Ақпаратқа қолжетімділік біздің ашықтығымызды білдіреді

Пятница, 12 Июнь 2015 05:59 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 7999 раз

Бүгінде барлық мемлекеттік мекемелер, әкімдіктер жанында баспасөз қызметтері жұмыс істейді. Бұл қызметтің ерекшелігі де сол- БАҚ пен билік арасында алтын көпір орнату, ақпаратқа  қолжетімділікті арттыру. Облыс әкімінің баспасөз қызметінің бұл саладағы жұмыстары жүйелі жолға қойылған. Осы ретте облыс әкімі баспасөз қызметінің басшысы Жасұлан Лесбекұлы Әбдіманаппен әңгімелестік.

– Жасұлан Лесбекұлы, бұған дейін сіздің журналистика саласында еңбек еткеніңізді білеміз. Баспасөз хатшысы болу сіз үшін таңсық емес шығар?

 DSC2778– Бұл менің мемлекеттік қызметтегі алғашқы жұмысым. Өзім  Жамбыл облысының тумасымын. Бұған дейін телевизия саласында біраз тер төктік.  Ең алғашқы журналистік еңбек жолым «Қазақстан» ұлттық телеарнаның Жамбыл облысындағы филиалында басталған болатын. Сол жерде редактор, шеф-редактор,журналист- жүргізуші болып жұмыс істедім. Кейіннен  «Қазақстан» телеарнасының Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі, осы арнада бас редактор, бас директордың орынбасары қызметтерін атқардым. Одан кейінгі жылдары «Хабар» агенттігінің Жамбыл облысындағы тілшісі болдым. «Хабар» агенттігінің құрылымында әрбір 4-5 жыл сайын тілшілерді өңірлерге ауыстырып, ротация жасап  тұрады. Сол ротациямен мені Көкшетауда «24 kz» және «Хабар» арнасының меншікті тілшісі етті. Біраз уақыт өткен соң «Хабар» агенттігінің ұсынысымен продюсер болып Астанаға оралдым. Қарап отырсам, журналистикада жүргеніме 15 жылға жуықтап қалыпты.  

– Шымкент десе кейбіреулердің әзілі бар, шыны бар елең ететіні жасырын емес. Оңтүстікте қызмет ету туралы ұсынысты қалай қабылдадыңыз?

– Журналистикадағы 15 жылдық тәжірибем біреуге аз енді біреуге көп боп көрінер. Бірақ, мұнымен журналистиканың майын тауысып іштік дей алмаймын. Ұстазымыз Қалыбек Атжан айтушы еді: «Мен 35 жылымды журналистикаға бердім, бірақ журналистиканың он-ақ пайызын білем» деп. Дегенмен, Көкшетауда жүргенде өзімді мемлекеттік қызметте сынап көрсем деген ой келді. Мемлекеттік қызмет саласына реформалар енгізіліп жатқанда мен « Б корпусына» тест тапсырдым. Өттім, сертификат алдым.
Сырт адамдарға  Шымкентке келіп жұмыс істеу деген үлкен батылдық болып көрінеді.  Менің достарым қалжыңдап айтып жатады:  «Басқа облыстарда жұмыс істеу бір төбе де, Шымкентте жұмыс істеу бір төбе» деп. Өйткені, Шымкент – үлкен мектеп. Облыстың үш миллионға жуық халқы бар, демек кез-келген салада бәсекелестік жоғары. Бұл жерде ұйықтап қалуға, бейқам болуға, салғырттық танытуға болмайды.  Шынын айту керек, алғашқыда жүрексіндім. Кейін ойлана келе осы жерде де бағымды сынап көруге бел байладым. Шымкент туралы сырттан естігенің бір бөлек, ішінде жүріп көргенің басқаша. Сол аураны сезініп, халықтың қабылдауын көргенде  Шымкентке деген көзқарасың жүз пайызға өзгереді. Оның үстіне осындағы журналистердің көпшілігін танимын, дос ретінде араласамын. Мүмкін сондай достардың қолдауына да иек артқан шығармын. Көп ойланып жатпастан шешім қабылдап, бірден қызметке кірісіп кеттік. Қазір міне, жүз күн толыпты.

– Қазір ақпараттың тасқындаған заманы. Бұл ретте қоғам мен билік арасында байланыс орнататын баспасөз қызметтерінің рөлі де айқындала түседі. Ал, медианарық кеңістігінде Шымкенттің алар орны бөлек. Өзіңіз жергілікті БАҚ-тың  жұмысын жіті бақылап, зерттеп көрген шығарсыз. Қалай бағаладыңыз?  

– Қазір облыста 240-қа  жуық газет-журнал, 10-нан астам телеарна бар екен. Менің байқағаным, басқа өңірлерге қарағанда Оңтүстіктегі БАҚ арасында демократия жақсы дамыған. Шымкенттік журналистердің тіліп сөйлеуі, тіпті мемлекеттік телеарнадағы журналистердің сын айтып,  бір ауыз сөзбен түйреп кетуі – бұл көп ерекшелігінің бірі болса керек. Үш ай болса да, барлық басылымдармен танысып үлгермедім. Оның үстіне ай сайын бір газет не журнал ашылады (күлді). Айта кетерлігі, мұнда жақсы журналистке сұраныс бар. Мәселен, өзім білетін облыстарда телеарна біреу ғана болса, журналистке деген сұраныс жоқ. Бұл жерде сіз жақсы тілшісіз бе басқа газет, телеарналарға өту мүмкіндігіңіз бар. Маған кейде Шымкент осы салада тынымсыз жұмыс істеп тұрған зауыт сияқты көрінеді. Осы жерден әбден пісіп, жетіліп шыққан, дайын маманды Астана, Алматы қабылдап жатыр.  Қараңыз, республикадағы белді, танымал журналистердің басым бөлігі Оңтүстік өңірінің тұлғалары.   

– Баспасөз қызметі тарапынан  облыстан шығатын басылымдарға мониторинг жүргізіле ме? Жергілікті атқарушы биліктің кейбір сыналған жұмыстары туралы материалдарға көзқарасыңыз қандай және ол сарапқа салына ма?

– Жергілікті басылымдарға  ұдайы мониторниг жүргізіліп тұрады. Әрине, жұмыс барысында ондай сыни материалдармен бетпе-бет келуге тура келеді. Біз өз тарапымыздан егер ол дұрыс материал болса,  жауап беруге тырысамыз. Сол саланың ақсауына кім жауапты, оның жауапкершілікпен қарауына ұсыныс жасау секілді шаралар жүргізіледі. Ал дұрыс емес, біржақты сын жазып, ешбір қисынға келмейтін мақала болса,  басылымға оны терістемеге шығаруға тура келеді. Тіпті, облыс әкімінің өзі БАҚ беттеріндегі материалдарды жіті қадағалап отырады. Әрбір өтіп жатқан оқиғалар, жаңалықтарды назарында ұстайды. Мүмкін кейбір әріптестеріміз ойлайтын шығар, біз көтерген мәселе әкімге жетпей жатыр деп. Жоқ, Асқар Исабекұлы облыстағы атқарылған жұмыстарға қатысты әрбір материалға мән  береді, бақылауында ұстайды.  Бір нәрсені айту керек, кейбір әріптестеріміз жеңіл сенсация іздеп, түймедей нәрсені түйедей етуге, облыстың жақсы дүниелерін әлеуметтік желілерде теріс бағытта қолдануға құмар. Тіпті, өлім-жітім, оқыс оқиғаны көрсету арқылы елді елең еткіземіз деп ойлайды. Бізде осындай бір қасаң қағида бар. Мен айтар едім, бұл батыстан келген сырқат. Өзіңіз де байқаған шығарсыз, осыдан он жыл бұрынғы Шымкент пен қазіргіні салыстыруға келмейді. Әкімшілік-іскерлік орталығы салынды, қаншама инновациялық жобалар жүзеге асып жатыр. Жақсы жағымызды көрсететін мүмкіндігіміз көп. Біздің міндетіміз  – БАҚ-пен жұмысты үйлестіру, яғни ақпараттың дұрыс таратылуына, шығуына, объективті көзқарастың болуына мән беру.   

– Өзіңізге белгілі, журналистердің көп уақыты фактілер жинауға кетеді. Шындығында кейбір баспасөз қызметтері арқылы ақпарат алу өте қиын, уақыт  жұмсауға тура келеді. Сіздерде бұл мәселе қалай жолға қойылған?

– Облыс әкімінің баспасөз қызметінде ақпаратқа қолжетімділік тиімді жолға қойылған. Қазір мұнда үлкен ұжым жұмыс істеп жатыр, әрі жұмыс та жүйеленген. Алайда кемшін түсіп жатқан жеріміз де жоқ емес. Мәселен, жергілікті мемлекеттік басқармалар, аумақтық инспекциялар жанында баспасөз қызметтері бар, сол мекемелерден дұрыс маман дайындай алмаудамыз. Мұнда баспасөз қызметінің негізгі міндеттемелері дұрыс жолға қойылмаған. Баспасөз қызметі редакцияларға звондап, іс-шараға шақырумен шектелмейді. Сауатты  баспасөз релиздер дайындау, сұратылған мәліметтерді жедел беруде кемшілік жоқ емес. Сондықтан, облыстағы баспасөз хатшыларының ережесін, міндеттемелерін жасаудамыз. Ортақ жүйе жасап, оның ішінде аудандағы баспасөз хатшыларының жұмысын жетілдіру керек. Жалпы, бұған дейін баспасөз қызметінің жұмысын Берік Уәли ағамыз бір қалыпқа түсіріп, жолға қойып кетті, әлеуметтік желілер арқылы имиджін қалыптастырды. Бізге енді соны ары қарай жалғастырып, алып жүру қалып тұр. Қазір аудандардағы баспасөз хатшыларын техникалық жабдықтау мәселесін қолға алынуда.                                               

– Соңғы уақытта «Оңтүстік» ақпарат орталығында брифинг өткізу жиіледі. Бұл үздіксіз өтіп тұратын шара ма?

– Елбасының жуырда ғана жарияланған бес инстуционалдық реформасының негізінде жасалған «100 нақты қадамда» «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» деген тармақ бар. Бұл облыс әкімінің бастамасымен осы негізде қолға алынып жатқан шара. Өңір басшысы Асқар Исабекұлы БАҚ өкілдеріне еркіндік беріп, ашық диалог орнатқанды жөн көреді. «Оңтүстік» ақпарат орталығында аптаның бес күнінде брифингтер өтіп тұрады. Бұл жыл бойы тоқтаусыз өтетін шара. Брифингте тек басшылар есеп бермейді. Енді басқармадағы бөлім басшылары, жауапты мамандары да осында келіп мәліметтерімен бөліседі. Біз БАҚ алдында есеп беруді бергі жағынан ғана емес, мемлекеттік құрылымдарға тереңірек еніп, жұмыс жүргізуді қолға алдық. Қазір толық тізім түзіліп, ол барлық редакциялардың электронды пошталарына таратылды. Есеп беретін басшылардың тізіміне қарап, журналист өзін қызықтырған  тақырыбын тауып, керек ақпаратын алуға мүмкіндігі бар. Журналистер мұнда келіп күнде бір ақпарат алып кетеді. Жүгіріп, мәлімет іздеп жүрмейді. Егер бұдан бөлек жағымды жаңалықтарымыз болып жатса, оны қосымша жедел хабарлаймыз. Бұл біздің ашықтығымызды, жариялылығымызды білдіреді. Келесі аптада аудан әкімдері брифинг өткізетін болады.  

– Алдымызда журналистердің кәсіби мерекесі келе жатыр. Айтар тілек, ой-ұсынысыңыз бар ма?

– Әрине, бұл менің мемлекеттік саладағы алғашқы қызметім болғандықтан, кемшіліктер болуы да мүмкін. Егер кейбір әріптестеріме көңіл бөле алмай немесе тиісті ақпаратпен қамти алмай жатсақ, ол әкімдіктің емес, баспасөз қызметінің, менің тарапымнан жіберілген кемшіліктер деп айтар едім.
Кеше Қазақстан Журналистер Одағы облыстық филиалының ұйымдастыруымен  журналистер арасындағы Спартакиаданың ашылуына қатыстым. 26-шы реті өтіп жатқан спартакиада ойындарында спорттың 6 түрі қамтылыпты. Бұл да басқа өңірлерге қарағанда Оңтүстік журналистерінің ерекшелігін байқатады. Биылғы кәсіби мереке қарсаңында облыс әкімі тарапынан арнайы тағайындалған қомақты жүлделер бар. Олар жазуда ғана емес өздерін іс жүзінде де көрсете алатындығын дәлелдеп жатыр. Белгілі жазушы Шерағаң, Шерхан Мұртазаның «Журналистің жегені жантақ, арқалағаны алтын» дегені бар. Сондай-ақ осы Шерағаңның «газетпен шыбынды да, креслодағы шенеунікті де ұрып өлтіруге болады» деген қалжың-шыны аралас әңгімесі еске түседі. Сондықтан, журналистер қанша жерден сын жазсын, бәрібір жан жүрегінде өз еліне, жеріне деген сүйспеншілік, патриоттық сезімі жатыр. Қиын да күрделі мамандықтың иелеріне жұмыстарына сәттілік тілеймін, әрқашан патриот болуға шақырамын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен
Раушан МАХЫМОВА.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.