Зообақ қайта түлейді

Пятница, 16 Январь 2015 04:24

Шымкент хайуанаттар бағының директоры Сейдулла Жұбаев БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихатын өткізді. Алдымен зообақ басшысы 5 жыл көлемінде атқарылған жұмыстарға тоқталды. Басшының сөзіне қарағанда 2009 жылдан бастап, зообақтың жұмысы жанданып, хайуанаттар бағы адам танымастай өзгерген.

486491 original– Ұжым болып, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», әкімшілік ғимаратты, кейін аңдар мен құстардың орындарын жөндеуден өткіздік. Аңдар тұратын орындар реттеліп, сыртқы қоршаулары жаңартылды. Жөндеу жұмыстары жүріп жатқан уақытта негізгі міндетімізді де ұмытқан жоқпыз. Халыққа ұсынатын мәдени шаралардың ауқымын кеңейттік.  Бұрын зообақта 75 түрлі аңның 350 данасы болса, бүгінде 2000-ға жуық жабайы аң-құс, жан-жануар мен жәндіктердің 194 түрі бар. Олардың 40-қа жуығы «Қызыл кітапқа» енген. 2014 жылы 5,8 млн. теңге зообақтың жөндеу жұмыстарына жұмсалды. Қазiргi таңда аквариум мен террариумда тiршiлiк кешетiн жәндiктердiң жағдайы өте жақсы,-дейді С. Жұбаев.
Зообақтың ең басты жетістіктерінің бірі — Еуроазиялық аймақтық және  Аквариумдер ассоциациясы (ЕАРАЗА) мүшелігіне кіріп, жан-жақты ғылыми-танымдық ізденісті бастауы. Атап айтқанда, ЕАРАЗА-ға мүшелік басқа да зообақтармен тәжірибе алмасып, зообақтар арасында жан-жануарлар алмасуға және сатып алу-сату жолымен коллекция толтыруға, оларды күту және көбейту мәселелері бойынша халықаралық конференцияларға қатысуға мүмкіндік алып отыр.
Зообақ басшысы бұған дейін мекеме төңірегіндегі әртүрлі әңгімелер мен дау-дамайдың негізсіз екенін алға тартты.
– Жаңа жыл түнінде жануарлардың от шашудан күйзелгені рас. Қатты шыққан дауыстан арқарлар шошынып, қабырғаға, дуалға секірді. Басқа хайуанаттар да дүрлікті. Қызметкерлермен бірге жануарларды тыныштандыруға тырыстық. Ал 27 желтоқсанда дүниеге келген қонжықтарды аю жеп қойған. Бірақ қанша қонжық туылды? Оны ешкім білмейді, – дейді С. Жұбаев.
 Зообақ директоры алдағы атқарылатын жұмыстары жөнінде де баяндады. БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сауалдар мен түйткілді мәселелерге толымды жауап берді.

Қаламгердiң сырлы әлемi

Пятница, 09 Январь 2015 04:30

Уақыт неткен ұшқыр десеңізші... Қазақстан Жазушылар одағы және ОҚО Журналистер одағының мүшесі, жазушы  Амантұр Мұсаевтың өмірден өткеніне 4 жылдың жүзі болыпты. Әйтсе де, аймақтың журналистикасына сүбелі үлес қосқан қаламы қарымды журналистің есімін ел-жұрт  ұмытқан жоқ. Жазушының  90 жылдығына орай «Адалдық өмір өткелі» атты еске алу кеші өтті.

P1070095Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында ұйымдастырылған шараға қоғам қайраткерінің замандастары мен қаламдас жолдастары, шәкірттері және туыстары қатысты.
Есімі Оңтүстік өңіріне ғана емес, елімізге кеңінен танымал Амантұр Әбішұлы алғашқы еңбек жолын 1941-1942 жылдары Шымкенттегі Крупская атындағы екіжылдық мұғалімдер дайындайтың мектепте оқып жүріп, лаборант болып бастайды. Кейін қазақтың ұлтжанды азаматы, журналист Әлім Тұяқбаевтың кеңесімен аймақтың бас басылымы «Оңтүстік Қазақстан» газетінде әдеби қызметкер болып қабылданады. Ол журналистік қызметіндегі алғашқы ұстазы, зиялы азамат Әділбай Омаровтан тәлім-тәрбие алып, журналистиканың қыр-сырын меңгереді. Басылымда 10 жылдан астам есімі елге белгілі Тәкен Әлімқұлов, Уәлихан Сүлейменов, Әсет Тілеукеев, Әмірсейіт Әлиев сынды азаматтармен қызметтес болады. Жұмысына ұқыпты, тапсырманы бұлжытпай орындайтын Мұсаев тілші, жауапты хатшының орынбасары, аудармашы қызметін атқарады. Оның журналистік шеберлігі басылымда жаңа қырынан танылды.
Амантұр Әбішұлы зейнетке шықса да, қол қусырып отырмады. Журналистика саласынан алыстамай, жанына жақын тұтты. Қызығы сол, Амантұр Әбішұлының жазушылық қыры жетпіске келгенде ашылды. Қаламгер алғашқы «Ой-хой, заман-ай!» деген деректі әңгімелері мен эссе, ғибарттарын ел ағалары мен иманды азаматтарға арнайды. Ал, 30 жылдардағы қасіретті оқиғаны баяндаған «Бір үзім нан» әңгімесі оқырманды ерекше әсерге бөлейді. Сонымен қатар, «Рәтәй», «Мұхтар-Мұхит», «Тағылым», «Қырық ғибрат» атты 4 кітап жазды. Әсіресе, қаламгер үшін құндылығы жоғары, тағылымы терең шығарма «Мұхтар-мұхиттың» орны бөлек.
Атақ­ты ғалым, ұлы жазушы, академик Мұхтар Әуезовпен сапарлас болған журналист:
– «Бір кезде Мұхтар ұшқынының бір жарық сәулесі жылт етіп мені де шарпып өткені бар. Күні бүгінге дейін сол сәуледен рух аламын», – деп тебіренеді. Боямасыз, шынайы еңбек оқырман тарапынан жоғары бағаланады. Ал, ұлы академик Мұхтар Әуезов Амантұр Мұсаевтың әсерлі әңгімесіне, іскерлігіне сүйсініп, өз шығармасына арқау етеді. Амантұр ақсақалдың жазушылық ерекшелігі мен шығармашылық табысына жазушы Мархаббат Байғұт «Жетпіске келген жас жазушы» деп мақала жазып, әзілмен орынды пікір айтады.
Еске алу кешінде қаламгер, ардагер-журналистер табиғаты таза, рухы биік ақсақалдың еңбек жолы мен шығармаларын тебірене сөз етті. Үзеңгілес інілері мен туыстары ағынан жарылып, естелік-әңгіменің тиегін ағытты. Шара соңында жиналған қауым жазушының шығармашылық кезеңдерін баяндайтын фотосуреттері мен еңбектері қойылған көрмені тамашалады.

Шырша шаттығына бөленді

Пятница, 26 Декабрь 2014 03:26

Жаңа жыл жаңа үміт пен бақытқа жол ашады. Әсіресе, жыл айрығында балалар Президент шыршасын асыға тосады. Оқуда озат балғындар Мемлекет басшысының қамқорлығын сезініп, ерекше қуанышқа кенеледі. Биылғы шырша той «Оңтүстік Цирк» ғимаратында «Біз мәңгілік ел боламыз» тақырыбында өтті. Оған облыстың барлық аудандары мен қалаларынан ата-ана қамқорлығынсыз қалған, аз қамтамасыз етілген көп балалы отбасыларынан 200-ге жуық бала қатысты.

 DSC2208Биік әрі әсем безендірілген шырша салтанаты өнерлі өрендердің мерекелік бағдарламасымен басталды. Оқушылар ертегі әлеміне саяхат жасап, түрлі аңдардың бейнесіне енді. Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың балаларға арнаған ақжарқын тілегі кең экраннан тамашаланды. Елбасының құттықтауынан кейін облыс әкімі А. Мырзахметов:
– Біз үшін де Тәуелсіздіктен асқан бақыт жоқ. Сендер еркін елдің ұланысыңдар. Демек, еліміздің келешегіне үлес қосатын азамат болуларың керек. Елбасының өздеріңнің терең білім алуларың үшін жасаған қамқорлығы шексіз. Олай болса, жақсы оқып, тәрбиелі азамат болыңдар! Келер жылы да жетістіктеріміз көп болып, еліміз дами берсін. Жаңа жыл құтты болсын! – деді.
Облыс басшысы Елбасы атынан балаларға Алпамыс, Қобыланды батыр жайлы жазылған шығармалар мен ноутбуктер және тәттілерді таратты.
ОҚО әкімі аппаратының мәлімдеуінше, 2014 жыл оңтүстікқазақстандық оқушылар үшін табысты болды. Халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауында, спорт пен өнер сайыстарында облыстың 700 оқушысы жеңімпаз атанды. 436 мектеп бітіруші «Алтын белгі» иегері. Биылғы республикалық пән олимпиадасында 1 орынды және «Үздік олимпиадалық команда-2014» атағын жеңіп алды.

Цирк ардагерлерi өнер көрсеттi

Пятница, 19 Декабрь 2014 05:46

Үш жыл бұрын Тәуелсіздік мерекесінде «Оңтүстік Цирктің» тұсауы кесілген болатын. Көрерменнің көзайымына айналған өнер ордасының жетістіктері аз емес. Мерейлі мерекеде цирк әртістері балаларға тамаша қойылымдарын ұсынды.

10850109 415466111951854 3942383889313234118 nОблыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Темірхан қала тұрғындары мен қонақтарын Тәуелсіздік күнімен құттықтап, цирк әртістерінің еңбектеріне табыс тіледі. Бұл жолы әртістер бояуы қанық бағдарламасын кішкентай көрермендер назарына ұсынды. Әсіресе, әуе акробаттарының өнері күрделі трюктерге толы болды. Асқан ептілік пен шеберлікті талап ететін таңғажайып нөмір ешкімді де бей-жай қалдырмады. Қауіпсіздік белдігінсіз өнер көрсеткен әртістер балақайларды баурап алды. Ал көңілді сайқымазақтың әзілі балалар мен ата-аналарды  күлкіге кенелтті. Ең қызығы, цирк аренасына ардагер әртістердің өнер көрсетуі болды. Фокусшылар Гүлжаһан Ниязова мен Любовь Бушова өнерсүйер қауымды таңғалдырып, тапқырлығымен таңдай қақтырды.  
– Цирк сиқырлы әлем ғой. Аренаға 10 жылдан кейін шығып тұрмын. Көрерменді көргенімде бойымды толқыныспен бірге қуаныш биледі, – дейді фокусшы Г. Ниязова.
Ардагер әртістердің қай-қайсысы да көрерменді тәнті ету үшін барын салды. 70 жастағы балуан Икрам Ниязов тепсе темір үзетін 20 жігітті емін-еркін көтерді. Ал шәкірті Раушан Исаков 60-тан асса да қуаттылығын көрсетіп, қайран қалдырды. Қолымен темірді майыстырып, 32 килограмдық кір тастарын тісімен көтеріп, ұршықша иіргенде таңғалмаған жан қалмады.
«Оңтүстік Цирктің» директоры Арман Алиев ардагер әртістерді мерекемен құттықтап, «Алғыс хаттар» мен сыйлықтар тарту етті.

Мемлекеттік марапат - ел мерейі

Пятница, 19 Декабрь 2014 04:35

Еліміздің Тәуелсіздік күні мерекесіне орай, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен оңтүстікқазақстандықтар  мемлекеттік марапатқа ие болды. «Түркістан» салтанат сарайында өткен «Тұғырлы бол, Тәуелсіздік» атты мерекелік шараға 1400-ге жуық адам қатысты. Басқарма басшылары, қоғам қайраткерлері, еңбек және соғыс ардагерлері, мектеп мұғалімдері, дәрігерлер, кәсіпкерлер және аймақтың құрметті тұрғындары бас қосқан салтанатты жиын театрландырылған қойылыммен ашылды.

DSC 0631Облыс әкімі Асқар Мырзахметов Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, өңірдің қол жеткізген жетістіктеріне тоқталды. «Біз экономикасы тұрақты және жоспарлары үлкен мықты мемлекетке айналдық. Еліміздің даму жолында оңтүстікқазақстандықтардың қосып отырған үлесі зор», – деді А. Мырзахметов. Сондай-ақ салтанатты жиында аймақ басшысы әлеуметтік, экономикалық және мәдениет дамуына еңбегі сіңген азаматтарға «Парасат» орденін, «Ерен еңбегі» медалін және Қазақстан Республикасының «Құрмет» грамотасын өз қолымен тапсырды.  
– Бұл маған ғана көрсетілген құрмет емес, барлық қаламгерлердің еңбегінің бағаланғаны, ортақ еңбегіміздің жетістігі деп білемін. Еліміздің осындай дәрежеге Елбасымыздың арқасында жеткенін айтқым келеді. Алдағы уақытта да ел игілігі үшін жұмыс істей беремін, – дейді «Парасат» орденімен марапатталған белгілі қаламгер М. Байғұт.
10857898 274027876100878 8861656862301250378 n «Құрмет» орденімен Ж. Шанин атындағы қазақ драма театрының ардагер әртісі Ошат Рахымов марапатталды. Сондай-ақ Халықаралық Ассоциациясының академигі, Көркемсурет галереясының меңгерушісі Айнабек Оспанов «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын иеленді. ҚР-ның Мәдениет қайраткері, қылқалам шебері Айнабек Мыңжасарұлы Тараз, Шымкент, Қызылорда, Байқоңыр, Ақтау қалаларында бірқатар ескерткіштер мен монументті мозайкалық шығармаларға жетекшілік етті. «Қазақ елі», «Тарихнама» және «Қазығұрттың басында кеме қалған» картиналар жобасының авторы еңбегінің жоғары бағалануы өнер адамдарына берілген сыйлық ретінде қабылдайтынын айтты. Мемлекеттік наградалармен марапатталған 71  азаматтың арасында әріптесіміз де бар. Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Оңтүстік Қазақстандағы меншікті тілшісі Бақтияр Тайжановқа «Ерен еңбегі»  үшін медалі табыс етілді. Марапаттау барысында еңбек үздіктерінің бірқатары Мемлекет басшысы мен облыс әкіміне ақжарма алғыстарын жеткізді.
Мұнан соң «Түркістан «салтанат сарайында облыстың шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті.

«Тығырықтан жол тапқан»

Пятница, 05 Декабрь 2014 03:20

шымкенттіктер «Елбасы жолы»
киноэпопеясының жаңа бөлімін тамашалады

photoҚазақ киносы тың туындымен толықты. «Елбасы жолы» кино-эпопеясының жаңа тарауы «Тығырықтан жол тапқан» фильмі көрерменге жол тартты.

Тұңғыш Президент мерекесінде тұсауы кесілген фильмнің жөні мүлдем бөлек. Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың балалық, жастық шағынан, жігіттік дәуренінен  сыр шерткен «Балалық шағымның аспаны» атты био-графиялық туындының жалғасы Елбасының «Әділеттің ақ жолы», «Ғасырлар тоғысында», «Еуразия жүрегінде» кітаптарының желісімен түсірілген. Жаңа туындының төртінші тарауы тұтастай Теміртауға арналған.  
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы жарыққа шығарған кино-эпопеяның төртінші бөлімі «Тығырықтан жол тапқан» фильмін шымкенттіктер «Мега Шымкент»  сауда орталығының кино залында тамашалады.  
Тарихқа көз жүгіртсек, президенттер, премьер-министрлер туралы дүниежүзінде талай фильм  түсірілді. Бірақ, бірде-бірі есімізде жоқ. Ал ұлт көшбасшысын  боямасыз суреттеген  шығарма көрермен көзіне жас, көңіліне нәзік күй сыйлады.
Қысқы кеш...Камин отына қарап отырған Елбасының алдында сарғайған «Правда» газеті жатыр. Киноның келесі кадры көрерменді  асқақ Алатаудың, жер жәннаты Жетісудың Үшқоңырдай келісті табиғатымен қауыштырады. Одан әрі жаңа үйілген төмпешік алдында өмірден өткен әкеге  құран бағыштап, бет сипаған ана мен бала...Ол Нұрсұлтан мен анасы Әлжан. Келесі сәт тағы да лаулап жанған от...Әлжан ананың әкесі Жатқанбай молдалық еткен мешітке имансыздардың от қоюын көреміз. Кино желісі біртіндеп қоюлана түседі. Әлжан ананың өткен өмірді еске алуы суреттеледі. Жаңа туындыда Түркісіб құрылысы, азаматтардың жанкешті еңбегі, Қазақстан Магниткасының қарқынды құрылысы да қамтылады. Киноэпопея арқылы көрермен дәуір тарихын айқын тани алады.

499193001078b098b0072166293a30b9 bigСценарий авторлары Елбасының өмір өткелдерін осылай  жан-жақты баяндайды. Ұлт көшбасшысының тағдырдың шырғалаңдарынан жол тауып, шарболаттай шыңдалған  өжеттілігі жұртшылықты бей-жай қалдырған жоқ. Табандылығы мен мол тәжірибесінің арқасында кездескен кедергілер мен қиындықтардан сүрінбей өтеді. Қаркомбинаттың партия хатшысы қызметінде жүріп, қысқа мерзім ішінде өндіріс орнын ең басты жұмыс орталығына айналдырғаны, қордаланып қалған мәселелерді шешкені, жүйелі де табанды еңбегі баяндалады. Жұмысшылар мүддесін қорғап, еңбек жағдайын жақсартуда Сұлтан батылдығымен қатар, мемлекет қайраткеріне тән қасиеттерімен де көзге түседі. Оның досқа адалдығы, айналасымен тіл тапқыштығы абыройын асқақтата түсті. Сан түрлі ұлт пен ұлыстың арасында белсенділігімен жетекшілікке жеткен  азаматтық болмысы  көрерменді еріксіз сүйсіндірді. Орда бұзар отызында Мәскеудің коммунистік партия штабында Саяси бюро мүшелерінің алдына мәселе қоюынан  жанқиярлығы мен еңбексүйгіштігі аңғарылады. Кейіпкердің жақсы ашылған қырларына қарап, бірде сүйсінесіз, бірде еріксіз езу тартасыз. Ялтаға демалуға барған Тихонды абайсызда қыдырып, артынан «сүйемін, сағындым, тез жет» деген жеделхатқа ашынған әйелімен татуластыруы, жұмыс ауысымына ішіп бармаған жолдасының орнын жоқтатпауы Нұрсұлтанның өткір бейнесін аша түсті. Әкесінің туған күніне біреуі сурет салып, біреуі тақпақ дайындап, ақыры күте-күте ұйықтаған Дариға мен Динараға жаныңыз ашиды.
Ең бастысы шығарманың тамаша эпизоды Нұрсұлтанның әкесі Әбіштің жігіт шағында Әлжан мінген пойызға жарыса шауып, Әлжан, менің жарым болшы деп айқайлайтын сәті... пойыздың алдын орап, қалыңдығын алып қайтатын тұсы көңілге жылылық ұялатады. Ал Нұрсұлтанның қалааралық сөйлесу пунктіне келіп, жары Сарамен сөйлесіп, Мәскеудегі есебі абыройлы өткенін айтып, артынан анасының өмірден өткені туралы қаралы хабарды естігендегі көңіл күйі көзіңе еріксіз жас үйіреді.
Кино режиссері мен сценарий авторы көрермен көңілінен шығуы үшін фильмде кәсіби шеберлікті пайдалана білген. Тіпті фильмнің атын қоюда да кино саласының майталмандары көп ізденіп, тер төгеді. Жастарға түсінікті тақырып болу үшін Елбасының еңбектерімен қайта танысады. «Тығырықтан жол тапқан» деген атауға ұқсас бір бөлімнің тарауына көз түседі. Ол еңбекте Елбасының тығырықтан жол табуға тырыстым деген шын талпынысы, қайраткерлігі суреттелген тұстары бар екен. Сөйтіп бұл атау Елбасының бастан өткерген қиындықтарын, күш-қуатын бейнелеуге арқау болады. Режиссер Рүстем Әбдірашевтің мәлімдеуінше, бұрын кейіпкер жастықтың лебімен өзгеше мінезде, өзгеше атмосферада болған болса, төртінші бөлімде өмір жолы оны салмақтандыра түседі.  
put-lidera-5-290x290Үш айға созылған фильмнің түсіру жұмыстары Қазақстан және Ресей елдерінде жүргізіліпті. Ал негізгі бөлігі Қарағанды, Теміртау қалаларында, сондай-ақ Алматы, Астана және Мәскеу қалаларында ұйымдастырылған. Оның ішінде Ресейдегі Кремьл, Қызыл алаң, Зил зауыты, Ресей мемлекеттік кітапханасы, Қазақстандағы «Арселор Миттал Теміртау», Теміртаудағы мәдениет сарайы қамтылған. «Тығырықтан жол тапқан» фильміне музыка жазған қазақстандық талантты композитор – Әбілқайыр Жарасқан. Ал заманның бітім-болмысын, индустриалды Қазақстанды және барлық инфраструктураны дәлме-дәл көрсету үшін еліміздің белгілі суретшілері – Сәбит Құрманбеков, Өмірзақ Шманов арнайы шақырылған. Сол дәуірдегі көріністерді айқын ашып көрсету үшін шығармашылық топ жоғары деңгейде жұмыс істеген. Сол заманға сай костюмдер тігіліп, интерьерлер мен декорациялар жасалған.
Сұлтан бейнесін жасаған – Нұрлан Әлімжан фильмде тағы да өзінің киноактер ретінде қалыптасқанын көрсетті. Елбасының өмір өткелдеріндегі жолдарын шынайы көрсете білді. Алайда актер тарихи тұлғаны ойнауда, бойында түрлі толғаныстар мен толқулардың болғанын айтады. Өзін басқа қырынан көрсету керек болғандықтан Нұрлан салмақты, ұстамды мінезді қалыптастырады. Актерге мыңдаған адам арасынан Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлін сомдау бақыты бұйырды.
– Елбасының өмірінде болған түрлі оқиғалар мен жағдайларды өз басыңнан өткергенде тіл жетпес әсерде боласың. Кейіпкерімнің бейнесін тек сырттай ғана көрсетумен шектелмедім. Ол кісінің ішкі жай-күйін өз басымнан өткергендей, жан дүниесін терең ұғынуға тырыстым. Фильмнен кейінгі уақыт менің өмірімнің ұмытылмайтын қымбат сәттеріне айналды, – дейді
Н. Әлімжан БАқ өкілдеріне берген сұхбаттарының бірінде.  
Киноның негізгі құрамында 20 актер, эпизодтық рөлде 30, ал көпшілік түсірілімде 2000-ға жуық актер жұмыс істеді. Сондай-ақ ресейлік Валентин Гафт, Евгений Сидихин, Владимир Стеклов, Евгений Стычкин, Виктор Сухоруков сынды актерлер де кейіпкерлерді сомдады.
Көрермен екі сағатқа жуық фильмді тапжылмай отырып тамашалады. Жаңа туынды адамға ерліктің бәрі еңбекпен келетінін ұқтырды. Егер қарапайым қазақ баласы күнді түнге, түнді таңға ұрып жұмысқа араласпаса, мұндай жетістіктің біріне де жетер ме еді?! Ерлік елдікке, елдік бірлікке бастайтындығын «Тығырықтан жол тапқан» фильмі тағы бір айқындай түсті. Ұлт көшбасшысының еңбекқорлығы мен тыным таппайтын қасиеті жастайынан қалыптасқанын ашып берді. Көрген жанға ой салып, ерекше әсерге бөлейтін Елбасының сан қырлы еңбек жолы барлық қазақстандықтарға үлгі бола алады.

 

 

1958-1960 жылдары қазақ жастары комсомолдық жолдамамен Украинаға аттанады. Сол жігіттердің арасында шымкенттік Қайрат Исламқұлов та болды. Ол Днепродзержинскіде металлург мамандығын игеру туралы шақыртуды жүрегімен қабылдайды. Тұңғыш Президент күні мерекесі қарсаңында Елбасының курстас досы, академик Қайрат Исламқұлов сол бір сағынышты күндерді еске алып, əсерлі сəттерді әңгімелеп берді.

265 001-1Академик үшін Днепродзержинскіде оқыған жылдар өмірінің басты оқиғасы саналады. Өйткені кәсіби мамандықты игеруде жергілікті металлургия комбинаты Одақта соншалықты таңдаулылар қатарында жоқ болатын. Мықты жабдықталған білім кешені жастардың жақсы оқуына, шығармашылықпен айналысуына, спортпен шұғылдануына мүмкіндік жасады. Олардың училищедегі уақыты босқа кеткен жоқ.
– Алғашқыда бәрі қызық әрі қорқынышты еді. Үш топ бір жатақханада бірге тамақтанады, бірге оқиды. Болашақ мамандығымыз қиын болса да, төзімділікпен игердік. Кейін механизмдердің гүрсілінен қашпайтын, оттан қорықпайтын болдық. Мен №8 техникалық училищенің қыздыру пештері мен құдықтарының дәнекерлеушісі мамандығы бойынша білім алдым. Нұрсұлтан шойын цехында болды. Ол жас кезінен-ақ жанып тұрды. Бәрімізді өзіне үйіріп алатын. Мінезі де ашық-жарқын. Әдемі әзіліне, өткір қалжыңына тәнті едік. Нұрсұлтан әр кеш сайын жастарды жинап алып, ойын-сауық кештерін, ардагерлермен кездесулерді, қала-кенттерге экскурсияларды жиі ұйымдастыратын. Тіпті қазақ жастары украиндықтармен етене араласып кеттік. Бір күні Днепр өзенінің сол жағалауына бардық. Табиғаты қарасаң көз тоймайтын көркем жер екен. Біз табиғат аясында серуендеп, демалысты жақсы өткіздік. Жылдар өте келе Нұрсұлтанның тәжірибелі металлург ғана емес, рухани дүниеміздің бай болуға ынталандырғанын түсіндік. Бірде Нұрекең  бәрімізді комсомол өміріне белсене араласуға шақырды. Біз Нұрсұлтанның кандидатурасын  комсомол комитетінің құрамына ұсындық. Ол бюро мүшесіне сайланған соң,  комсомол жұмысын жандандырды. Тек көшбасшылығымен ғана емес, сонымен қатар шешендік өнері мен домбырада керемет ән салатын қабілетімен де танылды.
Нұрсұлтан талантты жастардың бойындағы қыры мен өнерін ашуға мұрындық болды. Бізбен бірге қызылордалық Әбіләш Әбуов деген жігіт оқыды. Өзі көп сөйлемейтін, ұялшақ болғанымен, әнді жақсы айтатын. Нұрсұлтан оған консерваторияға түсуге  кеңес берген болатын. Әбіләш Нұрекеңнің ықпалымен училищедегі  көркемөнерпаздардың байқауына қатысып, бірінші орын алды. Кейін Нұрсұлтан  әнші жігітті Днепропетровск теледидарына апарып, қазақ әндерін шырқауына, біздің мәдениетімізді Украинада танытуға ықпал етті. Шындығында Нұрекең айтқандай училищедегі білімді ешкім де бере алған жоқ. Оқуды аяқтаған соң, Теміртауға келдік. Бірақ зауыт құрылысы толық бітпепті. Тек шойын қорыту цехы дайын болатын. Нұрсұлтан Теміртауда зауытта қалды. Қалғанымыз мамандығымыз бойынша Украинада тәжірибемізді  жалғастырдық. Бір қызығы металлургтар арасынан болашақ Президент, Мәжіліс депутаты, сот төрағасы, академик шығады деп ешкім ойлаған жоқ. Мен де, курстастарым да сол бір бақытты шақты ұмытпаймыз. Бас қосқанда сағынышпен еске аламыз. Бәріміз Назарбаевтай металлург болғанымыз жоқ. Әйтсе де от жалынды мамандық бізді өмірлік бағытымыздың берік іргетасын қалауға, жігерлі болуға тәрбиеледі. Осы училищенің арқасында көбіміз ертеңгі өмірімізге жігер алып, тамаша маман атанып, түрлі жоғары оқу орындарын бітірдік. Кандидаттық  және докторлық диссертацияларды сәтті қорғап шықтық. Сондағы қатарластарымның арасынан ең бірінші техника ғылымдарының докторы мен  болдым. «Дзержинка» бойынша курстастарымның арасынан мені алғашқы рет Нұрсұлтан Әбішұлының құттықтағаны ерекше есімде, – дейді Қайрат Мұхамедқұлұлы.
Қайрат Исламқұлов Елбасымыздың бұрынғы Түркия Президенті Тұрғұт Озалдың келісімімен ашылған Қ. А. Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің қалыптасуына атсалысты. Осы оқу орнында проректор, соңғы жылдары университет президентінің кеңесшісі қызметін  абыройлы атқарды. Академиктің айтуынша, Елбасы әрқашан курстас достарымен кездесіп тұрады. Әрбірінің тілегін тыңдап, қуанышын бірге бөліседі
– Нұрсұлтан жас ұрпақтың білім алуына, еліміздің экономикасын көтеріп, мәдениетін өрістетуге ерекше көңіл бөліп келеді. Елдің ертеңі үшін еңбек етіп жатыр. Көз алдымызда Қазақ елі адам айтқысыз жетістіктерге жетуде. Мұн­дай ерлік кез келгеннің қолынан келмей­ді. Нұрекеңнің бастауымен біздің еліміз болашақта ең мықты мемлекеттер қатарына қосыларына кәміл сенемін. Бірінші Президент күні құтты болсын! – дейді техника ғылымдарының докторы  Қайрат Исламқұлов.   

 

Оңтүстік Қазақстан саз колледжінің хор ұжымы халықаралық «Шабыт» фестивалінен  жүлдемен оралды. XVII  рет өткізілген байқауда өңіріміздің өнерпаздары үшінші орынды иеленді.  Өнер бәсекесінде қатысушылардың талантын Қырғызстанның халық әртісі Мұратбек Бегалы бастаған топ таразылады.

shabyttБиылғы «Шабыт» бұрынғыдан өзгерек болды. Фестиваль бағдарламасы «Ұлттық музыка» және «Камералық хор»  аталымдарымен толықты. Бұл жауқазын жастардың халық алдына шығып, өз өнерін паш етуге мүмкіндік туды. Өнерпаздар додасында жерлестеріміз қазақ әндерін, әлем классиктерінің шығармаларын орындады. Екінші кезеңде 5 бірдей хор сайысқа түсті. Фестивальге қатысушылардың ешқайсысы да осал болмады. Десе де,  хор ұжымы жеңісті қолдан бермеді. Талантты жастардың өнерін халықаралық сайыстың қазылар алқасы  жоғары бағалады.
Хор жетекшісі Жанат Сақыбекованың айтуынша, бұл — үлкен ізденіс пен тынымсыз  еңбектің нәтижесі.
– Біз мұндай жеңісті күткен жоқпыз. Бірақ алдымызға жүлдемен ораламыз деген мақсат қойдық.  Шараға жан-жақты дайындалдық. Шығармаларды бұзбай, байсалды,  байыпты орындалуына мән бердік. Нәтижесінде үшінші орынды жеңіп алдық. Жеңіс ұжымға шексіз шабыт сыйлады,– дейді 4 курс студенті Әсел Анетова.
Бүгінде Оңтүстік Қазақстан саз колледжіндегі хор ұжымында 65 студент бар. Оның 24-і «Шабыт» фестиваліне қатысып отыр. Ұжым жуырда халықаралық сайыстарға  қатысуды жоспарлауда.

Страница 46 из 47