Балаларға бақыт сыйлады

Пятница, 25 Декабрь 2015 07:50 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 3666 раз

Қалалық оқушылар сарайында Әл-Фараби ауданы әкімінің шыршасы өтті. Жаңа жылдық думанға мүмкіндігі шектеулі және аз қамтамасыз етілген отбасыларынан 250 бала қатысты. Ертегі кейіпкерлерінің театрландырылған қойылымы балдырғандарға мерекелік көңіл күй сыйлады.

DSC 0192Аудан әкімінің орынбасары Марат Тәжібаев мерекемен құттықтап, өтіп бара жатқан жылдың жалпы еліміз үшін барынша жемісті болғандығын, балалар үшін барлық жағдайлар жасалып, мектеп, балабақша, денсаулық, спорт нысандары салынып жатқандығын атап өтті.

– Игі істердің барлығы Отанымызды сүйетін, нағыз мықты азамат болып шығу үшін жасалып отыр. Баршаңызға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, баянды бақыт тілеймін. Ел ертеңіне бағытталған жолдарыңыз нұрлы, болашақтарыңыз баянды болғай, – деді.

Ал жиналған өрендер Аяз ата, Ақшақар және ертегі кейіпкерлерімен бірге ән салып, би биледі. Шырша шамы жағылып, балаларға сыйлықтар үлестірілді.

Сондай-ақ оқушылар сарайында Еңбекші ауданы әкімінің аппаратының да жаңа жылдық шырша мерекесі ұйымдастырылды. Салтанатты шараға аудандағы 35 мектептен 300 бала шақырылды. Олардың басым бөлігі көпбалалы отбасының балалары. Араларында оқу озаттары да бар. Ал мереке көрігін мектеп оқушыларының өздері қыздырды. Ертегі кейіпкерлерімен бірге қиял-ғажайып әлеміне енді. Осылайша өрендер асыға күтетін мерекесін естен кетпестей тойлады.

Последнее изменение Пятница, 25 Декабрь 2015 08:28
Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.