САЛТАНАТ ӘЛЕМ КУБОГЫНАН ЖҮЛДЕЛІ ОРАЛДЫ Избранное

Среда, 24 Июль 2024 05:37 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 652 раз

Жақында Чехияның Пардубице қаласында дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы және Чехия Манкала федерациясының ұйымдастыруымен тоғызқұмалақтан ерлер мен әйелдер арасында әлем кубогі өз мәресіне жетті. Бұл турнир 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындарын қолдау аясында ұйымдастырылған еді.

8 салтанат

 

Тоғызқұмалақтың классика және блиц түрінен 14 елден, атап айтқанда, Германия, Чехия, Латвия, Польша, Колумбия, Италия, АҚШ, Румыния, Түркия, Австрия, Украина, Венгрия, Қырғызстан және Қазақстаннан спортшылар қатысып, өзара мықтыларды анықтады.
Жарыс нәтижесінде Қазақстан спортшылары 4 алтын, 3 күміс және 5 қола медальмен оқ бойы озып шықты. Латвия мен Қырғызстан спортшылары қос жүлдеден еншіледі. Қазақстан құрамасына түскен бір күміс жүлдені шымкенттік Салтанат Сапарбекова еншіледі. Ол блиц бәсекесінде екінші орынға ие болды.
Айта кетейік, Салтанат Қадырбекқызы Сапарбекова – тоғызқұмалақтан Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы. Әлем чемпионы және әлем чемпионаттарының 6 дүркін жүлдегері. Қазақстан кубогы мен жекелей чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы, Әлем кубогы мен Азия чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері. Қазақстандағы және әлемдегі ең үздік тоғызқұмалақшылардың бірі.
1984 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Шымкент қаласының және Қазақстан ұлттық құрамасының спортшысы. Тоғызқұмалақты өзінің әкесі әрі жеке бапкері, ұлттық спорт қайраткері Қадырбек Сапарбеков үйреткен. 8 жасынан бастап ұлттық ойынды меңгеріп, оқушы кезінен республикалық, халықаралық жарыстарда жеңіске жете бастаған. Қазіргі бапкері – інісі, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сәбит Сапарбеков.
С.Сапарбекова ресми әрі кешенді жарыстардың бәрінде дерлік Шымкент қаласының намысын абыроймен қорғап келеді. 1999 жылы тұңғыш рет ересектер арасында классика түрінен ҚР чемпионы атанды. 2003 және 2014 жылдары осы жетістікті қайталады. 1995-2018 жылдар аралығында ҚР жастар арасындағы біріншіліктерінде, командалық әрі жекелей сайыстарында топ жарған. Кешенді спартакиадалар мен фестивальдердің бірнеше дүркін жеңімпазы. Рапид және блиц түрлері бойынша еліміздің 5 дүркін, ҚР командалық чемпионаттарының 5 дүркін чемпионы.
Швейцария, Моңғолия, Қырғызстан, Литва, Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Румыния, Түркия және өзге де елдерде өткен Әлем кубоктары мен халықаралық сайыстарда жеңімпаз, жүлдегер атанған.
Салтанат Сапарбекова 31 жылдан бері тоғызқұмалақпен шұғылданып, ел намысын абыроймен қорғап келеді. Өзі – білікті бапкер. Шәкірттері ел чемпионаттарында олжа салып жүр.. 2014 жылы республикалық «Алтын тұғыр» сыйлығын иеленген.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.