Соғыс жылдарындағы Оңтүстік Избранное

Пятница, 08 Май 2015 04:11 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 7258 раз

Ұлы Отан соғысы барлық халыққа қайғы-қасіретті аз әкелген жоқ. Қолына қару алуға жарайтын ер-азаматтар майданға аттанғанда өндіріс пен елдегі жұмыс қарттар мен әйелдердің, жас балалардың мойнына түсті. Әсіресе, Оңтүстіктің әйел-аналары ауыртпалықты нәзік иығымен көтере білді.  Соғыс жылдары олардың бір тобы зауыттарда токарь, станок, балташы, тас қалаушы мамандықтарын игерді. Мыңдаған әйел мен қыз-келіншек Ащысай, Ленгір шахтасында еңбек етті.


1402651936 0 5e97a 1154169f origОблыстық мұрағаттың деректеріне сүйенсек, Оңтүстік Қазақстан облысы соғыс басталған сәттен бастап, барлық қалалар мен селоларда, кәсіп-орындар мен зауыттарда митинглер өткен. Олар Отан қорғаушылардың жанынан табылуға, жауды жеңу үшін бірауыздан шешім қабылдады. Мұндай митингі қорғасын, химфарм, кірпіш зауыттарында, Түркістан қаласында, Белые Воды, Сайрам селоларында, Ащысай кенішінде, Ленгір шахтасында өтті. Барлығы майдан үшін, Жеңіс үшін жұмыс істеді. Алғашқы күннің өзінде әскери комиссариаттарға жұмысшылар мен студент жастардан «Қызыл әскер қатарында болғым келеді, жауға тойтарыс беру үшін майданға жолдауыңызды өтінемін» деген өтініштер көп болды.
Ерлер майданға аттанып, өндіріс орындары бос қалды. Сол сәттен бастап, олардың орнына әйелдерден кадрлар дайындалды. Патриотшыл әйелдер Отан алдындағы  борышына белсенділікпен кірісті. Бойындағы ерекше құлшынысты, сарқылмас қажыр-қайратты ауыр еңбек арқылы көрсетті.  Өндірістік кәсіпті игерді.  Еліміздің тарихында бірінші рет әйелдер Ащысай, Ленгір шахтасына түсті. Мақтаарал кеңшарынан 100-ден астам әйел тракторға отырды. Әйелдердің бір тобы электровоздың машинисі, электр слесары, от жағушы, оталдырғыш болды. Ащысай комбинатында 793 әйел жұмыс істеді. Ауылшаруашылығында да әйелдер мен жас балалар жегілді. Әсіресе, балалық шағы сұрапыл жылдармен тұспа тұс келген балаларға оңай болмады. Таңның атысы, күннің батысы үлкендерден қалыспай тер төкті. Соғыс жүріп жатқандықтан барлығына тәртіп қатты, талап күшті болды.  Техника болмағандықтан  бар жұмыс қолмен атқарылды. Тыл далаларында әйелдер өз қолымен  50 мың гектар егін жинады. Мәселен, Келес ауданынан Оразкүл Бектұрғанова 1942 жылы мақтаның әр гектарынан 20 центнерден өнім алса, шардаралық Рыскүл Махатова 1944 жылы мақтаның әр гектарынан 98 центнерден өнім алды. Ал, сарыағаштық Қарақыз Монтаева қаракөлден 148-160 қозы алып, жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Сөйтіп, ОҚО еңбекшілері егін және мемлекеттік астық жинаудан республика бойынша алдыңғы қатарлы болып орындады.
Бүкіл республика халқы сияқты облыс еңбекшілері де Қызыл Армияға көмек қолын созып жатты. “Артық астықты мемлекетке сату – әрбір колхозшының патриоттық борышы” ұраны да сол жылдары өмірге келді. Майданға 1941 жылдың желтоқсанында халық тарапынан 14207 дана жылы киім, 834 келі жүн, 59 келі мақта, 157 метр мануфактура, 70 келі киіз өткізілген. Бұдан бөлек, ОҚО еңбеккерлері 1941 жылдың қазанында майдангерлер үшін ет, құрғақ  жеміс, азық-түлік өнімдерін жөнелткен. Киров ауданындағы Молотов ұжымдарында тұрғындар жеке қорынан 30 мың пұт астық жинаған. Сондай-ақ, соғыстың алғашқы екі жылында Ильичев ауданының еңбекшілері Қызыл Армияның жауынгерлері мен офицерлеріне 13 884 дана жылы киім, оның ішінде 513 тон, 710 жұп қолғап, 2066 фуфайка жинап берген. Ержүрек жауынгерлер ильичевтіктерден 1320-дан астам азық-түлік, май, жеміс-жидек алды.  1941 жылдың қараша айында химфарм зауыты 2 вагон бинт шығарып, майданға жөнелтті.
Шымкент – еліміздегі майдан шебіндегі ірі өнеркәсіп ошағы болды. Ресейден, Харьковтан шұлық, айна фабрикалары, әйнек зауыты сынды 26 кәсіпорын көшірілді.
Шымкент теміржол желісінің жастары «Қазақстан комсомолы» атты танк бөлімшесін құру жөніндегі ұсынысы өз жемісін берді. Олардың бастамасын тек облыс емес, республика жұртшылығы да қолдады. Бұл мақсатқа 3 млн. 436 мың сом жиналған.
– Күрес шебері Қажымұқан Мұңайтпасов ұшақ құрастыруға 100 мың сомын аударған. Ал жұмысшылар жұмыс нормасын 200 пайыз артық орындады. Қорғасын зауытында, сондай-ақ комсомол бригадалары екі ауысымда отандық тапсырманы екі күнде орындағаны жөнінде деректер сақталған. Осының бәрінде оңтүстікқазақстандық қыз-келіншектердің ерен еңбегі мен маңдай тері жатыр. Тыл тауқыметіне шыдай жүріп, шиеттей балаларын өсіріп, ер-азаматтарға рух берген әйел-аналардың ерлігін ұмытпау да керек, ұлықтау да керек. Әйел-аналар құрметке әбден лайық, – дейді облыстық мұрағаттың директоры
Қабылбек Төретай.
Иә, өндірістер мен тылда абзал аналардың төккен маңдай тері, жанқиярлық еңбегі еленбей қалған жоқ. Озат жұмысшылардың кеудесіне «Ерен еңбегі үшін» орден-медальдар тағылды. Тыл және еңбек ардагерлері «Біз үшін ең басты марапат орден емес, Ұлы Жеңіс еді», – дейді.

P.S. Майданға 1941 жылдың желтоқсанында халық тарапынан 14207 дана жылы киім, 834 келі жүн, 59 келі мақта, 157 метр мануфактура, 70 келі киіз өткізілген. Бұдан бөлек, ОҚО еңбеккерлері 1941 жылдың қазанында майдангерлер үшін ет, құрғақ  жеміс, азық-түлік  өнімдерін жөнелткен.

Последнее изменение Пятница, 08 Май 2015 04:17
Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.