Ескек есушілерге артылар үміт зор Избранное

Среда, 24 Июль 2024 05:38 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 790 раз

Былтыр шіліңгір шілдеде жастар арасында әлем чемпионы болып оралған Руфина Искакованы әуежайдан жерлестері зор қошеметпен күтіп алған. Қала мәслихатының төрағасы бастаған алқалы топ ізгі тілектерін жеткізген. «Спорттық жетістіктер елдің әлеуетін паш етеді. Осындай чемпионды тәрбиелеген ата-анасына, бапкерлеріне алғыс айтамыз. Алда әлем чемпионаты, Азия ойындары келе жатыр. Басты мақсат – Олимпиада ойындарына жолдама алу. Сол бәсекелерде сәттілік тілейміз» деген еді қала мәслихатының төрағасы Б.Нарымбетов. Міне, сол көптің тілеуі қабыл болып, Руфина Жазғы Олимпиада ойындарында бақ сынағалы жатыр.

8 С.Емельянов

 

Шымкент қаласының Л.Тәжиева атындағы №4 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірті Руфина Искакова – дарынды жастың бірі. Былтыр шілде айында Италияның Ауронцо-ди-Кадоре қаласында өткен байдарка және каноэде есуден жастар арасында әлем чемпионатында топ жарды. Жерлесіміз 23 жасқа дейінгілер арасында С-1 санатында 5000 метрлік сайыста 30:18.59 секунд көрсеткішпен үздік шықты. Сонымен қатар, 1000 метрлік сайыста күміс жүлде жеңіп алды.
Шымкент әуежайында күтіп алған көпшілікке қолдау көрсеткені үшін рақметін айтып, Жазғы Азия ойындарына, келесі лицензиялық жарыстарға дайындалатынын айтқан еді. Жеңіс жеңіске ұласып, қазан айында Руфина Қытайда өткен Жазғы Азия ойындарында да ел қоржынына жүлде салды. Азия ойындарынан дарынды спортшы командалық сайыста екінші орыннан көрінді.
Араға жыл салып, 20 жастағы спортшы Олимпиада ойындарына қатысуға мүмкіндік алып отыр. Биыл сәуір айында Токиода өткен лицензиялық Азия чемпионатында шымкенттік спортшылар 3 жолдамаға ие болды. Екілік каноэде 500 метрге жарысудан сынға түскен Маргарита Бровкова мен Руфина Искакова жолдамаға қол жеткізді. Олар финалдық кезеңде бірінші болып келді. Ал бұл қашықтықта жолдама тек жеңімпаз спортшыларға беріледі.
Сондай-ақ, Сергей Емельянов пен Тимур Хайдаров жұбы екі адамдық каномен 500 метрге жарысудан мәреге бірінші болып жетіп, Олимпиада жолдамасын жеңіп алды. Бұл сында тек қана бір квота ойнатылған болатын. Финалда бәрін басып озған Емельянов пен Хайдаров жұбы 01:44.213 уақыт көрсеткішімен үздік деп танылды.
Тағы бір жерлесіміз Сергей Токарницкий екі адамдық байдаркамен 500 метрге жарысудан чемпион атанып, Олимпиада жолдамасына иелік етті. Оған қоса, Сергей Емельянов пен Руфина Искакова каноэде есуден Азия чемпионы атанды. Олар 500 метрге жарысудан аралас жұптық сында жеңімпаз атанды.
Жастар арасында әлем чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы Сергей Емельянов тәжірибелі спортшылардың санатынан. Бұған дейін Токио ойындарында бақ сынады. Өткен жылғы Азия ойындарында 1 алтын, 1 күміс жүлдеге иелік етті. Бұл жолы екінші Олимпиадасына аттанғалы отыр. Сәуір айында құрлық чемпионатында дараланып, спорттық бабында екенін дәлелдеді.
– Өткен Олимпиада ойындарында екі адамдық каноэмен 1000 метрлік жарысқа қатыстым. Қазір 500 метрлік қашықтыққа ауысқанымды айта кетейін. Бұл маған әлдеқайда жеңілірек. Маған ұзақ қашықтықтан гөрі, 200 немесе 500 метрге жарысқа ыңғайлы екен. Токио Олимпиадасынан соң біраз өзгеріс жасадық. Өзіме деген сенім де артты. Енді жақсы нәтиже көрсету үшін бар күшімізді саламыз, – дейді спортшының өзі.
Сергей Емельянов Азия ойындарында каноэде есуден 500 метр қашықтықта оза шапқан еді. Яғни, осы бағдарлама Емельяновтың оң жамбасына кеп тұрғандай. Ескек есуден ағайынды Емельяновтар әрдайым Азия ойындары, Азия чемпионаттары, халықаралық турнирлерде мықты екендіктерін дәлелдеп жүр.
Жалпы еліміздің ескек есу спорты өкілдері әр Олимпиада ойындарында бақ сынап келеді. Рио ойындарында тарихи жеті жолдама иелік еткен. Азия чемпионаты, әлем кубогы, әлем чемпионаты, Азия ойындарынан алған жүлделеріміз бір төбе. Бізге жетпей тұрғаны – Олимпиада медалі ғана. Сол себепті негізгі басымдық осыған бағытталып тұр.
Қазір байдарка және каноэде есу спорты жалпы елімізде даму үстінде. Шымкент қаласының ескекшілері ұлттық құраманың басым бөлігін құрайды. Жалпы, есек есуде Еуропа елдері үздік. Германия, Венгрия спортшылары әуелден фаворит саналады. Франция, Ұлыбритания да үздіктер қатарында. Су спорты түрлеріндегі бір ғана ескек есуде Олимпиаданың 12 жүлде жиынтығы бар. Академиялық есуде одан көп. Иә, біз су спорты түрлеріне деген көзқарасты өзгертуіміз керек.
Халықаралық балаларды қорғау күніне орай қаладағы дендросаябақта байдарка мен каноэде есуден Л.Тәжиева атындағы № 4 спорт мектебінің ашық біріншілігі өтті. Жарыста 2010-2011 жылы туған және одан кіші жасөспірімдер, жалпы 70 жас спортшы бақ сынады. Басқарма басшысы байдарка және каноэде есу спортын осы аумақта да дамыту жоспарда бар екенін айтады. Дендросаябақта алғаш рет ұйымдастырылған сайыс жасөспірімдердің талабын ұштауға мүмкіндік береді. Жалпы су спортын осында да дамытудың жоспары жасалып жатыр.
Шымкенттік ескек есушілер Олимпиада ойындарында кезекті рет жүлдеге таласып көрмек. Сергей Емельянов, Сергей Токарницкий, Руфина Искакова – бәрі де халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері. Оларға тек Олимпиада медалі жетпей тұр. Біз жерлестерімізден Париж ойындарынан жарқын жеңіс күтеміз.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.