Бүгiнгi балалар ертегi тыңдай біле ме?

Пятница, 27 Март 2015 08:03 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 14788 раз

Ертегі – балалардың қалыптасуына бағыт көрсететін рухани азық. Мұны әлімсақтан аңғарған ата-бабамыз жыршылдық пен шешендік өнерді балаға кішкентайынан үйреткен. Ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке баулыған. Қазақтың Абай, Шоқан, Мұхтар сынды тұлғалары ертегімен сусындап, тәлім алған. Тәрбиенің бастауы болған ертегіні бүгінгі ұрпақ қаншалықты біледі?

777Қазір ертегі айтатын әжелер азайды ма, әлде ертегі тыңдайтын балалар жоқ  па? Бүгінгі жас ұрпақтың халық ауыз әдебиетіне әуесі жоқ секілді. "Ертегі айтып бер" деген баланы, ертегі айтып берейін деген әжені көрмейміз. Балғын қиялдары ғаламтормен, ұялы байланыс телефонымен ұштасып жатыр. Ұлттық тәрбиенің көзі болған ертегіміз өгейсіп тұр. Ақиқатын айтқанда, ата-ананың ертегі айтуға уақыты жоқ. Бала тілегін тыңдап, өтінішін орындауға құлықсыз. Ертегі айтшы деген ұл-қызына: «Жұмыстан шаршап келдім. Кітап алып берермін» деп құтылатындар көп.  
Көңілінде алаңы жоқ бүлдіршіннің ертегі тыңдағысы келмейді дейсіз бе? Бір сәт жандүниесін ертегімен сусындатқанды қалайды. Кейіпкерлердің жақсысына еліктеп, жаманына жиреніп, таңғалғысы, сүйсінгісі келеді.
Психологтардың айтуынша, ертегі тыңдап өскен  бала алдағы өміріне бағыт қалыптастырады. Ертегі кейіпкерлері батырлардың тұлғасына қарап, бой түзейді. Осыны ескерген Еуропа елдері мен Ресей және елімізде ертегі терапиясына мән бере бастады. Балаларды дамыту орталықтарында кеңінен қолданылуда. Мамандар «Ер Төстік», «Қобыланды батыр» ертегілерінен бөлек заманға лайықты дүниелер жазылса дейді.
– Ертегі айтатын әжелердің азайғаны рас. Үлкендердің уақыты сериал көрумен кетеді. «Қарға тамырлы қазақтың» той думаны да көп. Ағайын-туыстың қуанышынан уақыт артылмайды. Ес білген қараусыз бала қайтеді? Компьютеріне жармасады сосын.
Негізінде баланы тілі шыққан күннен бастап тәрбиелеу керек. Жылап отырған балдырғанның тілін тауып, мысалмен жұбатуға болады. Емізулі сәби тәрбиені бойына тез сіңіреді. Ал 4-5 жастағы бала айтқанға көне бермейді. Өкінішке қарай, бүгінгі әжелер немерелерімен санаспайды. Баланың «тілін», санасын түсінбейді. Ата мен әже баланың тілін табуы керек.
– Ертегі — халықтың шығармасы ғана емес, мол мұрасы, қымбат қазынасы. Қазіргі уақытта немерелерім Айбике, Әдия, Әлнұр ертегімен өсіп келеді. Үшеуі де сөзге шебер. Мектепте үздік оқиды. Сондықтан, ертегіге баға жетпес қазына ретінде қарап, балаларды ертегі оқуға қызықтырғанымыз жөн. Әйтпесе, ертегі тыңдамайтын бала бола ма? – дейді облыстық «Әжелер алқасы» қоғамдық ұйымының төрайымы Үрзада Айтөреева.
 Дегенмен қазіргі балалардың арасында «Алпамыс», «Қобыланды», «Ер Төстік» секілді батыр болуды армандамайтын, тіпті қырық өтірікті судай сапыратын Тазша баланың өтірігіне сенбейтіндер көп. Себебі, олар кейіпкерлердің бірде – бірін білмейді. Балаларды әженің ертегісі емес, шетелдің «Спанчбоп», «Шрек», «Бентен», «Өрмекші адам», «Көліктер» сынды кейіпкерлері тәрбиелеуде.
Бүгінде ертегі айтуға уақыты жоқ ата-аналар мен әжелер үшін «Электронды қазақ үйі» тәрбие құралына айналды. Заманауи электронды құрал қазақтың игілігіне жарап тұр. Ұлттық өнім әдебиетіміз бен мәдениетімізді, дәстүрлі дүниетанымымызды ел-жұртқа насихаттайды. Танымал актер Айдос Бектемір мен диктор Сауық Жақан оқитын 150 ертегі әрбір отбасы үшін таптырмас құрал болып отыр.
Тәрбиелік тағылымы мол, мазмұны бай тәрбие құралы балалардың сөздік қорын молайтып, халық ауыз әдебиетіне ықыласын арттырады.
– Ертегілерде халық басынан кешкен ғасырлар ізі жатыр. Еңбекші халықтың тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрып, елдік тарихы, халықтың мұң-шері, арман-мұраты бейнеленген. Осындай барлық құндылықты бойына жинаған құрылғыға риза болдым. Немерелерім электронды қазақ үйі арқылы ертегі тыңдайды. Әйтсе де, үш немереме ертегі айтуға уақыт табамын. Ерте, ерте, ертеде Қазақ болыпты деп бастаймын. Баланы кішкентайынан ұлттық рухта тәрбиелеу керек  қой. Байқағаным, біз бүгінгі балаларды қызықтыра алмаймыз. Сәбиге жұбансын деп, ұялы телефонды береміз.
Қазір ертегінің түр-түрі көп. Әсіресе, орыс ертегілерінің салмағы басым. «Иванушка»  деген бала болыпты. Өзі жалқау екен деп басталатын ертегінің балаға беретін тәрбиесі бар ма? Балаларды елін сүйетін, ұлтжанды азамат етіп тәрбиелеу керек, – дейді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Күлия Айдарбекова.
Қазақ халқының сөзге тапқыр, шешендігін ескерсек, балаларға ертегінің тәрбиелік мәні зор. Ертегі арқылы табиғаттың сырын сезініп, халықтың әдептілік ұғымдарын бойына сіңіреді. Бала қиялына қанат бітіреді. Ой-өрісін дамытады. Осы орайда «Ер төстік және Айдаһар» атты 3D пішінде толық метражды анимациялық фильмін де атап өтуге болады. Желаяқ, Таусоғар, Көлтауысар сынды кейіпкерлер халқымыздың ауыз әдебиетінің бай екенін көрсетеді. Олай болса халыққа қорған, ата-анасына қамқор тұлға қалыптастыру үшін балаларымызды ертегімен тәрбиелейік!

Последнее изменение Понедельник, 30 Март 2015 05:19
Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.  

Другие материалы в этой категории: « Ғибратты ғұмыр Мықты токарь Бразилияға барады »