Еңбекші – Шымкент қаласы аумағындағы халқы тығыз орналасқан аудан. Жұмысы жүйелі, көрсеткіші жоғары ауданның экономикасы жылдан жылға өркендеп келеді. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы қаланың дамуына өз үлесін қосуда. Жаңа Бас жоспарға сәйкес «Жұлдыз», «Қазығұрт», «Бадам», «Қаратөбе», «Сайрам тұрғын алаптарынан 21 елдімекен қосылып, аумағы кеңеюде. Қазір халық саны 322 мыңға өсіп отыр.

DSC 0942Халық саны артқан сайын әлеуметтік мәселелердің қордалана түсетіні сөзсіз. Біз осы бағыттағы атқарылған жұмыстардың қалай шешіліп жатқанын білу үшін аудан әкімдігіне бас сұқтық. Шымкент қаласы Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары Досалы Амангелдиевтің айтуынша, шаһарға қосылған барлық елдімекендерді аралап, тұрғындардың арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіпті.
– Шымкент қалалық мәслихатының шешімімен қайсы  елдімекеннің қай ауданға қарайтыны белгіленді.  Соған орай құжаттар рәсімделуде. Елдімекендердің проблемалары Шымкентті дамытудың 2020 жылға дейінгі даму жоспарына енгізіліп отыр. Алдағы уақытта инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандарға қатысты мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табады, – дейді ол.
Аудан әкімі орынбасарының айтуынша, кез келген құжатты қайта ресімдеу заң бойынша азаматтардың есебінен жүзеге асырылады. Өйткені бұл жұмыс әкімдіктің құзырына кірмейді. Сондықтан аудан басшылығы тиісті орталық мемлекеттік мекемелерге хат жолдапты. Нәтижесінде жылжымайтын мүлік орталығына тіркелу үшін тұрғындар техникалық төлқұжатын рәсімдеуге ақша төлемейтін болды. Қазіргі таңда тұрғындарға үй кітапшасы берілмейді. Электронды түрде тіркеледі.  
Халық саны артқан сайын мектеп пен балабақшаға да сұраныс көбейіп отыр. Бұған дейін Еңбекші ауданында 27 мектеп, 3 мемлекеттік балабақша болса, қазір мектеп саны 52-ге көбейді. «Бадам-1»  және «Жұлдыз» ауылдарында мектеп салу құрылысы қаралса, Сайрамда 1200 орындық мектеп бой көтерді. Ауданда мемлекеттік балабақша 26-ға артса, жекеменшік балабақша саны 30-ға жетті. Денсаулық сақтау орындары мен спорт нысандары көбейді. Елтай ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория  салынбақ. Ал Тоғыс ауылында жаңа  емхана құрылысы аяқталды.  Маятас  ауылының маңында орналасқан Михайлов су қоймасында  заманауи спорттық базаның құрылысы аяқталуға  жақын. Нысан бітсе балалар байдарка және каноэ есу сынды спорт түрлерімен айналысады. Еңбекші ауданының халқы көбеюіне байланысты көшелердің саны 710-ға артқан. Осының салдарынан көше атаулары қайталанып, 68 көшенің құжаты қайта рәсімделетін болды.
Қалаға қосылған елдімекендердің коммуналдық қызмет түрін ретке келтіруде шаруа шаш-етектен. Әр ауылдың  өзіне тән проблемалары бар. Бірінде ауыз су  тапшы. Бірінде жол қатынасы қиын. Еңбекші ауданы әкімінің айтуынша бұл мәселенің бәрі шешіледі. Бұған дейін елдімекендер ауыз суды ескі су тартқыш мұнара арқылы тұтынған еді. Сапалы ауыз сумен қамту мақсатында Сайрам, Исфиджаб, Қызылсу ауылдарына «Евроремонт сервис» ЖШС құны 874,3 млн. теңге жобаны жүргізуде.  «Бадам-2» ауылында «АША-А» ЖШС су жүйелерін жаңартуды жоспарлауда.
DSC 0929Сонымен қатар жарық мәселесі де шешіледі.  «Оңтүстік жарық Транзит» ЖШС-не қарасты  елдімекеннің электр желілері қайта жаңғыртылады. Яғни Бадам-1, Айнатас, Елтай, Тоғыс және басқа ауылдарда трансформаторлы тартымдық станциялары мен электр бағаналары ауысады. Алдағы жылдары жаңа электр жүйелері мен трансформаторлық станциялар салыну жоспарлануда. Ал жаңадан қосылған Сайрам, Тоғыс, Жыланбұзған ауылдарына №136,39,  жаңа бағытта  қоғамдық көліктер жүргізілуде.
Тарихы тереңде жатқан Сайрам  тұрғын алабында кәсіпкерлік саласы жақсы дамыған. Тұрғындар екі қолға бір жұмыс тапқан. Сайрамдық шаруалар жылыжай өсіру мен тамшылатып суару әдісін қолға алып, сонымен бірге мал бордақылау ісін жандандыруда.
Қайта жабдықтаудан өткізілген «Сайрам сүт» кәсіпорны 20 тоннаға дейін сүт өнімдерін өндіруде. Республика мен облыстың қазынасына қарайламай, өткен жылы өз бюджетінен үш мектеп салғанын да айта кету керек. Сайрам тұрғын алабында  12 мектеп, 8 балабақша бар. Оның аумағында  Испиджаб, Қызылсу, Өтеміс, Шапырашты елдімекендері орналасқан. «Балапан»  бағдарламасы бойынша  400 орындыққа арналған «Назира ана» балабақшасы  үш мыңға жуық тұрғынға қалтқысыз қызмет етіп келеді. Жергілікті кәсіпкердің жеке қаражатымен бой көтерген ғимаратта балалардың терең білім алуына барлық жағдай жасалған. Заманауи үлгідегі балабақшада 275 бала тәрбиеленуде. Сондай-ақ Ю. Сареми атындағы мектеп-гимназия оқушылары облыс бойынша ҰБТ-дан жоғары көрсеткішке қол жеткізіп келеді. Мектеп-гимназия директоры Курванбай Шамшиметов үш тұғырлы тіл саясатының жүзеге асып жатқанын атап өтті. Зерек оқушылардың үш тілде білім алуына ынтасы зор.  
Мұнда ұстаздар шәкірттердің сапалы білім алуына барлық мүмкіндікті қарастырған. Әйтсе де, қалаға қосылған сайрамдықтардың әлеуметтік мәселелері де жоқ емес. Сайрам тұрғын алабының ауыл биі Құланбай Шәмшиметов көшелерді жөндеу, абаттандыру, жарықтандыру және тұрмыстық қалдықтарды тасымалдау мәселелерінің кері кеткеніне қынжылады. Мұнда әрбір екінші отбасы мемлекеттік жәрдемақы алады екен.
Иә, өнеркәсіп саласы өрлеп, ауыл шаруашылығы алдыңғы қатарға шыққан ауданға бұрынғыдан да ауқымды міндеттер қойылып отыр. Аудан әкіміне артылған міндет пен сенім де салмақты. Оны орындауға мүмкіндік те, мемлекет қолдауы да жетерлік. Тұрғындар аудан азаматтарының барлық саланың жұмысын жандандыратына сенімді.

Қала қар құрсауында қалмайды

Пятница, 14 Ноябрь 2014 05:59

«Қыс – қатал сыншы» дегендей, өткен жылдың қысы әлі есімізде. Бұрын-соңды жаумаған қалың қар техникаға бой бермеді. Қала көшелері мен жаяу жүргіншілер жолын басып қалды. Ал биыл қалай болмақ?

DSC 0831Шымкентте Әл-Фараби алаңында «Қыс-2014» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы  өткізілді. Онда қыс маусымында қар тазалайтын техникалар мен тазалыққа жауапты мекемелер «ЛТД Тұрмыс», «Бәйтерек» ЛТД және «Югдорсервис» ЖШС-нің әзірлігі пысықталды. Облыстық Төтенше жағдайлар басқармасы шаһардың қысқа дайындығына оң баға берді.
– Оқу жаттығудың мақсаты қыс кезінде болатын төтенше жағдайлардың алдын алу. Бүгін олардың дайындығын тексердік. Бәрі де қысқа сақадай сай. Сондықтан қыста қиындық тудырмайды деп ойлаймын, – дейді Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Батырғали Сопбеков.  
Қала әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосыновтың айтуынша, биыл қала бюджетінен қаржы бөлініп, қар тазалайтын  30 техника алынған. Жаңа техника үш қызмет атқарады. Көше сыпырады, су шашады және қар тазалайды. Шаһар аумағының өсуіне байланысты қала көшелерінің саны артқан. Бұдан былай 80 арнайы техника көше тазалығына жұмылдырылады. Сонымен қатар, жол компанияларымен меморандум жасалды. Қажет жағдайда компаниялар техникаларды жеткізіп тұрады.
Қала көшелеріндегі тазалыққа «ЛТД Тұрмыс», «Бәйтерек» ЛТД  және «Югдорсервис» мекемесі жауапты. Бағыт бойынша мекемелер көшелерге бекітілген. Оқу-жаттығу кезінде «ЛТД Тұрмыстың» көлік жүргізушісі  Сәбит Ағыбаев жаңа техниканың тізгінін қолға алды. Қар күрейтін, құм, тұз шашатын бөліктерін іске қосып, тексеріп көрді.
 Жасыратыны жоқ, өткен қыста «ЛТД Тұрмыстың» жолға себетін құмы мен тұзы таусылып, өзге мекемелерден алуға тура келген еді. Биыл сол жағдай қайталанбас үшін қажетті материалдар  көбірек қамтылыпты.
– Қысқа дайындық кезінде техникалар  аудандар бойынша үлестірілді. Қарды тазалайтын арнайы техниканың орналасуы мен қозғалысының схемалары жасалды. Биыл 20 текше метр құм, 2 мың тонна техникалық тұз дайындалды. Өңірімізде жауын-шашынның көбеюіне байланысты су қаупінің алдын алу да ескеріледі. Жаңадан сағатына  қуаттылығы 100 текше метр жол тазалайтын 5 сусорғыш техника алынып, 15 бағытта тазалық жұмыстарына бекітілді. Синоптиктердің болжауынша, желтоқсан айының екінші жартысында мөлшерден көп қар түседі деп күтілуде. Біздің техикаларымыз өткен жылмен салыстырғанда 60 пайыз жаңартылды. Тазалық мекемелері қысқа дайын деп айта аламын, – деді қала әкімінің орынбасары.  
Тазалыққа жауапты мекемелер тек сыртқы көшелерді ғана емес, шағынаудандардың жолдарын да тазалайды. Сондай-ақ жол қызметіне полицейлер де бекітіліп отыр. Олар көшеге ретсіз қойылған көлік иелерімен жұмыс жасайды.

Страница 47 из 47