МАҚСАТ – ХАЛЫҚТЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫН АРТТЫРУ Избранное

Среда, 07 Декабрь 2022 05:25 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 3958 раз

Жаңа жылда ең төменгі жалақы,
базалық зейнетақы мен жәрдемақылардың мөлшері өзгереді

Жақында «Қазақстан Республикасының 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджеті туралы» заң бекітілді. Онда ең төменгі жалақы мен айлық есептік көрсеткіштің жаңа мөлшері, сондай-ақ, зейнетақы мен жәрдемақылардың көлемі көрсетілген. Атап айтқанда, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасындағы айлық есептік көрсеткіш көлемі 8,5 пайызға артып, 3 450 теңгені құрайтын болып белгіленді.

58

 

Айта кетейік, 2022 жылдың 1 сәуірінен бастап айлық есептік көрсеткіштің екі түрлі мөлшері қолданылып жүрген болатын. Алғашқысы атаулы әлеуметтік көмек, мемлекеттік жәрдемақылар мен басқа да әлеуметтік төлемдерді (3 180 теңге) төлеу кезінде пайдаланса, екіншісі – айыппұлдар, салық және бюджетке төленетін басқа да төлемдер үшін қолданылып келген болатын (3 063 теңге).
Жалпы, бұл заңның жобасын еліміздің Қаржы министрлігі шамамен 3 ай бұрын жасап шыққан еді. Онда елімізде келер жылдың 1 қаңтарынан бастап бекітілетін ең төменгі жалақы мөлшері мен ең төменгі базалық және ортақ зейнетақы көлемі, сонымен бірге, айлық есептік көрсеткіш (АЕК) және ең төменгі күнкөріс деңгейі көлемі белгіленген болатын. Алайда, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында берілген тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында Үкімет заң жобасына бірқатар түзетулер енгізді. Мәселен, жобада ең төменгі жалақы мөлшерін 60 мың теңге көлемінде қалдыру көзделген болатын. Алайда заң жобасы жарияланғаннан кейін Президент ең төменгі жалақы мөлшерін 70 мың теңгеге дейін ұлғайтуды тапсырды. Айта кетерлігі, аталған сома бюджет туралы заңда да бекітілді.
Сол сияқты заң жобасында мемлекеттік базалық зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызын құрайтын болып көрсетілген еді. Дегенмен, Президент базалық зейнетақы мөлшерін біртіндеп ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін жеткізу жөнінде тапсырма берді. Осыған орай 2023 жылдан бастап базалық зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60 пайызы көлемінде белгіленіп отыр. Яғни, ол 24 341 теңгені құрайды. Бұған қоса бекітілген заңда елдегі ең төменгі зейнетақы мөлшері 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап 53 076 теңгені құрайтыны көрсетілген. Айта кетейік, бұл сома былтырғы жылмен салыстырғанда 10,5 пайызға артқан.
Осылайша 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап АЕК және КД деңгейіне байланысты Қазақстанда зейнетақы, жәрдемақы, айыппұл мен салық және тағы басқа төлемдер мөлшері ұлғаятын болады.
Бұған қоса Қазақстанда жаңадан Әлеуметтік кодекстің жобасы әзірленіп, оны қабылдау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Оған сәйкес, жұмыс берушілердің есебінен қызметкердің пайдасына қосымша міндетті зейнетақы жарнасын енгізу көзделіп отыр. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мамандарының айтуы бойынша, бұл тетік қазақстандықтарға зейнетке шыққан кезде бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан қосымша төлемдер алуға мүмкіндік береді. Бұл шараны енгізу кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
Министрліктің мәліметіне сүйенер болсақ, Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің жобасында зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттырудың жаңа шаралары қарастырылған. Соның бірі – жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарын (ЖБМЗЖ) біртіндеп енгізу. Бұл жаңашылдық зейнеткерлікке шыққан азаматтарға жинақтаушы жүйеден қосымша зейнетақы төлемдерін алуға жол ашады. Еңбек министрлігінің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда базалық және ынтымақты зейнетақыларды, сондай-ақ БЖЗҚ зейнетақы төлемін қамтитын көпдеңгейлі зейнетақы жүйесі қалыптасқан. Соңғысы қызметкердің өз зейнетақы жинағы есебінен төленеді. Бұл ретте зейнетақының ынтымақты бөлігі жыл сайын азаяды. Өйткені, оны тағайындау кезінде тек 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін, яғни, жинақтау жүйесі енгізілгенге дейін болған еңбек өтілі ғана ескеріледі.
Алайда, қызметкердің жалақысының 10 пайызынан тұратын міндетті салымдар зейнетақының тиісті мөлшерін қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз. Яғни, еңбек жолын 1998 жылдың 1 қаңтарынан кейін бастаған азаматтар зейнетке шыға бастаған кезде олардың зейнетақы мөлшері өте аз болуы ықтимал. Сол себепті бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына ай сайын түсетін салымдардың көлемін жұмыс берушілердің есебінен арттыру, сол арқылы болашақта қызметкерлерге лайықты зейнетақы тағайындалуын қамтамасыз ету көзделіп отыр. Ел ішінде ЖБМЗЖ енгізу халықты зейнетақымен қамсыздандыру үшін жауапкершілікті мемлекет, жұмыс беруші және қызметкер арасында бөлуге септігін тигізеді. Оның үстіне бұл жоғалған табысты тиісті зейнетақы төлемдерімен алмастыруды қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Министрліктің мамандары бұл шара 1975 жылдан кейін туған қазақстандықтарды қолдауға бағытталғанын атап өтті. Азаматтардың осы санатындағы зейнетақы мөлшері зейнетақы аударымдарына тікелей байланысты болады.
Ковидтен кейінгі кезеңде жұмыс берушілерге жүктемені азайту мақсатында 2024 жылғы қаңтардан бастап бес жыл ішінде ЖБМЗЖ-ні кезең-кезеңімен енгізу межеленген. Айтпақшы, әлемдік тәжірибеде мұндай міндетті жарналар өте кең таралған. Айталық, Малайзияда зейнетақы қорына әрбір қызметкердің табысының 23 пайызы көлемінде аударымдар жасалады. Яғни, қызметкер жалақысының 12 пайызына тең сомманы жұмыс беруші өз есебінен аударса, қалған 11 пайызы қызметкердің есебінен аударылады.
Естеріңізге сала кетейік, Әлеуметтік кодекс жобасында еліміздің зейнетақы жүйесін азаматтарды зейнетақының лайықты мөлшерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіндей жетілдіру жөніндегі басқа да шаралар көзделген. Атап айтқанда, 2023-2027 жылдар аралығында ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерін кезең-кезеңімен 54-тен 70 пайызына дейін, ең жоғарысын ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100 пайызынан 120 пайызына дейін жеткізу мақсат етілген.