Олар – қазақтың келiндерi

Четверг, 30 Апрель 2015 05:53 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 5907 раз

Қазақстанда түрлі ұлт өкілдері өмір сүреді. Қазақ халқы ешқайсысын бөтенсінген емес. Құшағын айқара ашып, барымен бөлісті. Бертін келе, еліміздегі бірнеше ұлттар біте қайнасып, араласып, бір-бірімен құдандалы болды. Өзге ұлттың қызын келін етіп, шаңырағынан орын берді. Оның  шыққан тегін құрметтей отырып, қазақылыққа баулыды. Ұлты басқа демесеңіз, қазақтың дәстүрін бойына сіңірген осындай келіндерді білеміз. Олар – корей, украин және татар қыздары. Бүгінде олар қазақы шаңырақтың тұтқасын ұстап, ұрпағын өрбітіп отыр.

Менiң жаным – қазақ

aleumet1Алғашқы кейіпкеріміз – корей қызы Людмила Мырзагелдиева (Ким). (1-суретте). Ол 1976 жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданында дүниеге келген. Болашақ күйеуі  Досымжанмен  танысып, бас қосқан уақытта небәрі 18 жаста болатын. Досымжан үйлену туралы ұсыныс жасаған кезде, қатты қобалжыған. Өйткені, бір ауыз қазақша білмеген. Оның үстіне, үйленген соң, ауылда қалулары керек-тін. Не «иә», не «жоқ» деп айтарын білмей жүргенде, қазақтың ғашық болған қара баласы қарап тұрсын ба? «Әй-шәйға» келтірместен, алып қашқан. Людмила қазақ отбасына келін болып түскен соң, отбасындағылардың көңілінен шығуды көздейді. Ол үшін не істеу керек? Әрине, тіл мен салт-дәстүрді меңгеру қажет болды. Қазақ тілін білмегендіктен, бір жыл бойы қиналыпты. Үйіндегілер келінімен шүлдірлеп, орысша сөйлесіп жүрді. Осындай «қысылтаяң» кезде оған Айнұр абысыны көмектесті. Тіл үйретті, қазақтың ұлттық тағамдарын қалай пісіру керектігін көрсетті. Осылайша, абысын-ажын ата-енесінің жоқтығын білдіртпей, тату-тәтті өмір сүрді. Қазір Людмиланы көрген адам қазақ деп ойлайды. Қазақшаға судай. Асылжан мен Гүлжан есімді ұл-қыз өсіріп отыр. Келін түсіріп, қыз ұзататын шаққа да жетіп қалған. Людмиланың айтуынша, құдаларының қазақ болатынына сенімді. Қазақы дәстүрді жақсы ұстанады.
– «Қазақта бірлік болмай, тірлік болмайды» деген ұлағатты ұғым бар. Маған елімізде бейбіт өмір сүріп жатқан ұлттар мен ұлыстардың татулығы қымбат. Қазақстанымыздың нығаюын, өркендеуін қалаймын, – дейді Л. Мырзагелдиева.

Көпұлтты отбасымыз

aleumet2  aleumet3 

Келесі кейіпкерлеріміз – Елена Арыстанова мен Ландыш Баймұрзаева (2-3 суреттерде). Бірі – украин, екіншісі – татар қызы. Екеуін де қазақ отбасы біріктіріп отыр. Нұрлан мен Серік есімді ағайындылардың жарлары. Айта кетейік, олар – 1, 2 және 3-ші дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталған Қазтай Арыстановтың келіндері. Қазтай ата мен Әсемгүл әжеден тараған немерелердің аналары. Елена – бұл отбасының үлкен келіні. Қара шаңырақта тұрады. Арыстановтар отбасына келін болып түскеніне 7 жылға жуықтады. Тимур, Дәурен және Айлин есімді балаларды дүниеге әкелген. Қазақтың ұлттық тағамы ет пен бауырсақты, наурыз көжені дәмді етіп пісіреді. Қамыр жаюды да үйреніп алған. Еленаның айтуынша, қазақ отбасында кемінде төрт-бес баладан болуы тиіс. Қайын әпкесі Айгүл  апай қолындағы келінінің таң қылаң бере ұйқыдан оянып, Қазтай атаға шайы әзірлейтінін және жүріп-тұрудан қалған қайын атасының бар тазалығына жауапты екенін айтады.
Ал, Ландыштың Ресейден көшіп келуі қазақ отбасына келін болуға жазғандай. Серікпен танысып, жұптары жарасты. Қазір екеуі бір ұл тәрбиелеп отыр. Олар өздерін көпұлтты жанұя деп санайды және мақтан етеді. Қазтай ата да ұлдарының таңдауына шек қоймаған. Арыстановтар отбасында Ерлан есімді үшінші ұлдың да жанұя құратын уақыты болды. Енді атасы, әпкесі мен жеңгелері қазақ келін келеді деп дайындалу үстінде. Елена мен Ландыш «Қазақстанымыздың нығайып, өркендеуінен асқан бақыт жоқ. Осы үшін қазақ халқына, Президентімізге алғыс айтамыз», – дейді.
Елімізде түрлі  ұлт өкілдері ынтымақтың  арқасында берекелі ғұмыр кешіп отыр. Бейбітшілікті ту еткен олар қазақ халқымен бірге тәуелсіз еліміздің іргесін қалауда үлесі зор.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.