Чехов болмаса да...

Пятница, 12 Июнь 2015 06:05 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 6376 раз

Шымкентте  дәрігер-терапевт Ғанизат Асабаевты білмейтіндер кемде-кем. Ол өңіріміздегі денсаулық сақтау саласына өлшеусіз еңбек сіңіріп келеді. Қала тұрғындарының салауатты өмір сүруіне, сырқаттың алдын алуға үндей білген дәрігерге әр науқас өз туысындай. Себебі, ол науқас айыққанша алаңдаулы.

DSC 0636Дегенмен, Чехов, Булгаков сынды медицина мамандығын бітіріп, дәрігерлік қызметін әдебиетпен ұштастырған дәрігерлер аз. Ақ халатты абзал жан қолы қалт еткенде түрлі тақырыпқа қалам тартып тұрады.
Еңбек жолындағы 38 жылына көз жүгіртсе Ғанизат аға талай қиын да, сәтті де сәттерді басынан өткерді. Дәрігер мамандығына өз таңдауымен келген жоқ. Ол уақытта еңбек өтілі болмаса оқуға түсу қиын болатын. Емтихан сынынан сүрінбей өткенімен, қабылдау байқауынан ұпайы жетпей сүрінетін. Бұл жайттан хабардар Ғанизат анасын әуреге салғысы келмеді. Ауылда жазушы бала атанған оның журналист болу арманы еді. Алайда...
– Анам аяқ астынан сырқаттанып қалды. Шымкенттің қалалық ауруханасында оған ота жасалды. Дәрігерлердің арқасында аман қалғандықтан болар, мені дәрігер болуға көндірді. Өйткені қарапайым ауыл адамдары үшін дәрігер мәртебелі мамандық болатын,-дейді Ғанизат аға. Сөйтіп, анасы ақ батасын беріп, Алматыға шығарып салады.
Ауылдан аттанған қыз-жігіттердің ішінде бағы жанып, Алматы медициналық институтына қиындықсыз түсті. Сол сәттегі анасының қуанышын көрсеңіз... Бірақ, оның бұл мамандықты қалай игеремін деген уайымы күшті болды. Орыс тіліне шорқақ. Әйткенмен оқу үлгерімі жақсы жігіт мамандықты меңгеріп кетті.
Институтты аяқтаған соң, жолдамамен алғашқы жұмысын Сайрам ауданының Ақсукент ауылдық ауруханасынан бастады. Ондағы білікті дәрігерлер оны жатырқамады. Білгенін үйретіп, біліктілігін арттыруға көмектесті. Ұжымның артқан сенімі Ғанизатты алға ұмтылдырды. Ізденісін арттырды. Қалалық жедел-жәрдем ауруханасында да жемісті еңбек етті. Науқастардан жан жылуы мен мейірімін, аялы алақанын аямады. Нәтижесінде қолы жеңіл, емі шипалы дәрігер атанды. Алғысы мен рахметін, ақ тілегін ақтарған жандар қаншама. Шымкент темір жол ауруханасында табан аудармастан 30 жылға жуық еңбек етіп келеді.
Терапевт дәрігер өзі емхананы немесе дәрігерін таңдайтынын қолдайды. Таңдау арқылы бәсекелестік болатынын, жаңа жүйенің берері көп екенін айтады. Мәселен, мемлекеттік тапсырыс алған жеке емдеу орнына азаматтар көптеп келе бастайды. Осы арқылы мемлекеттік және жеке емханалар арасында бәсекелестік орын алады. Медициналық қызметтің сапасы артады. Десе де, медицина саласында реформалардың көптігі рас. Оған Ғанизат аға күмәнмен қарайды. Реформаның көптігі қоғамға қауіпті дейді ол. Мүмкін бұрынғы жүйе енгізілсе, қазақ медицинасы биіктен көрінер еді деген ой түйеді.
– Өкінішке қарай, халық емханаға барудан қашады. Өз денсаулығын күтпейді. Ауруы асқынғанда ғана келеді. Дәрігер қанша білікті болса да, оның көрген-білгені емес, науқастың ықыласы ауруды емдеп жазуда негізгі рөлді атқарады, – дейді ол.
«Алтын кездік қын түбінде жатпайды» дегендей, қарбалас қызметте жүріп-ақ, қаламын қолынан тастаған емес. Шығармашылық жұмыстарға да уақыт табады. Ұлтжанды азаматтың тарих, тіл, діл туралы әңгімесі толас таппайды. Көкейкесті мәселелерді мөлдірете жазды. Оқырманға ой салып, орамды пікір айтады. Терапевт-дәрігердің жазылған мақалалары көпшілікті бей-жай қалдырмайды. Әсіресе, ауыл мен мектептің тыныс-тіршілігі, қызықты балалық шақ оқырманды еліктіріп әкетеді. Оқиға желісінде титтей болса да жасандылық жоқ. Қайта шынайылық пен ауыл адамдарына тән аңғалдық езуге күлкі үйіреді. Ал оның сезімге толы әйел тағдыры туралы қолжазбасына жүрегің елжіреп сала береді. Ұстазы марқұм Ерсінбек Қойбағаров та Ғанизат ағаның «Ауыл. Мектеп. Балалық» әңгімесін ұнатыпты.
Ғанизат аға үшін ең өзекті мәселе – қазақ тілі мен ұлттық болмысымызды сақтап қалу. Осы тұрғыда кезінде қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Қазақ тілі үшін арнайы қоғам құрып, «Азаттық» қозғалысын ұйымдастырды. Оның 1989 жылы тіл туралы көтерген мәселесі елдің санасын сілкіндірді. Кеңестік жүйенің идеологиясына қарамастан, ой-пікірін ашық білдірді. «Егер қазақ тілін сақтай алмасақ, сіздердің шығармаларыңызды кім оқиды? Онда қазақ әдебиетін жасаймыз деп қызыл танау болудың керегі не?» деп, тайсалмастан айтқаны бар. Ұлттың өрлеуi үшiн ұлтқа күштi рух, рух болғанда да – мемлекетшіл Рух керек. Бiзде ол бар ма? Осы ой Ғанизат ағаны жиі мазалайды.
Бүгінде құрметке сай қызмет атқаруына жетелейтін, мойнындағы жауапкершілік жүгін арттыра түсетін ел құрметі деп есептейді. Он екі мүшеміздің амандығын тілеп, денсаулығымызды жақсартуға дәнекер бола білген ақ желеңді жанның еңбегі қандай құрметке де лайықты. Ғанизат аға арқылы төгілген тер, жұмсаған еңбек қашанда еленетініне риясыз көз жеткіздік.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.  

Другие материалы в этой категории: « Жедел жәрдемнің бiр күнi 91 егiз, 4 үшем »