Самат АЛТАЙ, Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрының директоры: БАЛАСЫН ТЕАТРҒА ӘКЕЛЕТІН АТА-АНА АЗ Избранное

Пятница, 27 Май 2022 08:02 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 3349 раз

Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрының құрылғанына 40 жылға жуықтады. Мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың қолдауымен ашылған театрдың бүгінде өрісі кеңейіп, кішкентай көрермендерін қуантып жүр. Балалар жылын рухани орда «Ер Төстік» қойылымымен бастады. Өскелең ұрпаққа рухани тәрбие беретін өнер ордасының директоры Самат АЛТАЙМЕН ұжымның қазіргі тынысы, репертуар таңдаудағы талғамдары туралы әңгімелескен едік.

701

 

–Самат Тұрсынбекұлы, балғындарды қуантып жүрген театрға 40 жыл толады. Кейінгі уақытта өнер шаңырағының тарихында үлкен жаңалықтар болып жатыр. Оның бірі мекеменің қуыршақ және жасөспірімдер театры болып, шығармашылық көкжиегінің кеңеюі десек болатындай...

– Иә, Шымкент қаласы елімізде республикалық маңызы бар қала атанған жылдан бастап мәдениет саласында айтарлықтай өзгерістер орын алып келеді. Соның ішінде қуыршақ театры да көкжиегін кеңейтті, заман талабына сай жаңғырып, балғындар мен жасөспірімдердің саф өнермен сусындауына өзіндік үлес қосып келеді.

702


Мекеменің тарихына шегініс жасасақ, 1983 жылы Шымқала тұрғындары 400 мыңнан асыпты. «Мұндай қалаға балалар үшін қуыршақ театры қажет» деп Асанбай Асқаровтай аптал азаматтың қолдауымен сол жылы «Облыстық қуыршақ театры» құрылған. 2007-2008 жылдары құрылымы облыстық қуыршақ және жасөспірімдер театыры болып өзгергенімен жасөспірімдерге арнайы штат қаралмағандықтан жабылған. 2018 жылы қаламыздың тарихындағы өзгерістерден кейін Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры болып қайта тіркелді. Жасөспірімдер бағытында сеңнің қозғалғаны 2021 жылы ғана. Сол уақытқа дейін мамандардың жетіспеуінен әртістеріміз түске дейін қуыршақ, түстен кейін жасөспірімдер бағытындағы қойылымдарда еңбек етіп жүрді. Олқылықтардың орнын толтыруда тиісті мекемелерге шығып, нәтижесінде өткен жылы театр 8 әртіспен толығып, жастарға жаңа репертуарларымызды ұсына бастадық.
Қырық жылда театрда қазақ, орыс және шет ел драматургтерінің 167 қойылымы сахналанып, 500-ден астам қуыршақ әзірленген. Олардың әрқайсысы тарихымыздан сыр шертеді. Қазіргі таңда 60-қа жуық спектакльді тұрақты көрермен назарына ұсына аламыз. Осы тұста айта кетерлігі, ТМД және шет мемлекеттердегі біз секілді өнер ордаларында қордағы қуыршақтардан ғимараттарында мұражай ашқандары бар. Егер бізде ғимарат мәселесі шешіліп жаста, осындай мұражай ашуды жоспарлап отырмыз.

–Әрбір театр жыл басында маусым бойы сахналанатын репертуарды таңдап, көркемдік кеңес мүшелерімен талқылап жатады. Бұл жылдың репертуарларын атап өтсеңіз. Жас көрермендерді қандай қойылымдармен қуантпақсыздар?

–Ел Үкіметінде театрдың көркемдік кеңесінің қызметін жоғарылату, олардың жұмыс ауқымын кеңейтіп, шешім қабылдай алатын күші бар ұйымға айналдыру мәселесін көтерген селекторлық жиын өткен болатын. Сондықтан мекемемізде көркемдік кеңестің құрамы кәсіби мамандардан, атап айтқанда, театр майталмандары, тарихшылар, суретшілер, БАҚ өкілдерінен жасақталған. Бұл құрам театрдың шығармашылық келбетін, бағыт-бағдарын айқындауда өз үлестерін қосып келеді. Яғни алдымен қойылым көркемдік кеңестің ұсынысына беріліп, олар құп көрген жағдайда ғана сахналанады. Биыл алты қойылым қоюға ұсыныс беріліп, оның үшеуі ғана мақұлданды. Бұл мақсатқа 8 млн теңгеге жуық қаржы қарастырылып отыр. Дегенмен көрерменге тартымды, танымдық дүниелерді ұсынуда шығармашылық ізденісімізді тоқтатқан жоқпыз. Өз мүмкіндігімізді пайдаланып, 6 қойылым қою жоспарланды. Мәселен, мамыр айында Уильямс Теннессидің «Стеклянный Зверинец» драмасы және театрлардың арасында алғаш болып ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай Ақылбек Шаяхметтің «Ахмет» пьесасы сахналанады. Жалпы, жасөспірімдер бағытында репертуарлар өте аз болғандықтан комедия, драма, трагедия ғана емес, барлық жанрларын қамтуды ойластырып отырмыз.

703

 

– Баршаға белгілі 2022 жыл — Балалар жылы. Осыған орай арнайы мәдени шаралар жоспары түзілген болар...

– Қуыршақ театры әрине бұл жылға бейтарап қарай алмайды. Балалар жылын Қасымхан Бегмановтың эпикалық «Ер Төстік» қойылымымен бастадық. Екіншісі, Тәуелсіздік мерекесіне арналған «Қанатты барыс» атты тұңғыш рет қуыршақтар жарықты шоуын (цветовой шоу) ұсынамыз. «Қанатты барыс» заманауи құрылғылардың көмегімен жарықтарды пайдалана отырып жаңа форматта қойылады.
Мұндай қойылымдардан бөлек, балаларға қуаныш сыйлауда, тәрбиелік маңызы бар 10 іс-шара жоспары түзілген. Сәуір мен желтоқсан айлары аралығында республикалық мектеп оқушылары арасында «Ақбозат» жыр дастан байқауын ұйымдастырдық. Биыл мемлекеттік Рәміздерге – 30 жыл. Осы мереке аясында, жас ұрпақты елжандылыққа тәрбиелеу мақсатында рәміздерге арналған «Мемлекеттік рәміздер – Ұлт мақтанышы» қалалық эссе жазу байқауы өтеді.
Бүгінде адамдар театрдан алшақтап кетті деп жатамыз. Бұған соңғы екі-үш жылдағы пандемияның салқыны тимеді деп те айта алмаймыз. Мекеменің көкжиегі кеңейіп, бүгінде 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерге қойылымдар ұсынып жатқандықтан олардың рухани ордаға деген қызығушылығын ұстап тұрудың жаңа тетіктері мен амалдары қарастырылуда. Айталық, кішкентай көрермендер үшін «Таңғы жаттығу», «Сенбілік серуен» атты қолға алған жаңа жобаларымыз балалардың салауатты өмір салтын ұстануға пайдасын тигізеді. Әртістеріміз күні бүгінге дейін 20-ға жуық балабақшада болып, балғындармен бірге таңғы жаттығу жасады. Қаладан шалғай орналасқан елді мекендерге аула театры ұйымдастырылуда. Жаңаталап, Қызылжар шағынаудандарына барғанда балғындардың өнерге деген қызығушылығын, сүйіспеншілігін көріп, ерекше қуандық. Осы тұрғыда, шымкенттік ата-аналар театрға балаларын ертіп келсе, әрбір қойылымды талқыласа, бұл – нағыз тәлім-тәрбиенің қайнар бұлағы, мәдениетті қалыптастырудың бір жолы дер едім.
Сондай-ақ, 1 маусым – балалар күніне орай да кішкентайларымызға тосын сыйымыз көп. Осы мерекеге орайластырып, Шымкентте тұңғыш рет балалар фестивалі өтеді. Мұны ұйымдастырудағы басты мақсат – балаларды жаһанданудың ықпалынан сақтау. Жас жеткіншектер осы фестивальде актерлік шеберліктерін таныту немесе кино түсірудегі мүмкіндіктерін көрсетеді. Бұл балалардың талантын ашуға көмектеседі. Ал жоспардағы республикалық инсталяция фестивалінің де маңыздылығы жоғары. Себебі бүгін жас өскіндер заманауи технологияларды жетік меңгерген. Осы себепті, олардың пайдалы тұсын өз қажеттіліктеріне жарата білуде аталған фестивалді ұйымдастырдық. Онда балалардың қиялынан туындаған қалдықтардан жасалған бұйымдар көрмесі өтеді. Ең маңыздысы, қаламыздағы білім ұйымдарында 347 мыңдай оқушы білім алса, соның ішінде 27 мыңдайы жетім не қамқоршылық-қорғаншылыққа алынғандар екен. Мерекеде Түркістан сарайында осындай топтағы балаларға мерекелік көңіл күй сыйлағымыз келеді.

–Театрдың басты байлығы – репертуардағы қойылымдары. Репертуар таңдау барысында қандай критерийлерді ұстанасыздар? Жалпы, балалар драматургиясы — елімізде кенже қалған салалардың бірі. Қазіргі таңда Сіздермен етене байланыс орнатып, балалар тақырыбында қалам тербеп жүрген кімдерді атар едіңіз?
–Өкінішке орай елімізде балалар шығармашылығына қалам тербеп жатқан жандар санаулы. Азды-кемді ұсынып жатқан пьесаларында бекітілген заңдылықтар сақтала бермейді. Дегенмен, талантты драматургтер бар, олар Мұрат Қолқанат, Айдана Аламан, Жазира Ахмет және жерлесіміз Алтынай Әлиеваның туындыларын сахналап жүрміз. Атап айтар болсақ, өткен жылы жас драматург Мұрат Қолқанаттың «Мектеп» туындысын қойдық. Біз жасөспірімдер бағытындағы көрермендер 12-19 жасты ғана қамтиды деп шығармашылығымызды шектемеуіміз керек. Мәселен, Ғ.Мүсірепов атындағы балалар және жасөспірімдер театры ертегіден гөрі ересектерге арналған спектакльдерді көп қояды. Олардың статусы академиялық болғаннан емес, өздерінің потенциялын кеңінен қолдану үшін осындай қадамға барып отыр. Біз де ересектер бағытында Ерсайын Төлебайдың «Боздаған бойдақтар» комедиясын қойып, мүмкіндігімізді пайдаланып жатырмыз.

–Сіздің ойыңызша, қуыршақ театры балаларға тәлім-тәрбие беруде руханият ордасы ретінде қаншалықты үлес қосып келеді?

–Иә, театр – тәрбие мен мәдениет ошағы. Бүгінде қоғамда жарқ-жұрқ еткен дүниеге құмартудан, шынайы нәзіктікті талап ететін өнер қараңғылыққа ығысты. Шынтуайтында, бала деген жас шыбық секілді, қалай исең солай қарай өседі. Ал отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы алтын ұясы. Баланың тәрбиелі болып өсуіне отбасы мен өскен ортасының тигізетін әсері мол. Бала тәрбиесі ұлт таңдамайды, тәрбие барлық ұлтқа қызмет етеді. Мәселен, өнер шаңырағына бір қойылымды тамашалауға 40-60 бала келеді десек, соның он шақтысының ғана жанында ата-анасы жүреді. Сондықтан тағы да айтарым, ата-аналар театрға балаларының қолына ақша ұстатып ғана жібере салмай, өздері бірге келсе, бірге көрсе, бірге талқыға салса. Өйткені, нағыз тәрбиені беретін мұғалім, мектеп емес ата-ана. Ал, біз ой салып, қасаң пікірге қозғау салушымыз.

–Жұмысқа қабылдау үшін талантты жастарды жиі іздестіріп жүресіз. Маман тапшы ма?

–Қаламыздағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің өнер факультеті жылына 100-ден астам маман даярлайды екен. Олардың мамандарының жұмыспен қамтылуына қаншалықты зерделеп-зерттеу жүргізіп жатқанынан бейхабармын. Бітіруші түлектеріне өткен жылы 4 рет кастинг жариялап, сүзгіден өткені 7-ақ маман. Өзге қалалардан талантты жастар баспана сұрау секілді әлеуметтік жағдайларды алға тартқандықтан шақырта алмай отырмыз. Сол себепті, театрдың негізін қалап, 30-40 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан өз ісінің хас шеберлері, дарынды азаматтарымыз жаңа мамандарға білгенін үйретуге күш салуда. Кадр тапшылығы мәселесін осылай шешуге тура келіп тұр.

–Театр ғимараты өткен ғасырдың жәдігеріне айналған нысан. Қуыршақ және жасөспірімдер театрының жағдайына қарап, еліміздегі балаларға деген көңілдің де қай деңгейде екенін білуге болатындай. Келешекте театрға арнайы ғимарат салынуы мүмкін бе?

–Бұл қаншама жылдардан бері көтеріліп келе жатқан өзекті мәселе. Қуыршақ және жасөспірімдер театрының шығармашылық ұжымының жаңа форматта жұмыс істеуіне ғимараттың ескілігі, сахнаның тарлығы қолбайлау болуда. Жыл басында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Айгүл Жарылқасынқызының Шымкент қаласына жұмыс сапарында ұжымның жанайқайын жеткіздім. Депутат ханым бұл мәселені республикада көтеруге уәдесін берді. Екінші мәселе, қоғам қайраткері Асанбай Асқаров атамыздың Шымкентті көркейтіп-көріктенуінде өз қолтаңбасын қалдырудан бөлек, ұрпақтың кемел келешегі үшін атқарған жұмыстары тарихта алтын әріптермен жазулы. Зообақ, дендросаябақ, қуыршақ театрын салуға мұрындық болды... тізе берсек игі істері өте көп. Осы себепті, 40 жылдан бері руханиятымыздың дамуына үлес қосып, ұрпақтың тәлім-тәрбиесінің ошағына айналған театрға Асанбай Асқарұлының есімі берілсе дейміз.
Ары мен намысына жанын пида етуге дайын, адалдық пен әділдік үшін күресіп, сөйтіп жүріп өз басы емес, халқының ары мен абыройын ойлаған азаматтың есімін Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрына берсе, әділ шешім болар еді.

–Әңгімеңізге рақмет!

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.