ӨНЕГЕМЕН ӨРІЛГЕН ҒҰМЫР Избранное

Пятница, 21 Октябрь 2022 05:00 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 840 раз

Шымкентте мемлекет және қоғам қайраткері, халқымыздың біртуар ұлдарының бірі Асанбай Асқаровтың 100 жылдығы аталып өтті. Айтулы жиын оның ескерткішіне гүл қою рәсімінен басталды. Асанбай Асқаровтың көзін көрген ел азаматтары мен ізбасарлары, зиялы қауым өкілдері жиналған кездесуді Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан ашты.

608

 

— Асанбай Асқарұлы — мемлекет және қоғам қайраткері, қабырғалы қаламгер. Биыл Асанбай Асқарұлының 100 жылдығы республика көлемінде Үкіметтің қаулысы негізінде аталып өтіп жатыр. Жамбыл, Алматы облыстарында өтті. Бүгін Шымкентте тойланса, келер аптада Түркістан облысында жалғасын таппақ. Асанбай
Асқарұлының қандай соқпақтардан өткенін, ел үшін қилы кезеңдерді бастан өткергені баршамызға белгілі. Ол болаттай беріктігімен ешбір сынақта сынбай, өзінің қайраткерлігімен ел есінде қалды. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарында төрт бірдей бауырынан айырылса, үш бауыры соғысқа аттанып, біреуі ғана елге аман оралған екен. Осындай тағдырлы азаматтан мемлекет қайраткері шығып, бар ғұмырын, күш-жігерін елдің өркендеуіне арнауы — біз үшін үлгі. Яғни, әрбір іргелі істің артында үлкен жауапкершілік пен тағдыр жатқанын көруге болады. Асанбай ағамыз отыз жылға жуық жылдай бірнеше облысты басқара жүріп, елдің өркениетке жетелеген игі істің басы-қасынан табылды, - деп атап өтті Шыңғыс Жұмабекұлы.
Жиын қонағы, А.Асқаровтың қызы Жаннет Асанбайқызы кездесу барысында жылы естеліктерімен бөлісті.
— Біз Алматыдан айрықша алғысымызды, анамның сәлемін алып келдік. Асанбай Асқаровқа деген шымкенттіктердің ыстық ықыласы, құрметі ерекше сезіліп тұрады. Әкеміз зейнетке шыққаннан бері де 30 жылдан астам уақыт өтсе де оның есімінің ел есінде сақталып, құрметтелуі бізді қуантады. Шымкентте А.Асқаровтың есімімен аталатын мектеп, көше, дендрологиялық бақ бар және ескерткіш орнатылды. Бұл — халықтың құрметі. Әкем — өз заманының батыры. Олай болуы да заңдылық. Себебі, ол отбасынан жырақта жүріп, ұлтымыз бен мемлекет үшін еңбек етті. Өмірінің соңында тағдыры тәлкекке түссе де сынбады, - деді ол.

607


Жиын барысында Еңбек ардагері, металлург Аманәлі Әбдраманов Асанбай Асқаровпен бірге қызмет еткен жылдарды еске алып, оның азаматтығын, елді дамытып, өркендету жолында еткен елеулі еңбегіне тоқталды. Ал, орман саласының ардагері Жеңіс Тұрғанов А.Асқаровтың дендрологиялық бақты құрудағы еңбегіне тоқталды.
— 1978 жылы Бадам орман шаруашылығында басшы едім. Асекең қоқыс полигонының орнына жаңа саябақ салуды қолға алғанын айтып, көшет дайындауды тапсырды. Бадам орман шаруашылығына қарасты тұқымбақтан мыңдаған түп көшет әкеліп, дендрологиялық бақты көгалдандырған едік. Бүгінде саябақ Шымкенттің өкпесіне айналды. Ал, Асқаровтың әр еңбегі бүгінгі жас ұрпаққа үлгі, өнеге, - деді Ж.Тұрғанов.
Жиналған қауым гүл қою рәсімінен соң, А.Асқаровтың 100 жылдығына арналған ғылыми конференцияға қатысты. А.Асқаровтың елі мен жеріне еткен еңбегін дәріптеп, ұлықтауға арналған жиында Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов, Жамбыл облысы, Түркістан облысынан қайраткердің көзін көрген замандастары мен ізбасарлары, зиялы қауым өкілдері, Алматы қаласынан туыстары келіп, бас қосты. Конференция тұлғаның өмір жолын, ел экономикасы мен дамуына қосқан үлесі баяндалған деректі фильммен басталды. Салтанатты жиынды Түркістан облысының құрметті азаматы, кезінде
А.Асқаровпен бірге қоян-қолтық еңбек еткен Исмат Тұрсынқұлов жүргізіп отырды.
А.Асқаров — Алматы, Жамбыл және Шымкент облыстарында партия комитеттерінің бірінші хатшысы болып тұрғанда да адамдықтан аттамай, кіршіксіз кеңдігімен, адал еңбегімен халық жүрегіне жол тапқан тұлға. Ол үш облыстың тізгінін ұстаған 26 жылда елдің өркендеуі жолында аянбай еңбек етті.
Салтанатты жиынды Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов ашты.
— Асанбай Асқаров — Тараз топырағында туып-өсіп, еңбек жолын қарапайым орыс тілі мұғалімінен бастап, мемлекет және қоғам қайраткеріне айналған бірегей тұлға. Арда азаматтың 100 жылдығына орай еліміздің түкпір-түкпірінде арнайы жиындар ұйымдастырылып отыр. Халық үшін аянбай еңбек еткен қайраткер саналы ғұмырында шарықтауды да, құлдырауды да бастан кешті. Халықтың сүйіспеншілігі мен құрметіне бөленді. Сондай-ақ, алмағайып замандағы қақтығыстың құрбаны да болды. Елге қызмет етудің үлгісін көрсеткен Асанбай Асқаровтай тұлғаның ерен еңбегі ел есінде. Ал, біздің буын арда азаматтарымыздың өмірінен өнеге алып келеміз. Асанбай Асқаровтың жарқын бейнесін өскелең ұрпаққа жеткізу — бізге артылған парыз, мәртебелі міндет, - деп атап өтті Мұрат Дүйсенбекұлы.
Мұрат Дүйсенбекұлы сөз соңында «Тәуелсіздіктің қадірін теңдікте, еркіндікте жүргенде біліп, қадіріне жетуіміз керек» дей келе, жиналған көпшілікті алдағы Республика күні мерекесімен құттықтады.
Асқартанушы Мұхтар Қазыбек өз баяндамасында А.Асқаровтан қалған мол мұраны әлі де дәріптей түссек, ұлтжанды азаматтарды тәрбиелеуде септігі мол екенін тілге тиек етті.
— Асанбай Асқаров — ұлт үшін туған тұлғалардың бірі, ел мүддесін өз мүддесінен биік қойып, елінің көшін алға сүйреген біртуар азамат. Тұлғаның ел билігіндегі іскерлігі — бір төбе, ал мемуарлары — құнды жәдігер. 2007 жылы Асанбай Асқаровтың бүтін шығармаларын жинақтап, демеуші азаматтардың көмегімен «Өсиеттей өлмейтін сөзің қалса» атты 5 томдық кітап шығарған едік. Осы жинақты Шымкент қаласының әкімі М.Әйтеновке және Шымкенттегі барлық кітапханаға тапсыруды жөн көріп отырмыз, - деді М.Қазыбек.
Д.Қонаев атындағы халықаралық қордың президенті Эльдар Қонаев біртуар тұлғаның еңбегіне тоқтала келе, оның есімін ұлықтап, рухына тағзым етіп отырған Шымкент жұртшылығына алғысын білдірді.
ҚР Ұлттық инженерлік академиясның академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Оразалы Сәбден Асанбай Асқаровтың өңірді дамытуда жүргізген қажырлы саясатына, экономикалық көзқарасына тоқталды.
— Асанбай аға — басқару жүйесінің шыңына шыққан мемлекетшіл азамат. Жетім өссе де, білімге құштар болған ол Мойынты-Шу стансасын салғандағы іскерлігі үшін жап-жас кезінде Ленин орденімен наградталған. Бүгінде республикада үшінші қала атанып отырған Шымкенттің индустрияға бет бұрып, инженерлік тұрғыда дамуына үлкен үлес қосқан. Қазір осы жиында қанша көзкөрген жан естелік айтса да, біз оның тұлғалық болмысын толық аша алмасымыз анық. Шымкенттегі «Пресс-автомат», «Шина» зауыттары ашылып, өндіріске бет бұрғызды. Асанбай Асқаровтың айтулы ерекшелігінің бірі — оның ізденімпаздығы. Көп ғалымның үйінен табыла бермейтін Нобель премиясын алған лауреаттардың ғылыми еңбектері Асқаровтың кітап сөресінен табылатын. Инженер мамандарды көбейтіп, еңбек өнімділігін арттыру үшін зауыт-фабрикаларды автоматтандыруды қолға алған-ды. Міне, елімізде өндірісті дамыту үшін Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев та қазір дәл солай инженер мамандарды көбейтуді тапсырды, - деді О.Сәбден.

609


Жиын барысында сөз алған қоғам қайраткері, ардагер Әсен Бейсбаева «Асқаровтың ұлтжандылығын, елге болса деген тілегін әрбір ісінен көруге болатын. Мәселен, бірге қызмет етіп жүрген жылдары Кентаудағы трансформатор зауытын біздің елімізде салу үшін күресті. Алайда Кеңес Одағының жоспары бойынша ол Ташкентте салынуы тиіс екен. Жаңа өндіріс орны ел экономикасын жаңа деңгейге көтеріп, жаңа жұмыс орындары ашылатынын болжады. Қажырлы күрестің арқасында трансформатор зауыты Кентаудан салынды» деп өткен жылдардағы елеулі еңбекті еске алды.
Конференция соңында баяндамашыларға «Ұлы Тұранның ұлдары» кітабы мен мерекелік медаль табыс етілді.
А.Асқаровтың 100 жылдығына арналған жиын 1979 жылы өзі іргетасын қалап, бүгінгі мегаполистің өкпесіне айналдырған дендрологиялық саябақта жалғасты. Шымкенттік өнерпаздар мен Жамбыл облысының «Тараз» триосы жырдан шашу шашып, әсем әнді әуелетті.
Түркістан облысының құрметті азаматы Исмат Тұрсынқұлов пен Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев дендрологиялық саябақтың тарихын баяндады.
— 1978 жылы қаланың қоқыс полигоны орналасқан аймақты толығымен тазартып, оны қаланың жасыл желегіне айналдыруды қолға алды. Асанбай Асқаровтың өзі күндіз-түні жұмыстың басында жүріп, саябақ аумағын 7 секторға бөлді. Сөйтіп, әр секторға түрлі ағаштарды отырғызды. Қай бөлікте қандай ағаш отырғызылатынын, оларға қандай күтім қажет екенін мамандармен келісіп, өзі қадағалап жүретін, - деді И.Тұрсынқұлұлы.
Біртуар азаматтың 100 жылдығына орай дендрологиялық бақта 20-дан аса ағаш көшеті отырғызылды. 1979 жылы А.Асқаровтың өз қолымен қондырған шынар ағашының қарсы бетіне қызы Жаннет Асанбайқызы мен Д.Қонаев атындағы халықаралық қордың президенті Э.Қонаев шынар ағашын екті. Ал, өзге көшеттерді Жамбыл, Түркістан облысынан келген делегаттар мен Шымкент қаласының зиялы қауым өкілдері отырғызды. Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев осы көшеттерді баптауды әрбір азамат өз жауапкершілігіне алып, кем дегенде жылына бір мәрте келіп тұруды ұсынды.
Айта кетейік, А.Асқаровтың 100 жылдыған орай Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры М.Байғұттың «Асқаровтың аққайыңдары» қойылымын сахналап, қонақтарға ерекше көңіл-күй сыйлады.