Нұржан ҚАРАКӨЗОВ, Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы, капитан: ХАЛЫҚТЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ – ОРТАҚ МАҚСАТЫМЫЗ Избранное

Среда, 19 Апрель 2023 04:20 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 7999 раз

–Түркияда орын алған жер сілкінісінен кейін көпшілікті Шымкент қаласының зілзалаға дайындығы қалай деген сұрақ мазалайды...

–Шымкент қаласы 7-8 баллдық жер сілкінісі болуы ықтимал сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан. Сондықтан Шымкент қаласының төтенше жағдайлар департаменті табиғи апатқа дайындықты пысықтау үшін тиісті шараларды жүйелі түрде атқарып келеді. Атап айтқанда, өткен жылдың желтоқсан айында 2023 жылы атқарылатын іс-шаралардың кешенді жоспары бекітілген. Бұл жоспарды Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов бекіткен. Осы жоспарда қаладағы барлық ұйымдар мен мекемелер санаттары бойынша есепке алынып, онда сейсможаттығулар өткізудің кестесі көрсетілген. Бұл жаттығуларда азаматтардың жер сілкінісі кезіндегі іс-әрекеттері, қауіпсіз аймаққа қалай шығу керектігі, төтенше жағдай кезіндегі әр ұйымда жедел түрде құрылатын құрылымдардың іс-әрекет жоспары пысықталады.

607

 

Қазақстан Республикасының «Азаматтық қорғау туралы» Заңына сәйкес, сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан әрбір ұйым тоқсан сайын осындай сейсможаттығуларды тұрақты түрде өткізіп тұруға міндеттелген. Заң талабына сәйкес, бұл жаттығулар мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелерде, білім беру, денсаулық сақтау ұйымдарында, өндірістік, коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарда, сондай-ақ, қаламыздың жекелеген аумақтық бірліктерінде өткізіледі. Шымкент қаласында жыл басынан бері осындай 3 600-ден астам сейсможаттығу өткізілді. Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаменті бұл жерде үйлестіруші орган ретінде әрекет етіп, методикалық көмек көрсетеді.
Бекітілген жоспарға сәйкес, биыл 5 мамырда жалпықалалық сейсможаттығу өткізу жоспарланып отыр. Оған оқу-жаттығуға барлық азаматтық қорғау қызметтері, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар, химиялық қауіпті нысандар, ауруханалар, білім беру ұйымдары, қала аумағында орналасқан су қоймаларға жауапты мекемелер тартылатын болады. Оқу-жаттығу кезінде әр мекеменің атқаратын қызметі және міндеті егжей-тегжейлі пысықталып, жер сілкінісі кезінде ұйымдасқан түрде әрі жүйелі жұмыс істеудің үлгісін көрсету міндеттеледі. Осы орайда, қала тұрғындарының қауіпсіздігін арттыру мақсатында ұйымдастырылып жатқан 5 мамырда өтетін жалпықалалық сейсможаттығуға барлық тиісті мекемелерді және қала тұрғындарын жоғары деңгейде атсалысуға шақырамын. Өйткені, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – баршамыздың ортақ мақсатымыз.

608


«Апат айтып келмейді» дейді халқымыз. Бұл жаттығулар табиғи және техногендік апаттар орын алған жағдайда оның салдары жеңілдеу болуына, адамдың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеседі.

–Халықты төтенше жағдай кезінде қалай әрекет ету керектігі жөнінде ақпараттандыру жұмыстары да маңызды емес пе?

–Иә, дұрыс айтасыз. Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаменті қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасымен бірлесе отырып қала тұрғындарын ақпараттандыру мақсатында жүйелі түрде жұмыс жүргізіп келеді. Атап айтқанда 26 телеарна мен 3 радио арқылы «Жер сілкінісі кезіндегі іс-әрекет» тақырыбы бойынша хабарлама берілуде. Сонымен қатар қазақ және орыс тілдерінде сурдоаудармасымен бейнеролик әзірленіп, бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде жарияланды. Сондай-ақ, аталған бейнеролик білім беру, денсаулық сақтау мекемелеріне, ойын-сауық орталықтарына, әуежай мен теміржол вокзалына таратылып, ЛЭД-экрандар арқылы қала тұрғындарына көрсетілуде. «Shymkent-Bus» компаниясына қарасты 250 автобуста аталған бейнероликтердің көрсетілімі ұйымдастырылды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табады.

–Сонымен жер сілкінісі бола қалған жағдайда адамдар қалай әрекет етуі тиіс? Қандай қауіпсіздік ережелерін ескеруі керек?

–Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға алғашқы жер асты дүмпулері кезіндегі іс-қимылдардың негізгі ережелерін тұрақты түрде еске салып, түсіндіріп келеді.
Ең алдымен, тыныштықты, сабырлылықты сақтай отырып, ғимараттан мүмкін болғанша тез шығуға әрекет жасаңыз. Күшті жер сілкісі кезінде сізде тек 15-20 секунд уақыт болуы мүмкін.
Егер жер сілкінісінің қарқыны бәсеңдеу болған жағдайда алдын ала дайындалған құжаттарды, ақшаны және қажетті заттарды өзіңізбен бірге алыңыз. Мүмкіндік болса, бөлмеден шыққан кезде су мен газды жауып, үй-жайдағы электр қуатын сөндіріңіз.
Үшінші және одан кейінгі жоғарғы қабаттарда өмір сүретін болсаңыз онда сыртқа шығып үлгермеуіңіз мүмкін. Мұндай жағдайда дереу қауіпсіз орындарға тұрыңыз. Атап айтқанда, есіктің жақтауларында, негізгі қалың қабырғалардың, ішкі қабырғалардың бұрыштарына тұрыңыз. Мүмкіндік болса, үстелдің астына жасырыныңыз. Ол сізді құлап жатқан ауыр заттар мен сынған бөлшектерден қорғайды.
Терезелер мен ауыр жиһаздардан аулақ болыңыз. Балконнан немесе терезелерден секіруге, лифтті қолдануға болмайды. Ғимараттардағы ең қауіпті орын соңғы қабаттардағы бұрыштық бөлмелер, баспалдақтар екенін естен шығармаған жөн.

–Сұхбатыңызға рахмет!