ҚАЛА КҮНІНЕ ЖАҢА ГҮЛЗАР СЫЙЛАДЫ Избранное

Среда, 19 Июнь 2024 06:58 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 676 раз

Еңбекші ауданындағы Жібек жолы – Сайрам көшелері қиылысында тағы бір жаңа гүлзар ашылып, пайдалануға берілді. Бұл жерде тұрғындарға барлық қолайлы жағдай жасалған. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жаңа гүлзардың ашылуына қатысып, тұрғындармен кездесті.

ParK

 

Ауданда 2022 жылы «Қазақстан – Түркия достығы» саябағы тұрғындар игілігіне берілген-ді. Енді жаңа гүлзар ашылды. Жаңа нысан – BI group компаниясының Шымкентке қала күніне сый ретінде тартуы. Жұмысшылар құрылысты 1,5 айда аяқтады.
Гүлзарға Big tulip атауы берілді. «Tulip» түркі тілінде «қызғалдақ» деген мағына береді. Гүлзарға кіреберістегі 5 қызғалдақ түнде жарқырап жанып тұрады. Компания өкілі Қайрат Қуанышбаевтың айтуынша, BI group қыркүйек айында қалаға тағы бір әлеуметтік нысан тапсырады.
Бұған дейін заңсыз сауда нысандары болған аумақ осылайша абаттанған орынға айналды. Қала әкімі тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру жұмыстары одан әрі жалғаса беретінін айтты.
– Өздеріңіз білесіздер, мұндай нысандарға бюджеттен қаржы бөлініп жатқан жоқ. Бәрі де кәсіпкерлердің өз бастамасымен, сый ретінде салынуда. Осы іске үлес қосқан сіздерге де рақмет! Игіліктеріңізге пайдаланыңыздар. Жақсы орындар көбейе берсін. Енді осы нысанды өздеріңіз күтіп ұстаңыздар. Жалпы, халықтың да тазалыққа деген санасы өзгеруі керек. Қазір қалада субұрқақтардың ескірген насостарын ауыстырып жатырмыз. Жақын арада оны да іске қосамыз, – деді қала әкімі тұрғындармен кездесуде.
Өз кезегінде тұрғындар да шаһар басшысына ризашылығын айтты. Осындай жаңа гүлзарлар көптеп ашылғалы жастардың, тұрғындардың да тазалыққа деген ойы өзгере бастағанынын жеткізді.
Қызғалдақ – қаламыздың символы. Big Tulip атауы адамдардың назарын осы әдемі гүлге аударуды көздейді.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.