Қала қар құрсауында қалмайды Избранное

Пятница, 14 Ноябрь 2014 05:59 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 4856 раз

«Қыс – қатал сыншы» дегендей, өткен жылдың қысы әлі есімізде. Бұрын-соңды жаумаған қалың қар техникаға бой бермеді. Қала көшелері мен жаяу жүргіншілер жолын басып қалды. Ал биыл қалай болмақ?

DSC 0831Шымкентте Әл-Фараби алаңында «Қыс-2014» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы  өткізілді. Онда қыс маусымында қар тазалайтын техникалар мен тазалыққа жауапты мекемелер «ЛТД Тұрмыс», «Бәйтерек» ЛТД және «Югдорсервис» ЖШС-нің әзірлігі пысықталды. Облыстық Төтенше жағдайлар басқармасы шаһардың қысқа дайындығына оң баға берді.
– Оқу жаттығудың мақсаты қыс кезінде болатын төтенше жағдайлардың алдын алу. Бүгін олардың дайындығын тексердік. Бәрі де қысқа сақадай сай. Сондықтан қыста қиындық тудырмайды деп ойлаймын, – дейді Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Батырғали Сопбеков.  
Қала әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосыновтың айтуынша, биыл қала бюджетінен қаржы бөлініп, қар тазалайтын  30 техника алынған. Жаңа техника үш қызмет атқарады. Көше сыпырады, су шашады және қар тазалайды. Шаһар аумағының өсуіне байланысты қала көшелерінің саны артқан. Бұдан былай 80 арнайы техника көше тазалығына жұмылдырылады. Сонымен қатар, жол компанияларымен меморандум жасалды. Қажет жағдайда компаниялар техникаларды жеткізіп тұрады.
Қала көшелеріндегі тазалыққа «ЛТД Тұрмыс», «Бәйтерек» ЛТД  және «Югдорсервис» мекемесі жауапты. Бағыт бойынша мекемелер көшелерге бекітілген. Оқу-жаттығу кезінде «ЛТД Тұрмыстың» көлік жүргізушісі  Сәбит Ағыбаев жаңа техниканың тізгінін қолға алды. Қар күрейтін, құм, тұз шашатын бөліктерін іске қосып, тексеріп көрді.
 Жасыратыны жоқ, өткен қыста «ЛТД Тұрмыстың» жолға себетін құмы мен тұзы таусылып, өзге мекемелерден алуға тура келген еді. Биыл сол жағдай қайталанбас үшін қажетті материалдар  көбірек қамтылыпты.
– Қысқа дайындық кезінде техникалар  аудандар бойынша үлестірілді. Қарды тазалайтын арнайы техниканың орналасуы мен қозғалысының схемалары жасалды. Биыл 20 текше метр құм, 2 мың тонна техникалық тұз дайындалды. Өңірімізде жауын-шашынның көбеюіне байланысты су қаупінің алдын алу да ескеріледі. Жаңадан сағатына  қуаттылығы 100 текше метр жол тазалайтын 5 сусорғыш техника алынып, 15 бағытта тазалық жұмыстарына бекітілді. Синоптиктердің болжауынша, желтоқсан айының екінші жартысында мөлшерден көп қар түседі деп күтілуде. Біздің техикаларымыз өткен жылмен салыстырғанда 60 пайыз жаңартылды. Тазалық мекемелері қысқа дайын деп айта аламын, – деді қала әкімінің орынбасары.  
Тазалыққа жауапты мекемелер тек сыртқы көшелерді ғана емес, шағынаудандардың жолдарын да тазалайды. Сондай-ақ жол қызметіне полицейлер де бекітіліп отыр. Олар көшеге ретсіз қойылған көлік иелерімен жұмыс жасайды.

Последнее изменение Пятница, 21 Ноябрь 2014 05:24
Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.  

Другие материалы в этой категории: Сейсмонығайту жұмыстары жүргiзiлуде »