Мергендер жүлде алуды көздейді Избранное

Пятница, 19 Июль 2024 07:01 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 875 раз

Париж Олимпиадасының алғашқы жолдамасын қоржынға мергендер салған еді. Одан кейін тоғанның аузы ашылғандай, жолдамалар саудырлай түсті. Шымкенттік нысана көздеушілердің қабілет-қарымы көпшілікке мәлім. Спортшылар Жазғы Азия ойындары, Азия чемпионаты мен әлем кубогы бәсекесінде табысты өнер көрсетті. Ендігі жауапты сайыс – Олимпиада ойындары. Жерлестеріміздің еншісінде 3 жолдама бар.

Чирюкин

 

«Олимпиада үміттері» айдарымызда Шымкент қаласының нысана көздеу және стенд атушыларының жағдайын сөз етпекпіз. Нысана көздеушілер былтыр Жазғы Азия ойындарында 2 алтын, 2 күміс, 1 қола жүлде жеңіп алған-тын. Нысана көздеуден Зухра Ирназарова, стенд атудан командалық сайыста Зоя Кравченко мен Ольга Панарина жеңімпаз атанды. Осылайша жолдама үшін сайыста да алдымен мергендер көзге түсті.
Париж ойындарының алғашқы жолдамасына қол жеткізген нысана көздеуші Никита Чирюкиннен күтер үміт көп. Әлемдік рейтингте үздіктердің қатарында тұрған Чирюкин көпшілікке өзін мойындатып үлгерді. 22 жастағы спортшы өткен жылы Азия ойындарында жүлдегер атанды. Биыл жыл басында құрлық жеңімпазы атанған нысана көздеуші Олимпиада жүлдесіне үміткер саналады.
Никита Чирюкин қаңтар айында жылдам атылатын тапаншамен 25 метрден нысана көздеуде ешкімге дес бермей құрлық жеңімпазы атанды. Чирюкин іріктеуде 584 ұпаймен 1-орын алып, Париж Олимпиадасының лицензиясына қол жеткізді. Алғашқы жолдама иегерін оқырманға жақыннан таныстырсақ. Никита Чирюкин 2002 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. 2017 жылдан бастап Шымкент қаласының №14 ату және ұқсас спорт түрлері мектебінде тәлім алады. 2023 жылы Индонезияның Джакарта қаласында өткен Әлем Кубогының жеңімпазы.
Нысана көздеу спортынан Оңтүстікте жеңісті дәстүр барын көпшілік білер. Бапкерлердің шоғыры да осында. Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарында елімізден 4 оқ ату шебері қатысса, соның үшеуі Оңтүстіктің оғландары еді. Рашид Юнусметов Рио ойындарынан кейін спорттық мансабын аяқтап, шәкірт тәрбиелеуге кірісті. Азия чемпионы, Азия ойындарының күміс жүлдегері Р.Юнусметов ендігі ретте жас дарындардың талабын ұштап жүр.
Мінекей, Париж ойындарына баратын Никита Чирюкин Рашид Юнусметовтің шәкірті. Белгілі спортшы бапкерлікке ойысқан аз уақыттың ішінде-ақ, жас дарындарды тәрбиелеп шығарды. Иә, дәстүр осылай жалғаса бермек.
Оқ атудан Шымкент қаласы құрамасының аға бапкері Анвар Юнусметов талапты жас Олимпиада ойындарында көпшілікті таңғалдыруы мүмкін екенін айтады. Никитаның Олимпиада жүлдегері болуға да мүмкіндігі бар. Ол әлемдік және Олимпиадалық рейтингте үздіктердің қатарында келеді. Қазіргі уақытта онымен әлемдік үздіктердің өзі санасады.
Шымкент қаласынан Токио ойындарында Юрий Юрков қана бақ сынаған еді. Бұл жолы 3 жолдама еншімізде. Египеттің Кайр қаласында стенд атудан өткен әлем кубогында Мария Дмитриенко чемпион атанды. Ал Кувейтте өткен Азия чемпионатында командалық сайыста топ жарды. Сәуір айында Дохада (Катар) өткен рейтингілік әлем кубогінде трап бағдарламасы бойынша лицензияны жеңіп алды.
Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Мария Дмитриенко 1988 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Жазғы Азия ойындарының алтын, қола жүлдегері. Қазақстан Республикасы Спартакиадасы мен чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы. 2016 жылы XXXI Жазғы Олимпиада ойындарына қатысты, жеке есепте 8-орынды иеленіп, әлемнің ең мықты 10 мергені қатарына енген спортшы.
Нысана көздеуден Қазақстан командасының қоржынына тағы бір Олимпиада жолдамасын сыйға тартқан – Ирина Юнусметова. Жерлесіміз рейтинг бойынша Париж ойындарына іріктеуден өтті.

Ирина

Халықаралық спорттық ату федерациясы (ISSF) 9 маусым күні Олимпиадаға іріктеу турнирлерінің аяқталғанын хабарлап, рейтинг бойынша квота иеленген мергендер тізімін жариялады. Әлем кубогі кезеңдерінің қорытындысы бойынша Ирина Юнусметова 10 метрге тапаншамен нысана көздеуден квотаға ие болды.
Ирина Юнусметова 2001 жылы 25 қарашада Шымкент қаласында дүниеге келген. 2023 жылы ҚР 6-шы жазғы спартакиадасының чемпионы. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Жаттықтырушысы – белгілі маман Садулла Юнусметов. С. Юнусметов кезінде 35 жылдан астам уақыт облыстың аға бапкері қызметін атқарды. Ұлдарын осы спорт түріне баулып, бір отбасыдан төрт бірдей еңбек сіңірген жаттықтырушы шыққан. Осындай нысана көздеушілердің династиясы тағы бір Олимпиада жолдамасының иегерін тәрбиелеп шығарды.
Мергендікті меңгерген саңлақтар Олимпиадада жүлде алуды көздейді. Біз жерлестерімізге сәттілік тілейміз.

ПАРИЖ ОЛИМПИАДАСЫ ЖӨНІНДЕГІ ҚЫЗЫҚТЫ ДЕРЕКТЕР

1. Париж қаласы Олимпиада ойындарын үш рет қабылдаған әлемдегі екінші қала. Бұған дейін ойындарды тек Лондон қаласы ғана үш рет өткізген. Бірақ, Париж соңғы 100 жылда алғаш рет Олимпиаданы қабылдағалы отыр. 1924 жылы махаббат қаласында жазғы ойындар өткізіліп, кейін тек қана қысқы Олимпиада ойындары ұйымдастырылды.

2. Тарихта тұңғыш рет Олимпиада және Паралимпиада ойындарының бойтұмары бірдей болмақ.

3. Тағы бір тарихи сәт – әуесқойлар арасындағы марафон. Бұл жарыс олимпиадалық тас жолда және соған сай талаптар бойынша өтеді. Мұндағы айырмашылық жүгіру жарысы өтетін уақытта ғана.

4. Франция билігі 2024 жылғы Олимпиаданы өткізу үшін 8 миллиард еуродан артық қаражат бөлуді жоспарлаған.

5. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер тағатын медальдің басты ерекшелігі – әйгілі Эйфель мұнарасының бөлшегі. Бұл барлық жүлдеде болады.

6. Парижде алғаш рет Халықаралық спорттық федерация жеңімпаздарға сыйақы тағайындайды. Мұндай бастаманы әлемдік жеңіл атлетика ұйымы көтеріп отыр. 48 дисциплинаның бірінде жеңіске жеткен әрбір атлет World Athletics тарапынан 50 мың доллар көлемінде сыйақы алады. Эстафетада бұл соманы команданың әрбір қатысушысы өзара бөліп алады.

7. Парижде спорттың 32 түрінен медальдар үлестіріледі.

8. Мұндағы жаңашыл бастамалардың бірі – жеңімпаздар мен жүлдегерлердің жеңісті бүкіл әлем жанкүйерлерімен бірге атап өтуі. Шеру Эйфель мұнарасына жақын жерде өтеді.

9. Жарыстарды өткізу үшін 35 спорт нысаны жұмыс істейді. Жазғы ойындарды Ле-Ивелин, Сена мен Марна, О-де-Сен және Сена-Сен-Дени департаменттері қабылдайды. Футбол матчтары Бордо, Нант, Лион, Сент-Этьен, Ницца және Марсель қалаларында өтеді. Ойын кезіндегі басты стадион «Стад де Франс» болмақ. Аталған стадионда салтанатты рәсімдер, сондай-ақ, жеңіл атлетика мен регбиден жарыстар өткізіледі.

10. Олимпиаданың ашылуы Сена өзенінде өтеді. Спортшылар шеруі өзен үстінде өтеді. Әрбір делегация жекелеген қайықпен жүзеді. Спортшылар шеруіне 10 500 атлет қатысады деп күтілуде. Делегациялар жүзіп өтетін бағыт алты шақырымды құрайды. Тікелей көрсетілім үлкен 80 экранда көрсетіледі. Шеру кезінде 160-тан астам қайық қолданылады. Сена өзенінен алысырақ жерлерге көрермендер тегін кіре алады. Ашылу салтанатын жақын маңнан тамашалау үшін 2,7 мың еуро көлемінде қаражат төлеу керек.

11. Олимпиадалық ауылда 8 876 ағаш отырғызылды.

12. Франциядағы Олимпиадаға қатысты іс-шараларды жіберіп алмау үшін «Ойын картасы» іске қосылады. Аталған карта 2024 жылғы жазғы ойындардың ресми сайтында қолжетімді болмақ. Олимпиада кезінде қонақжайлылық пакеті аясында Clubhouse24 бағдарламасы іске қосылады. Туристерді спорттық және мәдени іс-шаралар, үлкен экрандардан жарыстардың тікелей трансляциясы, спортшылармен тілдесу сәттері күтіп тұр.

 

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.