Осыған орай «Ұлттық волонтерлік желі» ЗТБ бүкіл республика бойынша «Волонтерлікті қолдау және 2024-2026 жылдарға арналған Жол картасы» жобасына ұсыныстар мен ұсынымдар жинау мақсатында іс-шаралар мен кездесулер кешенін бастады.
«Ұлттық еріктілер желісі» ЗТБ өңірлермен өзара іс-қимыл жөніндегі бағыттың басшысы Ақерке Құсанова, қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Мағжан Исахов осыған байланысты баспасөз брифингін өткізді. Қыркүйек айынан басталған іс-шаралар кешені ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Оған ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, ҮЕҰ-ның және волонтерлікті дамыту саласындағы халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысады.
– Өңірлердегі іс-шаралар барысында волонтерлікті дамытуға ықпал ететін табысты тәжірибелер мен жобалар анықталып, волонтерлік саладағы проблемалар мен қажеттіліктер талданады. Және 2024-2026 жылдарға арналған волонтерлікті дамытудың Жол картасына ұсыныстар мен ұсынымдар жиналады. Жол картасы аясында волонтерлік қызметті мемлекеттік қолдаудың стандарттары айқындалады, – деді А.Құсанова.
Шымкент қаласында осы кешенді іссапар аясында мемлекеттік қызметкерлермен, волонтерлік ұйымдармен оқыту-семинарлар ұйымдастырылмақ. Онда жол картасының жобасын дайындау бағытында әр өңірдің ерекшелігі, мәселелелері талданады.
Қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Мағжан Исаховтың айтуынша, 2020 жылдан бастап орталықта волонтерлікті дамыту бағытында фронт-офис жұмыс істейді. Қазір қалада 10-нан астам үлкен волонтерлік ұйым бар. Олар спорттық, қоғамдық іс-шараларға белсене атсалысуда.