Қиын бала қайдан шығады?

Пятница, 03 Апрель 2015 06:59 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 8987 раз

Қазіргі таңда жасөспірімдер арасындағы тәртіп бұзушылық көп белең алып келеді. Оқу-тәрбие процесінде қиындық келтіріп жүрген жасөспірім оқушылармен жұмыс істеу, мектепте еңбек етіп жатқан ұстаз қауымы үшін үлкен мәселе болып тұр. Осыған байланысты «Қиын бала қайдан шығады?», «Бала тәрбиесіне кім жауапты, бала тәрбиесіне кім көңіл бөлу керек?» деген сұрақтар туындайды.

kiyn balaҒалымдардың зерттеу жұмыстарының нәтижесі бойынша қиын оқушылардың пайда болуына 2 фактор себепші болатыны анықталған. 1-фактор: Отбасы тәрбиесінің дұрыс ұйымдастырылмауы, яғни, отбасыдағы ұрыс- талас, дау-жанжал, баланың психологиялық ерекшеліктерін ескермеу, маскүнемдік, ата-ананың біреуінің болмауы секілді  жағдайлар. Моральдік жағынан азғындаған отбасында, әдетте балаға жеткілікті көңіл бөлінбейді. Балалар ата-анасының қамқорлығы мен сүйіспеншілігін сезбегендіктен, олар ертеңгі күннің қауанышын жоғалта бастайды. Сондықтан, олар өздеріне отбасында алмаған қамқорлық пен қайырымдылықты сырттан, көшеден іздейді. Бірақ көп жағдайда оларды көше бұзақылары «қамқорлығына» алады.  2-фактор: Мектептегі оқу-тәрбие жұмыстарын ұйымдастыруда кеткен кемшіліктер, яғни қиын оқушылардың мінез-құлық ерекшеліктерін, ынта-ықыласын, қызығушылығы мен талап-тілегін ескермеу, кейбір мұғалімдердің оқушы алдында беделінің төмендеуі.
Әрине бала тәрбиесінде, адамның өмірінде, өз ата-анасынан кейін ұстаздардың алатын орны ерекше бағаланады. Ұстаз бүгінгі күнге ғана емес, ертеңгі болашаққа қызмет істейді. Өйткені, ұстаздардың ең басты негізгі міндеті – оқушыларды біліммен қаруландыра отырып, ойлауға, ізденуге, еңбек ете білуге баулу, тәрбиелеу, баланың тұлғалық қалыптасуын қамтамасыз ету, оның қабілеттерін айқындау және дамыту болып отыр.
Ата-ана өз баласының кемшілігін түсініп, ұстаздармен тіл табыса отырып, мұғалім бала үшін шын мәнінде жанашыр, ұлы адам екенін, оның айтқан тәрбиелік әр сөзінің маңызды екенін түсіндіріп отырса, екіжақты тәрбиелік көзқарас бір арнадан шығып, тиісті ортақ талап болса, баланың тәртіпсіз болуы, оқуды үлгермеуі, ілуде болмаса, мүмкін емес. Ата-ананың бүгінгі таңдағы міндеті – бала үшін тек киім мен тамақ беру ғана емес, өз ұрпағының болашақ үлгілі саналы азамат болуына ең жауапты адам өзі екенін түсінсе дейміз. «Не ексең – соны орасың» – деп халық даналығы тегін айтылмаса керек.

Дариха Алимбекова,
№18 Ш.Уәлиханов
атындағы ЖОМ директордың тәрбие ісі жөніндегі
меңгерушісі, Білім беру ісінің үздігі                         

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.