ЖАЗЫҚСЫЗ ЖАЗАЛАНҒАН ЖАНДАР Избранное

Среда, 07 Декабрь 2022 05:14 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 670 раз

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияның Шымкент қалалық жұмыс тобының бастамасымен «ХХ ғасырдың І жартысындағы Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі саяси қуғын-сүргін: жаңақазақстандық қоғам көзқарасымен зерделеу мен зерттеу» атты халықаралық ғылыми- тәжірибелік конференция өтті. Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған жиынға М.Әуезов атындағы ОҚУ мен ОҚМПУ атсалысып отыр.

54

 

Мемлекеттік деңгейде екінші рет

Ғылыми конференцияға Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жобалық кеңсесінің мүшесі, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі комитетінің бас сарапшысы С.Алғалиев, мемкомиссияның өңірлердегі жұмыс топтарының өкілдері, ғалымдар қатысты. Конференцияға қатысушылар «Тоқтаған уақыт» атты оңтүстіктегі қазақ байларынан тәркіленген бұйымдар көрмесімен танысты. Көрмеге тәркіленген түрлі күміс әшекей бұйымдар, былғары мен киізден жасалған тұрмыстық заттар қойылды.
Егемендік алған 30 жыл ішінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселесі мемлекеттік деңгейде екінші рет қолға алынып отыр. 1993 жылы сәуірде «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын жаппай ақтау туралы» Заң қабылданып, бірқатар қазақ зиялысы, жазықсыз жала жабылған азаматтар ақталған-ды. Алайда, ол кезде шаруалар көтерілісі, бай-кулактарды жою, олардың мүліктерін тәркілеу және күштеп отырықшыландыру, жаппай ұжымдастыру, 1920-1933 жылдар аралығындағы саясатқа қарсы көтерілген халыққа және дін өкілдеріне қатысты жаппай жазалау салдарынан құрбан болғандар ол заңнан тыс қалған еді. Мемлекеттік комиссия осы олқылықтардың орнын толтыру мақсатында өңір-өңірдегі жұмыс топтарының көмегімен зерделеу жұмыстарын жүргізіп келеді.
— Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияның Шымкент қалалық жұмыс тобы екі жылға жуық мерзімде комиссия бекіткен 11 бағыттың 9 бағыты бойынша жұмыс жүргізіп, архивтерден түрлі тың деректерді анықтап, оны зерделеп-зерттеу мақсатында өзге өңірлерге, елдерге іссапарға шығып, құжаттар жинақтады. Бүгінде нақтыланған бірқатар құжаттар мемкомиссияға беріліп, тағы бірпарасы жолдауға әзірленіп жатыр. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның өңірлік жұмыс тобы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтап, тарихи әділдікті қалпына келтіру мақсатында ұсыныстарын айтып, олардың іс жүзінде ақталмаған санаттарының толық тізбесі жинақталды. Сонымен қатар, мемлекеттік комиссия ұсынған есімдер бойынша да құжаттар зерттелді. Шымкент қаласының әкімдігі ары қарай да істің нәтижелі жүргізілуіне қолдау білдіріп, атсалысатын болады. Ал, бүгінгі ғылыми конференция жұмыс тобының мәселелерді ашық талқылап, өңірлік жұмыс топтарының мәлімет алмасуына мол мүмкіндік береді деп сенеміз, – деді Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Б.Әділханов.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жобалық кеңсесінің мүшесі С.Алғалиев әлі де тарқатылмаған сыры көп, ғылыми конференцияға арқау болған тақырыптарды ғылыми орта ғана талқыламай, әрі қарай ЖОО қабырғасындағы студенттер мен магистранттар да өзінің ғылыми жұмысы ретінде зерделесе деген тілегін жеткізді.
— Мемлекет басшысының 2020 жылғы Жарлығынан соң, мемлекеттік комиссия құрылып өз жұмысын бастап кетті. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жобалық кеңсесінің жетекшісі Сабыр Қасымовтың ұйымдастыруымен өңірлік комиссиялар жұмысты жүйелі жалғастырып келеді. Өңірлік комиссиялардың жетекшілігі әкім аппаратының қызметкерлеріне жүктелген. Бүгінде әр аймақтың жоғары оқу орындарының ғалымдары, ізденушілерінен құралған ғылыми ортасы ақтау жұмыстарына зор үлес қосып отыр. Олар жинаған құжаттар негізінде жинақтар басылды. Өткен жылы Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің көптеген құжаттарының құпиясыздандырылуы нәтижесінде бірқатар архив құжаттары кітап болып басылып, жер-жерге тарқатылды. Осы үрдіс ары қарай жалғасын табады. Сонымен қатар, әлі күнге дейін кейбір аудандық, қалалық, облыстық архивтердегі қажетті құжаттарға қолымыз жетпей отыр. Осы мәселеге қатысты жергілікті билік пен өңірлік комиссия ықпал етіп, құжаттардың қолжетімділігін қамтамасыз етсе, – деді Серік Сәкенұлы.

Құжаттар қолжетімді болмақ

ҚР Президенті архивіндегі ХХ ғасырдағы саяси-қуғын сүргін материалдарын зерделеу орталығының жетекшісі Г.Нұрымбетованың айтуынша, мемлекеттік комиссияның жұмысына архивтердің тигізер көмегі зор.

53


— Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияның жұмысы басталған соң, бірқатар архивтік құжаттарды пайдалануға қатысты мәселелер туындады. Мәселені реттеу мақсатында 2021 жылы Президент әкімшілігінің бұйрығымен Президент архиві жанынан «ХХ ғасырдағы саяси-қуғын сүргін материалдарын зерделеу орталығы» құрылып, онда ҚР Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Бас прокуратураның материалдары бір орталыққа жинақталып жатыр. Бұл жұмыс комиссия жұмысын оңтайландырып, қолжетімді ету мақсатында жүзеге асырылып отыр. Келешекте бұл құжаттардың электрондық нұсқасы да әзірленіп, қорда сақталатын болады, – дейді Гүлшат
Рамазанқызы.
М.Әуезов атындағы ОҚУ «Рухани жаңғыру және ҚХА» орталығының басшысы, т.ғ.к., доцент, жұмыс тобының бағыт жетекшісі Г.Жанысбекованың айтуынша, бұған дейін «Оңтүстіктегі жаппай саяси қуғын-сүргін: тауқыметті тағдырлар» ғылыми мақалалар жинағы шыққан. Ал, ғылыми конференция аясында «Оңтүстік өңірдегі саяси қуғын-сүргін: құжаттар мен материалдар» көптомдығының бірінші томы таныстырылды. Онда Қазақстанның Оңтүстік өңіріндегі халық бастан өткерген ХХ ғасырдың 20-50 жылдар аралығындағы саяси қуғын-сүргін оқиғалары, олардың мал-жанынан айырылып, жер аударылуына, «халық жауы» деген ауыр айыппен концлагерлер мен түрмелерге жабылуына, жан сақтау амалымен бас сауғалап ауа көшуіне алып келген, басталуына себеп болған құжаттар, түпдеректер мен материалдар енді. Сондай-ақ, өңірлік жұмыс тобы зерделеген құжаттардың келесі легі республикалық сараптамадан өтіпті. Қазіргі уақытта 430 беттен тұратын материалдар жинағы көптомдықтың екінші томына енгізіліп, баспаға ұсынылып отыр.
— Өңірлік жұмыс тобында ғалым, PhD докторлар мен магистрлерден құралған 25 зерттеуші бірқатар қуғынға ұшыраған азаматтарды анықтады. Алайда, бір ғана Шымкентті бөліп қарастыра алмаймыз, себебі, күні кешеге дейін Түркістан облысы мен Шымкент Оңтүстік өңірі болды. Сондықтан да конференцияның атауын да Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі саяси қуғын-сүргін деп алып отырмыз. Жұмыс барысында табылған құжаттардың бірі Шымкентке, екіншісі Оңтүстікке қатысты болды. Оны бізден кейін архивтерден кім, қашан іздейтіні беймәлім. Сондықтан тапқан құжаттарды қатар зерделеп отырдық. PhD докторант Ержан Позилов 6 ай бойы Ресей архивтерінде қазақ елінен ауа көшкен босқындар тарихы бойынша зерттеу жүргізді. Сондай-ақ, Өзбекстанның Бостандық ауданына 2 зерттеушіміз барып, бірқатар құжаттарды көтерді, – дейді Г.Жанысбекова.

«Қайраткерлердің насихаты кемшін»

Тарих ғылымдарының докторы Ә.Сейдеханның жетекшілігіндегі топ 1939-1945 жылдардағы екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қамауға алынған қазақстандық әскери тұтқындарды ақтау мақсатында жұмыс жүргізіп келген.
— Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссия конференция аясында екі жылдық жұмыстың қортындысын саралап отыр. Мен әскери тұтқындарды ақтау жөніндегі бағыттың жетекшісі ретінде бірқатар зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Шымкент қаласы Полиция департаментінің арнайы архивіндегі қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарға қатысты 17 мыңнан астам іс бар. Оның ішінде әскери тұтқындарға қатыстысы — 8504 іс. Осы құжаттардың ішінде трофейлік, яғни әбден сүзгіден өткен 8248 іс сақталған. Ал, ақталмаған әскери тұтқындардың архивтік қылмыстық істері қорының саны — 356. Мұның ішінде 250-ден астамы әскери тұтқын екенін анықтап отырмыз. Анықталғандардың 100-ден астамы «Түркістан легионында» болған оңтүстікқазақстандықтар. Алдағы уақытта осы құжаттарды жүйелеп, мемкомиссия назарына ұсынатын боламыз, – дейді Сейдехан Нұрмаханұлы.
ОҚМПУ проректоры Б.Исабек Тәуелсіздік жолында күрескені үшін қуғын-сүргінге ұшыраған жеке тұлғаларға, олардың ғылым, мәдениет жөніндегі көзқарастары бойынша зерттеу жүргізіп, осы бағыттағы жұмыс тобына жетекшілік етіп отыр.
— Конференцияда «Алаш ардақтысы Файзулла Ғалымжановтың өмір жолы мен қоғамдық-саяси қызметі» және «Қоғам қайраткері Қазмұхамед Күлетовтің өмір жолы» тақырыбында баяндама ұсындық. Бұл екі кісі жайында архивтерден құнды деректер таптық. Сондай-ақ, Қазмұхамед Күлетов «Ақ жол» газетінің шығарушы редакторларының бірі, Сұлтанбек Қожановпен қатар қызмет еткен. Ұрпақтарының естеліктері мен газет беттеріндегі мақалалар арқылы біраз тың деректерге қол жеткіздік. Бұл кісілердің жазғандарының ішінен біз біле бермейтін жаңа есімдерді кездестірдік. Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде тәуелсіздік үшін күрескен қайраткерлердің насихаты әлі де кемшін екеніне көз жеткіздік. Бұл бағытта атқаратын жұмыс шаш етектен, – дейді Баршагүл Қашқынқызы.
Айта кетейік, ғалымдар пленарлық отырыстан соң, 5 секцияға бөлініп, бағыттық жұмыстар бойынша талқылау жасады. Сондай-ақ, өзге өңірлерден келген жұмыс топтарының өкілдерімен өзара тәжірибе алмасты.