Баспаналы болу - бір бақыт Избранное

Пятница, 13 Март 2015 04:20 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 7951 раз

сәуір айында Шымкентте 15 тұрғын үйдің
құрылысы аяқталады

«Үй болмай, күй болмайды» деген бұрынғылар. Баспана мәселесі бұл күнде кімді болса да бей-жай қалдырмайды. Дегенмен, еліміздегі баспанаға деген мұқтаждықты төмендету мәселесі Елбасының 2014 жылғы 11 қарашадағы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында жан-жақты айтылған болатын. Сол Жолдауында Мемлекет басшысы тұрғын үй мәселесі бойынша тиісті мекемелерге жаңа талаптар мен міндеттер жүктеп, нақты тапсырмалар берді.

stroitelstvoОсы мақсатта елімізде Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы бойынша тұрғын үй сату шарттарымен толықтырылып, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілді. Аталған бағдарламаның үшінші бағыты – «Қазақстан ипотекалық компания» Ипотекалық ұйымы» акционерлік қоғамының тұрғын үйлерін сату.
Бүгінде «Қазақстан ипотекалық компания» Ипотекалық ұйымы» акционерлік қоғамы Шымкентте 15 тұрғын үй (1080 пәтер, 56 000 ш.м.) құрылысын жүргізуде. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте қала әкімінің орынбасары
Бахадыр Нарымбетов мәлімдеді.

Әкім орынбасарының айтуынша, Шымкентте бой көтеріп жатқан 15 тұрғын үйдің құрылысы 2015 жылдың сәуір айында аяқталады. Нәтижесінде 1080 пәтер пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Оның ішінде 1 бөлмелі – 270 пәтер (көлемі – 31-32 ш.м.), 2 бөлмелі – 540 пәтер (көлемі – 50-51 ш.м.), 3 бөлмелі – 270 пәтер (көлемі – 68-69 ш.м.) бар.
– Қазіргі таңда Шымкентте бағдарлама шеңберінде берілетін жалдамалы тұрғын үйлердің құрылысы қызу жүріп жатыр. Бұл үйлердің 1 ш.м. жалдау құны шамамен 800-900 теңге болған жағдайда ай сайын 1 бөлмелі пәтерге – 25 000 теңге, 2 бөлмелі пәтерге – 43 500 теңге, 3 бөлмелі пәтерге – 59 000 теңге төленуі керек. Жалпы, бүгінгі таңда Шымкентте 14 800 азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Жаңа бағдарлама баспана кезегінде тұрғандарға үлкен септігін тигізетіні сөзсіз, – деді
Б. Нарымбетов.
Шымкент қалалық тұрғын-үй секторының меңгерушісі Гүлнар Әшірбаеваның айтуына қарағанда, бағдарлама талаптарына сәйкес, коммуналдық тұрғын үй қорынан кезекке тұрған төмендегі санаттарға жататын азаматтар ғана қатыса алады. Олар: көп балалы отбасылар, толық емес отбасылар; мүгедек баласы бар немесе оны тәрбиелеп отырған отбасылар; жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар; оралмандар; мемлекеттік, әскери, арнаулы мемлекеттік орган, бюджеттік ұйым қызметкерлері.
Мемлекеттік бағдарлама аясындағы жалдамалы пәтерлерге құжаттарды қабылдау халыққа қызмет көрсету орталықтары және азаматтардың ыңғайлылығы үшін «е.акимат»-портал арқылы (өтініш берушінің электрондық сандық қолтаңбасын пайдаланумен) іске асырылмақ.
Аталған бағыттың қатысушыларын қалыптастыру мынадай кіші топтар мен критерийлер бойынша жүргізіледі:
1 кіші топ – ЖАО-да осы санатта кезекте тұрғандар, кемінде үш жыл некеде тұрған, балалары бар және ерлі-зайыптылардың екеуі де 35 жасқа толмаған (Бағдарламаға қатысуға өтініш берген сәтке), сондай-ақ, жасы 35-ке толмаған, оның ішінде ажырасқан, жесір/тұл ата-ананың бірі ғана баласын  тәрбиелеп отырған толық емес отбасы;
2 кіші топ – 1-кіші топқа кірмейтін, көрсетілген санаттағы ЖАО-да кезекте тұрғандар.
Тағы бір атап өтерлік жайт, заңға сәйкес, өтініш берушілерге (үміткерлерге) қойылатын негізгі талаптар мынадай:

– тұрғын үйге мұқтаж азаматтар кезегінде тұрушы мәртебесін дәлелдеу;
– өтініш беруші мен оның отбасы мүшелерінің Шымкент қаласында мекенжай бойынша тұрақты тіркеуде бар болуы;
– бағдарламаға қатысушыда және онымен бірге тұрақты тұратын отбасы мүшелерінде (ерлі-зайыпты, кәмелетке толмаған балалары), сондай-ақ өтініште көрсетілген және отбасы құрамына енгізілген  басқа  отбасы мүшелерінің меншігінде тұрғын үйінің болмауы және Қазақстан Республикасының аумағында соңғы бес жылдың iшiнде қасақана нашарлатуы салдарынан мұқтажға айналу фактісінің болмауы;
– тұрғын үйді сатып алудың шарттары бойынша төлем қабілеттілігін растау.

Жалға беру шарттарына келсек, сатып алу құқығымен жалдау мерзімі – 20 жылға  дейін, табыс жеткіліксіз болған жекелеген жағдайда жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін жалдау шартының мерзімі 30 жылға дейін ұзартылуы мүмкін.
Қатысушылар арасындағы іріктеу тұрғын үй комиссиясымен тұрғын үйге мұқтаж азаматтар есебі тізіміне және сол кезекке тұрған күніне сәйкес жүргізіледі. Оған қоса,  қабылданған құжаттар негізінде коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар кезегіндегі азаматтар тізіміне түгендеу бойынша жұмыстар жүргізілетін болады. Егер де кезекте тұрушымен ҚР бойынша тұрғын үй сатып алғаны анықталатын болса немесе тұрғын үйді иеліктен шығару фактісі болса, не болмаса өтініш берген кезде санаты болмаған жағдайда, онда азамат коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар кезегінен шығарылады.
Айта кетейік, жалға беру төлемі және олардың есеп айырысу сомасына қатысты сұрақтар туындаған жағдайда «Қазақстандық ипотекалық компания» Ипотекалық ұйымы» АҚ өкілдігіне хабарласу қажет. Сонымен қатар, қажет болған жағдайда Шымкент қаласының Тұрғын үй секторының қызметкерлерімен азаматтар қосымша құжаттарды ұсыну үшін шақырылуы мүмкін.

Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.