Он екі мүшең сау болса, қара басың ханмен тең Избранное

Четверг, 09 Март 2023 04:24 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 5618 раз

«2022 жылы 1,038 миллиард теңгеге 17 медициналық техника алынып, денсаулық сақтау ұйымдары заманауи жабдықтармен жарақтандырылды. Биыл одан 3 есе көп медициналық қондырғы алу жоспарланған. Оның басым бөлігі ана мен балаға көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыруға бағытталмақ». Бұл туралы Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Нұрлыбек Асылбеков Шымкент қаласы әкімдігінің Ақпараттық коммуникациялық орталығында өткен брифингте мәлімдеді.301

 

Брифинг барысында басқарма басшысы Н.Асылбеков өткен жылы денсаулық сақтау саласында атқарылған жұмыстарға тоқталып, 2023 жылға арналған жоспармен таныстырды. Сонымен қатар, «Шымкент жүрек орталығы» КЕАҚ Басқарма төрағасының уақытша міндетін атқарушы Д.Сүйгенбаев орталықта жасалып жүрген күрделі операциялар жайлы баяндады.
— Шымкентте медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етіп, қызмет сапасын арттыру мақсатында бірқатар жұмыс атқарылды. Денсаулық сақтау ұйымдарына бекітілген талапқа сай 1 емханаға 30 мың тұрғыннан келуі тиіс. Шымкентте бүгінде 45 емхана халыққа қызмет көрсетіп отыр. Яғни, 1 емханаға орта есеппен 26 мың тұрғыннан келіп тұр. Алдағы уақытта жұмыс сапасын арттыру үшін бұл көрсеткішті 24 мың тұрғынға дейін жеткізу көзделген. Медициналық қызмет сапасын арттыру үшін ұйым ғимараттарының жағдайына да көңіл бөлініп отыр. Мәселен, өткен жылы қалалық №2 оңалту орталығы мен №1 емхананың балалар бөлімшесі күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Биыл оңалту орталығы «Қамқорлық» қоғамдық қорының көмегімен 124 миллион теңге қаржыға заманауи құрылғылармен қамтылмақ. Ал, биыл №5 емхана мен №1 клиникалық аурухананың бір бөлігі күрделі жөндеуден өтеді. №1 клиникалық ауруханадағы күрделі жөндеу жұмыс ауқымына қарай 3 жылға жоспарланған, – дейді Нұрлыбек Абибуллаұлы.
Былтыр Балалар жылында қалалық клиникалық балалар ауруханасында да соны өзгерістер орын алған-ды. Диагностика жасауды жүйелі жүзеге асыру үшін арнайы сәулелі диагностика орталығы құрылып, оған МРТ ауыр медициналық жабдығы алынған.
— 2022 жылы 1,038 миллиард теңгеге 17 медициналық техника алынып, денсаулық сақтау ұйымдары заманауи жабдықтармен жарақтандырылды. Биыл одан 3 есе көп медициналық қондырғы алу жоспарланған. Оның басым бөлігі ана мен балаға көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыруға бағытталмақ. Сонымен қатар, былтыр қалалық балалар ауруханасынан онкогемотология, стоматология бөлімдері ашылған болатын. Биыл офтальмология бөлімін ашу жоспарланып отыр. Ол үшін инфекциялық модульдік орталық ғимаратын балалар ауруханасына бейімдеп, стационарлық орын дайындау жұмыстары жүріп жатыр, – дейді Нұрлыбек Абибуллаұлы.
Жуырда ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының басшысы А.Цой іс-сапармен келгенде №2 емхананың мүмкіндігімен танысып, перзентхана қызметін 3 деңгейге жеткізуді ұсынған болатын. Онда жүктіліктің 19 аптасында жүрген әйелге күрделі ота жасалып, дәрігерлер ана мен баланың өмірін сақтап қалған.
Н.Асылбековтің айтуынша, қаладағы күрделі диагноз қойылған жүкті әйелдер қалалық перинаталдық орталыққа жолданып келеді.
«Тұрғындар санының артуына байланысты перинаталдық орталықтың жүктемесі шамадан тыс артып отыр. Бұл мәселені шешу үшін биыл №2 емханаға қарасты перзентхана бөлімшесінің қызметін 3 деңгейге жеткізу мәселесі қаралып отыр. Ал, оған жеткізу үшін орталықты бейімдеп, мамандардың біліктілігін арттырып, қажетті заманауи техника алынуы қажет. Қазіргі таңда қаланың штаттан тыс акушер-гинекологы Есенгелді Бекишов бастаған білікті мамандар перзентханада күрделі диагнозбен келген жүкті әйелдердің босануына жағдай жасап келеді. Яғни, білікті мамандарымыз бар. Енді техникалық базаны нығайту қажет», деді қаланың бас дәрігері.
Сондай-ақ, Н.Асылбеков қаланың бас жоспарына сәйкес, мегаполистің жаңа шағын аудандарына салынатын емхана мен ауруханалар жайын баяндады. Сондай-ақ, қалалық онкологиялық аурухана жанынан құрылған ядролық медицина орталығының жұмысына тоқталып өтті. «Онда ПЭТ/КТ құрылғысының көмегімен жылына 3500 адамға диагностика жасап, қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік бар. Ал, Varian фирмасының Halcyon сәулелі емдеу жүйесінің қатерлі ісікті нүктелік дәлдікпен емдеуде көмегі зор. Яғни, науқастың өзге ағзасына зиянын тигізбей, дертке шалдыққан органды ғана сәулемен емдейді», дейді қаланың бас дәрігері.
Айта кетейік, Шымкент жүрек орталығы да жыл сайын медициналық қызмет сапасын арттыруға ерекше назар аударып отыр. Бүгінде Шымкент қаласы мен Түркістан облысында алғаш рет ЭКМО, Tavi, LVAD және стент-графттарды имплантациялау сынды жаңа технологияларды қолданысқа енгізу арқылы жоғары мамандандырылған медициналық көмектің үлесі артқан. Мәселен, былтыр орталық қызметіне 5501 адам жүгініп, оның 75 пайызына шұғыл медициналық көмек көрсетілген.

 

Ашық есік күні

Шымкентте 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі аясында қалалық медициналық ұйымдарда Ашық есік күні өтеді. Іс-шара аясында дәрігер-хирург, гинеколог, репродуктолог, кардиолог және жалпы тәжірибе дәрігер, ревматолог, невропатолог мамандардың қатысуымен медициналық тексеру жұмыстары жүргізіледі.

320

 

Ашық есік күндері өтетін медицина ұйымдары мен уақыты:
1. Шымкент қалалық онкологиялық орталықта – 9 наурыз сағат 09:00-13:00 аралығында;
2. Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханада – 10 наурыз сағат 09:00-13:00 аралығында;
3. Шымкент қалалық №2 ауруханада – 10 наурыз сағат 09:00-13:00 аралығында;
4. Шымкент қалалық №3 ауруханада – 10 наурыз 09:00-13:00 аралығында;
5. Шымкент қалалық перинаталдық орталықта 13 наурыз 09:00-13:00 аралығында;
6. Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасында – 15 наурыз 09:00-13:00 аралығында
7. Шымкент Жүрек орталығында – 11-17 наурыз 09:00-13:00 аралығында өтеді.