Жекеменшік, бірақ ақылы емес Избранное

Среда, 07 Декабрь 2022 05:26 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 819 раз

Ілгеріде жекеменшік емхана дегенге жұрт ақылы деген түсінікпен тең қарайтын. 2020 жылдың 1 қаңтарынан еліміз міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне көшкеннен кейін жекеменшік емханалар да халыққа ақысыз медициналық қызмет көрсете бастады. Бұл тәсіл халықты сапалы қызметпен қамтып қана қоймай, отандық медицинаның ілгерілеуіне жол ашады. Біз осы орайда талай жанға демеу болған қаламыздағы «Сымбат-Нұр» клиникасының жұмысымен таныстық. Бүгінде аталған емхананы елімізге белгілі білікті дәрігер Бәтеш Омаров басқарып отыр.

57

 

Ел игілігі үшін қызмет етіп, тұрғындардың тілегін мүмкіндігінше орындап келген «Сымбат-Нұр» емханасының қалада екі филиалы бар. Заманауи құрылығылармен жабдықталған мекеме бүгінде 8,5 мыңға жуық тұрғынға сапалы медициналық қызмет ұсынып жатыр.
Клиникаға бас сұққанымызда директор әрі бас дәрігер Бәтеш Айтбайұлының қабылдауына келген науқастармен бірдей кезек күттік. Мұңайып кірген көбінің күлімдеп шыққанының да куәсі болдық.
–Халыққа қызмет көрсетуді жаным сүйеді. Таңдаған мамандығым жан қалауымен үйлесім тапқанына қуанамын. Таңнан кешке дейін басшылық қызметпен бірге, дәрігер ретінде де науқастарға көмек көрсетуге тырысамын, – дейді бас дәрігер.
Жыл сайын емхананың материалдық-техникалық базасы айтарлықтай жақсарып, жетіліп келеді. Мұның барлығы халықтың денсаулығы мен игілігі үшін атқарылып жатыр. Алдағы күндері емхананың тағы бір филиалы іске қосылмақ.
–Емхананың «Ақжайық» шағынауданындағы филалында қазір 5 мыңнан астам тұрғын медициналық қызмет алып жатыр. Негізі ол емханада күніне 30 мыңға жуық тұрғынға сапалы қызмет көрсету қауқары бар. Тіркеліп, ем қабылдаймын деген азаматтар болса, әрқашан есігіміз ашық. Ал, Ғ.Ілияев көшесі №105 мекенжайдағы емханада 3,5 мың адам тіркелген. Жақын арада Қайтпас шағынауданында тағы бір емхана ашылып, халыққа өз қызметін ақысыз ұсына бастайды, – деді Б.Омаров.
Миллионнан астам халқы бар, жыл сайын тұрғындар саны өсіп келе жатқан Шымкент қаласы үшін заманауи емханалар көптік етпейді. Бәсекенің артуымен бірге қызмет көрсету сапасы жоғарылап, отандық медицинаның дамуына ықпал етеді.
–Екі емханада да жедел жәрдем көлігі және жағдайы ауыр науқастарды үйіне барып қызмет көрсету қаралған. Сонымен бірге, қос клиникада 2 балалар дәрігері және гинеколог, маммолог, уролог, эндикринолог, невропотолог және хирург мамандары бар. Клиникаларда барлық жағдай қарастырылған. Рентген аппараты, УДЗ кабинеті секілді құрылғылармен жабдықталған. Операциялық блок пен күндізгі стационар қызметі бар. Қызмет көрсететін - жоғары санатты дәрігерлер.
Бас дәрігердің сөзінше, қазір операциялық блоктың қызметі ақылы. Алдағы уақытта мемлекет тарапынан қаржыландырылса, ота қызметі де тегін ұсынылады.
–Қазір отаны ақылы түрде жасап жатырмыз. Емханамыздағы ота үшін мемлекеттік тапсырыс қаралса, біз науқастарға ақысыз операция жасайтын едік. Операциялық блок заманауи лапроскопиялық құрылғылармен жабдықталған. Өзім уролог болғандықтан емханамызда варикация отасын жасатушы науқастар көп. Осы оталарды мемлекеттің қаржыландыруы үшін МӘМС-тің қаладағы филиалына ұсыныс бердік. Ұсынысымыз оң шешімін тапса, ерлер арасындағы бедеулікке алып келер аурулардың алдын алуға, әлеуметтік жағдайы келмейтін науқастарға ақысыз ота жасауға мүмкіндік туар еді. Әрине, мұндай оталар өзге клиникаларда да ақысыз жүргізіледі. Десек те, науқас үшін уақыт бәрінен маңызды екенін ескеру қажет. Біз өз науқастарымызды өзге клиникалардың ақысыз отасына жолдама арқылы жіберіп, уақыт жоғалтпай, өз емханамызда жедел әрекет етіп, науқастың ертерек сауығуына себеп болар едік, - дейді білікті дәрігер.
Бас дәрігер тұрғындарға емхана таңдайтын кезде мынадай жәйтті ескеру қажеттігін түсіндірді. Емхана үйден 15-20 минут уақытта жаяу жететін жерде орналасқан жөн. Бұл дәрігер көмегі қажет болған жағдайда оның жедел жетуіне, сондай-ақ, отбасы мүшелерінің бәрінің бір дәрігерге қаралуына мүмкіндік береді.