Бүгінгі біздің кейіпкеріміз де 15 жасар чемпион. Өзіміз күресін көріп, сырттай тілекші болып жүрген жас дзюдошы Ерасыл
Бауыржанұлы Абибулла жақында Талдықорған қаласында 2006-2008 жылғы жасөспірімдер арасындағы дәстүрлі «Қысқы каникул» республикалық жарысында 73 келі салмақта бірінші орынды жеңіп алды. Барлық кездесулерін жоғары деңгейде өткізген ұланды жеңісімен құттықтай отырып, бапкері Жеңіс Бекбасаровпен сөйлестік.
Кез келген балуанда өзіне оңтайлы әдістер болады. Ерасылдың ерекше орындайтын әдістері үшеу екен. Қарсыласты дайындап алып, ыңғайы келгенде көтеріп әкетіп тізе арқылы артқа қарай лақтырады. Шалғымен шапқандай қырқа шалады.
Жамбасқа кірсе құтқармайды. Қазақта «болар бала нәтижесінен» деген сөз бар. Жеңіс ешқашан оңай келмейді. Оның үстіне әлемдік тарихта дзюдоның орны бөлек. Спорт падишасы саналатын олимпиада ойындарында Қазақстанда алтын жоқ. Асхат Житкеев пен Елдос Семетов финалдан қайтты. Сондықтан да үлкен арманның тілекшісіміз. Ерасылдың спорттық мінезі туралы сұрадық. – Өте еңбекқор, - дейді бапкері. – Характері мықты. Қорықпайды, сескену дегенді білмейді. Баяғы заман болса, жауға бірге баратын батыр. Татамиде сұрапыл күрескенмен жүрегі мейірімді. Кейбір балуандар жарақат алған қарсыласын ауырту әдісімен жеңгісі келеді. Ерасыл қамқор. Ауыртпай күресіп, соңына дейін күресіп, алаң шетіне жетелеп барады. Оспадарлық танытатын болсаң аямайды. Осы Ерасылдың бар болмысын атасы Әбибулла ағама ұқсатамын. Ол кісі де жасында бұзық, ақылды тектек болған деседі. Сүйікті немересін ертіп жүретін. Мінездері ұқсайды.
Бапкері осылай дейді. Тағы бір бапкері Бағдат Сейдуалының да шәкірті туралы айтары көп. Оны келесі жеңістеріне қалдырдық.
Ерасыл – қазақтың дарабоз батыры Қабанбайдың шын аты. Ертеректе қазақтың басынан қиқу кетпеген. Талай қанды айқас өтті. Сонда Қабанбай батыр жүзден аса жекпе-жекке шығып, жауын жер жастандырған екен. Жеңіс бапкер шәкірті Ерасыл Абибулла туралы айтқанда «қолына мылтық емес, шоқпар беріп, жауға салсаң да қаймықпай кете береді» дейді. Ерасыл Қабанбай атасы сияқты алашқа еңбегі өткен ер болсын деп тілейік.
Ерасыл – Шымкенттегі №9 мектеп-лицейдің 9-сынып оқушысы. Бұл мектеп республикаға әбден танымал. Шәкірттері білімнен өткен әлемдік додалардан оза шауып бәйге алып жүр. Лицей директоры Гүлназ Сайлауқызы Әбілдаева ханым мен мектеп ұжымы және қамқоршылар кеңесінің төрағасы Батыр Жамалбековті осы атаулы жеңіспен құттықтағанды жөн көрдік. Алда Қазақстан чемпионаты. Біздің 15 жасар кейіпкеріміз осы сынға жолдама алды. Жеңіс тұғырында тұрса деп тілейік.
Бақтияр БАЙДУЛЛАҰЛЫ