Менiң көкем

Пятница, 15 Май 2015 03:28 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4863 раз

Көке, сені бүгін түсімде көрдім. Кәдімгі өзіміздің ерке Арыстың жағасындағы «Тұмсық» деп аталатын біздің ауылдағы үйдің төрінде жатырсың... «Көрпемді қымташы» деп өтіндің. Мен тілегіңе тақ тұрып, доптай домалап көрпеңді қымтап жауып жатырмын. Қайдан білейін, бойыңдағы соғыс салған жараның меңдеп, одан соң көз жұмарыңды...

3001Сырымды айтамын деп шынымды ақтарғым келіп отыр. Мен бала кезімнен осы мамандықты, яғни, журналистика саласын  таңдап, қолыма қалам алғалы өз туыстарым, тіпті, өз әкем еңбек және Ұлы Отан соғысының ардагері Әмір Қожақұлы жайлы қалам тербемеппін. Оның түрлі себептері болған шығар... Әкем жайлы ой қозғау жүрегімде мәңгілік сақталып келеді. Биылғы Жеңістің 70 жылдығына орай әкем Әмір (Қожахметұлы) Қожақов жайлы өздеріңізбен ой бөлісуді перзенттік парызыма баладым. Менің көкемнің аты Әмір, тегі Қожақов. Бабамыздың аты Қожахмет екен. Оны замандастары «Қожақ» деп атап кеткен көрінеді. Кейіннен құжаттарына да солай жазылып кеткен. Менің көкем 1922 жылы сол кездегі Арыс ауданына қарасты Шұбар ауылында дүниеге келген. Ал, 1939 жылы осындағы 7 жылдық мектепті тәмамдаған екен.
Көкем әскерге Арыс ауданынан шақырылды. Бүгінгі ұрпақтың бейбіт әрі бақытты өмірі мен шат күлкісі үшін Сталинград шайқасына қатысып, бір аяғынан айырылды. Дәлірек айтсам, Ресейдің Тула облысындағы Вишневка деревнясындағы қанды шайқаста оң иығы мина жарықшағынан жараланды. Сондай ақ, сол ұрыста аяғының тобығынан оқ тиеді. Дәрігерлер әскери госпитальда ота жасап, аяғы гангрена кеселіне ұшырамасын деген мақсатпен тізесінен төмен бөлігін кеседі. Көкем 1942 жылы аяғынан айырылғаннан соң, мүгедек екенмін деп мойымады, жігері жасымады.
Майданнан мүгедек болып оралған Әмір Қожақов өзін өзгелерден кем санаған жоқ. Он екі мүшесі саулардан артық тынбай еңбек ететін. Бізді де еңбексүйгіштікке баулыды, тәрбиеледі. Сол сұм соғыстан кейінгі жылдары әкем үнемі үкіметтің шаруасын бірінші кезекте бір кісідей атқарды. Сол кездегі Бөген қазіргі Ордабасы ауданында сотта қызмет етеді. Кейіннен ауылдағы шаруашылық жұмыстарына да белсене араласады. Ал, бізді, ағам Сабыр екеумізді есімізді білгелі еңбексүйгіштікке баулыды. Сұлу қыздың қос бұрымындай Арыс пен Боралдай өзендері түйіскен жердегі Тұмсық атты ауылда өстік. Үй іргесіндегі жердің жұмысы сонау ерте көктемнен қара күзге дейін бітпейді.
«Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын». Абай атамыз осылай толғанған. Көкемнің жалқаулыққа жаны қас еді. Ол нағыз еңбекқор, дихан болатын. Біздің Тұмсық атты ауылда жүз шақты үй түтін түтетсе, екі-үш отбасы ғана қауын-қарбыз егетін. Көкем күздігүні егістік басында бір сәт дем алған сәтте бізге өз қолымен мәпелеп өсірген қауын, қарбызды асықпай тіліп беруші еді… Жас баладай мәпелеп өсірген сап-сары, қызыл кішігірім кеседей шабдалының бұтағынан үзілердей майысып тұрған сәтін көрсеңіз, шіркін! Мұның бәрі менің көкемнің, біздің жыл бойы төккен маңдай теріміздің жемісі болатын. Біз осы шаруаларға, көкеме көмектесіп жүріп өмірдің тұтқасы еңбек екенін ұғынып өстік. Ал, көкем байлықтың атасы жер, анасы еңбек екенін үнемі біздің санамызға құйып отыратын.
Әкеміз сол аяғына Шұбардағы орыс шебері жасап берген ағаш аяқты киіп, пайдаланатын. Ал, мектептерге немесе өзге де кездесу, жиындарға сол кезде Мәскеуден, Алматыдан алдыратын пластмассадан дайындалған протез аяғын киіп, барушы еді. Көкем әр мұсылманға сауапты үш істі атқарды. Ауылдағы Найманарық деп аталатын ені 15 метрге жуық каналға көпір салуға тұрақты түрде көмек қолын созды. Ауыл ортасынан өз күшімен құдық қаздырды. Сондай ақ, жетім-жесірлерге үнемі азық-түліктер беріп, жәрдемдесіп отырды. Арыс өзені жағасында «Әмірдің тоғайы» деген тоғай болды. Ол тоғайда жиде, қара тал, терек, тұт ағаштарын өсірді.
Менің көкем турашыл еді. Жаны шындықты жақсы көретін. Ауылдас, ағайынның арасында ынтымақ, бірліктің айрандай ұюына да өз үлесін қосқан жан болатын. Құрдасы Еркінбай Жүсіпов деген хат тасушы арқылы республикалық, жергілікті газет-журналдарға көп жазылатын. Оқып, білгендерін бізге, көршілеріне, ағайын-туыстарына айтып отыршы еді. Наурыз мейрамы, ауызашар кездерінде көпшіліктің өтінішімен дастан, жырлар, айтыстар мен термелерді оқып беретін. Кітаптарды таңдап оқитын. Әкем 1979 жылы соғыс салған жара меңдегеннен соң, науқастанып қайтыс болды. Көзі тірі болғанда биыл тоқсан үшке келіп төрімізде бізге, кейінгі ұрпақтарына ақыл, кеңестерін айтып отырар еді. Дегенмен ол күндерді Алла бізге жазбаған екен... Ал, көкемнің өмірлік қосағы, біздің асыл анамыз Дариха Қожақова да бар саналы ғұмырын біздің бұл дүниеге бір кірпіш болып қалануымызға арнады.

 Уәлихан Әмірұлы,
журналист

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.