Жедел жәрдемнің бiр күнi

Пятница, 12 Июнь 2015 05:36 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 5075 раз

Бүгінде басы ауырып, балтыры сыздамайтын пенде жоқ. Сырқаттанып қалсақ, алдымен жедел жәрдемнің көмегіне жүгінетініміз белгілі. Дәрігердің ауырған жерімізді тәмпіштеп сұраса, айыққандай күй кешетініміз тағы бар. Десе де, көпшілік ем-дом жасауға дайын арашашы жандардың сан түрлі жағдайды бастан кешетінін біле бермейді. Бұған Шымкент қалалық Жедел жәрдем стансасының №4 бекет мамандарымен болған шақыртуларға шыққанда куә болдық.

DSC 0068

Өткен жылы Литвада өткен халықаралық жарыстан Шымкент қалалық медициналық жедел көмек көрсету стансасының дәрігерлері қатысып, жеңіспен оралғаны есімізде. Сапалы әрі тез алғашқы көмек көрсеткен ұжым қызметін мінсіз орындаған болатын. Бекеттің өнімді жұмыс жасауына  бас дәрігер Гүлнар Құрманбекованың  да еңбегі зор. Ұжым талай жанға өмір сыйлап, алғысқа бөленіп келеді.
Бізді №4 бекеттің меңгерушісі Аманкүл Сатыбалдиева жылы шыраймен қарсы алды. Жүзінен мейірім төгілген маман  стансаның жұмысын бүкпесіз жайып салды. Әңгіме арасында ол қалалық жедел жәрдем стансасының 1936 жылы құрылғанын, 9 бекет, 95 жедел жәрдем көлігі,  69 бригада  бар екенін атап өтті.
– Шымкент қалалық жедел жәрдемнің  №4 бекетінде  фельдшерлік, дәрігерлік, педиатрлық, кардио-реанимация бригадалар бар. Жансақтау бригадасы да тәулік бойы жұмыс істейді. Аурудың жағдайына қарай дәрігер кез келген бригаданы жедел көмекке шақыра алады – дейді ол.
Аға фельдшер Айсұлу Сұлтанбекованың айтуынша, қала бойынша тәулігіне 1500, №4 бекетке 260-қа дейін шақырту келіп түседі. Ал ауа райының қолайсыздығына байланысты қоңыраулар мұнан да көп түседі. Қазіргі таңда қалалық жедел жәрдем стансасы жаңа медициналық техникалармен толық жабдықталған.  Мұнда дәрігерлер орта есеппен жылына 400 мыңға жуық тұрғынның шақыртуымен шығып, талапқа сай қызмет көрсетеді.

Нөмiрсiз үй... қырағы Зарифа

DSC 0070

Қоңырау шылдыры минут сайын тоқтар емес. Қолдарына бір-бір телефон ұстаған 2 диспетчер қала бойынша шұғыл медициналық көмекке зәру тұрғындардың қоңырауларына жауап беруде. Мамандар үшін әрбір секунд маңызды. Қабылданған қоңырауды олар жедел түрде барлық бригадаларға рация арқылы хабарлайды.
Бекеттің тыныс-тіршілігінен  хабардар болған соң, №39 бригаданың интенсивті-терапия бөлімінің дәрігер-фельдшерімен науқасқа көмек көрсетуге асықтық. Жедел жәрдем көлігі дабылын іске қосып, шақырту бойынша  бірге рейдке шықтық. Бағытымыз – «Қызылжар» шағынауданы. Жүргізуші  Бақыт Өтебаев қызметіне алғыр екенін байқатты. Құс қанатындай жүйткіген көлік зулап келеді. Шұғыл көмек көрсету болғандықтан бригада жетекшісі, дәрігер Зарифа Мамырбаева рациямен шақырту берген үйді іздестіре бастады. Шындығында жекеменшік үйлердің арасынан хабар берген үйді  табу оңай болған жоқ. Көше Қозы Көрпеш аталғанымен, үйлерге нөмір берілмеген. Қызметіне ширақ Зарифа бұл тығырықтан жол тапты. Науқастың туыстарымен тілдесе отырып, мекенжайды әп-сәтте тауып алды. Есік алдына жүгіре шыққан әйел болған жайды айтып, үйіне бастай жөнелді. Дәрігерлермен ілесіп, үйге кірдік. Қою қараңғылыққа көз үйрете аз-кем тұрып қалдық. Зафира дереу терезелердегі жапқыштарды алдырып тастады. 58 жастағы Қадырхан Әбдіхалықов төсекте қимылсыз  жатыр. Есін жоғалтса керек. Ер кісі есік алдындағы байлаулы аттың шылбырына сүрініп, ат сүйреп кетіпті. Туыстары науқастың халы жақсармаған соң, екі  сағат өткенде хабарласыпты. Жедел-жәрдемнің мамандары алғашқы көмек көрсетіп, азаматты үйге қалдырмау керектігін  айтып, шұғыл түрде қалалық жедел жәрдем ауруханасына жеткізді. Біз дәрігерлер болмағанда науқастың беті бері қарамайтынын, ауруы бұрынғыдан үдейтінін түсіндік. Фельдшер Рамис Ахметгалеев мұндай оқиғалардың  жиі екенін, денсаулығына немқұрайлы қарайтындардың көп екеніне қынжылысын білдірді.
– Әсіресе, мекенжай бойынша  мәселе көп. Қоңырау шалушылар эмоциямен өзінің қайда хабарласқанын ескермейді. «Тез кел, жағдайы ауыр» деп тұтқаны қоя салады. Ол кім? Қайдан хабарласып тұр? Ал мекенжайлар шақырту бойынша дұрыс берілмейді. Талап бойынша көлік 20 минут ішінде жетуі тиіс. Әрине, жол кедергілері болмағанда, – дейді ол.
 Бекеттің қыз-жігіттері күн сайын жан шошырлық оқиғаның сан мәрте куәсі болады. Бастысы дәрігерлер әрқайсысы қайсарлық пен сабырлық танытып, ауру адамға дәрігерлік көмек көрсетуге тырысады. Себебі, тұрғындардың денсаулығына жауап беру, алғашқы медициналық көмек көрсету біздің борышымыз, – дейді Рамис. Қазақшаға жетік, жұмысына тиянақты, өз мамандығына деген сүйіспеншілігін, дәрігерлік антына адалдығы мен науқасқа деген жанашырлық ниетін көргенде Рамиске қалай сүйсінбейсің...

Қатер төндiрген көлiк оқиғасы

DSC 0078

Біз келесі сапарымызды №36 кардио-реанимация бригадасымен жолға шықтық. Бұл күн төтенше жағдайсыз өтпеді. Сағат кешкі 8-ден өткенде «Забадам» елдімекенінде 1 жастағы баласымен келіншектің жол-көлік оқиғасына ұшырғаны туралы суыт хабар жетті. Апат болған аймаққа бригаданың көлік жүргізушісі Оңғарбай Сиқымбаев шұғыл жетті.  20 жылдан бері жедел-жәрдемде қалтқысыз еңбек ететін ол қаланың қалтарысы мен ұңғыл-шұңғылын жақсы біледі. Жол-көлік оқиғасы Кристальный көшесінің қиылысында орын алған. Жүргізуші жігіт  көлігін қатты жылдамдықпен жүргізеді. Кенет көше қиылысынан шыққан машинаға тежегішін басып үлгергенімен артынан соғып өтеді. Шамадан тыс жылдамдықпен аялдамаға барып соғылады.  
Оқиға бойынша,  онда 5 адам қоғамдық көлік күтіп тұрады. 1990 жылғы туылған «Забадам» елдімекенінің тұрғыны
Ж. Жақыпова қатты зардап шегеді. Қолындағы бір жастағы бала періштесі қағып, аман қалыпты. Дәрігер
Салтанат Беспаева, Фурхат Султанбаев, фельшер Мақсат Ибрагимов қансыраған келіншекке жедел медициналық көмек көрсетті. Алған жарақаты ауыр болғандықтан жас  ана жедел жәрдем ауруханасына, кішкентай бөбек балалар емханасына жеткізілді.  
Күн сайын  бригада 20-дан астам шақыртуға барады екен. Келесі шақырту №4 шағынауданының тұрғыны 25 жастағы Алия Райымовадан түсті. Аяғы ауыр келіншек астан уланғанын аңғармай, өз бетінше екі күн  ем қолданған. Нәтиже болмағандықтан, жедел жәрдем көмегіне жүгінген. Дәрігер Салтанат науқастың қан қысымын тексеріп, алғашқы көмек көрсетті. Біз  рейдте  Салтанаттың өз жұмысына тыңғылықты, жан-тәнімен орындайтынын байқадық. Ол науқастың шағымын қабақ шытпай тыңдады. Тиісті көмегін ықыласпен көрсетті. Аяғы ауыр әйелдің астан улануы қауіпті болғандықтан, ауруханаға жеткізілді.
– Кейбір адамдар ауырса да, жарақат алса да, үй жағдайында емделеді. Араға бірнеше күн, тіпті, бір апта салып қана  жедел жәрдемге қоңырау шалатындар бар. Кейде уақытылы хабарламағанның салдарынан ауру асқынып кетеді. Салғырттықтың соңы жақсылыққа әкелмейді, – дейді Салтанат Беспаева.
Рейд барысында біз жедел жәрдем жұмысының оңай емес екеніне көз жеткіздік.
Мұнда мамандар өз қызметін жақсы біледі. Олар өздерінің білікті маман екендерін тағы да бір дәлелдеді. Тәулік бойы тыным тапқан жоқ. Түрлі жағдайлармен, оқиғалармен бетпе-бет келді. Кешке дейін бекетке 540 шақырту келіп түсті. Статистика бойынша, жедел жәрдемге түсетіндер арасында қан қысымы, жүрек  аурулары көп. Көбісі қант диабетіне, семіздікке шалдыққан. Жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккендер де аз емес.  Кешке қарай науқастардың саны күрт көбейеді екен.  
Күн ұясына батқанымен, жедел шақыртулар толастар емес. Жедел жәрдем қызметкерлері үшін жұмыстың қызған шағы. Бұл уақытта бригадалар жұмысқа білек сыбана кіріседі. Жедел жәрдем  қызметкерлерінің арқасында уақыт құнының алтыннан да қымбат екенін сезіндік. Сіз бен біз үшін күн мен түн деген айырма болса, олар үшін күннің 24 сағаты борыш, міндет, парызбен теңеседі.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.  

Другие материалы в этой категории: « Ер есімі ұмытылмайды Чехов болмаса да... »