hello AUYL


Қазір не көп, кино көп. Шетелді айтпағанда, елімізде отандық фильмнің үлес салмағы да артып келеді. Десе де, жасыратыны жоқ, оның қатарында патриотизмді насихаттайтын, жастарды ерлік пен елдікке шақыратын фильмдер саусақпен санарлықтай. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасы игі істі қолға алды.

Басқармаға қарасты "Жастар орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің тапсырысымен түсірілген кино "Hello ауыл" деп аталады. Комедиялық жанрдағы фильмде "Дипломмен – ауылға" бағдарламасымен шалғай елді мекенге сапар шеккен жас маманның бастан кешкен оқиғалары суреттелген.

Киноның желісі бойынша, қалада туып-өскен басты кейіпкер Бақыт есімді жігіт бағдарлама бойынша ауыл мектебіне мұғалім боп қызметке тұрады. Қаланың ақ саусақ баласына ауылдың әрбір көрінісі таңсық. Десе де, ондағы мамыражай өмірге әбден қаныққан ол шетелде білім алу мүмкіндігінен бас тартып, ауылда біржола тұрақтап қалады. Сондай-ақ фильмде белгілі актер Ж. Ақшораев, «Назар аудар», «Арал-Ас» КТК командаларының танымал жайдарманшылары өнер көрсеткен.

– Біз бұл фильмде ауылды тым төмендетпей, халқымыздың салт-дәстүрін арқау ете отырып жастарды ауылға еңбек етуге шақыруға тырыстық, – дейді фильмнің режиссері Шапағат Орынбаев. – Кастингке қатысқан 150-ге жуық азаматтың ішінен 10 адам іріктеліп алынды. Фильм Төле би ауданындағы Қасқасу тау шатқалында үш ай көлемінде түсірілді. Туған жеріміздің тұмса табиғатын кеңінен насихаттау үшін арнайы тікұшақ тарттық, түсірілімде сапалы құрал-жабдықтарды қолдандық.

         Режиссердің айтуынша, енді жаңа туынды алдағы уақытта өңіріміздің барлық аудандары мен қалаларында тегін көрсетілмек. Қалың көрерменге «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан да ұсыну жоспарда бар.

Еске сала кетсек, фильмнің тұсаукесері 30-шы желтоқсан күні, сағат 16-00-де "Жастар орталығының" залында (бұрынғы С. Сейфуллин атындағы халықтар достығы үйі) өтеді. Кіру тегін.

С. ТАСТАНБЕК

 

Последнее изменение Вторник, 29 Декабрь 2015 08:53
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « Балаларға бақыт сыйлады Балаларға базарлық »