Газет – руханият әрі идеология құралы Избранное

Пятница, 01 Декабрь 2023 04:53 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 468 раз

Ұстаздар екінші оқулығымыз деп еді...

Солай айтқан... Екі мыңыншы жылдардың басы. «Егемен Қазақстан» газетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісімін. «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ президенті, қоғам және мемлекет қайраткері Сауытбек Абдрахманов. Қиын уақыт. Кезінде алды 300-400 мың тиражбен тараған «Жұлдыз» журналы, «Қазақ әдебиеті» 3-4 мыңға түсіп қалған. Егеменге Саукең келгенде таралымы 45 мыңның төңірегінде еді. Бүгіндей әлеуметтік желі деген жоқ. Мемлекеттің ішкі және сыртқы саясаты тек «Егемен» тынысынан көрінеді.

811

 

Сәукең тиражды көтеруге шындап кірісті. Жылда келеді. Облыс әкімінен әр сапарға досы Құлбек Ергөбек пен облыс әкімінің орынбасары Дархан Мыңбайды сұрап аламын. Бүгінгі ҚР Парламенті депутаты Ұласбек Сәдібеков те сапарлас болып жүрді. Мемлекет енді аяғынан тұрып жатқан шақ. Дүкен сөрелері бүгінгідей майысып, қайысып тұрған жоқ, қарны қабысып тұр. Бәрі тапшы. Бірде Кентау қаласына бардық. Әкімі Бегімше Жүзенов. Тираж сөз болғанда шекесі тырысыңқырап қалды.
– Жақында Роза Рымбаева келді қалаға. Жұрт билетке 100 теңге зорға тауып барды,–деп сөз бастай беріп еді, сөзге ұста, қиыннан қиыстыратын Дархан Мыңбай:
– Беке, шыбын мен чиновниктің қандай айырмасы бар? –деп сұрады.
Бекең абдырап «оны неге сұрадыңыз, шенеунікті шыбынға теңегеніңіз қалай?» дегендей ренжіңкіреп қалды.
– Беке, білмесеңіз айтайын. Екеуін де газетпен ұрып өлтіруге болады.
Қыран-топан күлкі. Бекең күліп, «түсіндім» деп жатыр.
Әр аудан, қалада қалың жұртты жинаған кездесулер өтеді. Сәукең сөйлейді. Жұрт сұрақ қояды. Көп сауалдарына толымды жауап алады. «Газетке жазыламыз, бізге керек» деп кетеді. Жақсы пікірді ұстаздардан естідік.
– Жаңа оқулық кешігіп жатыр. Тарихи ақтаңдақтар ашылып жатқанымен оқулықта жоқ. Қазақтың белгісіз болып келген арғы бергі тарихын «Егеменнен» оқып, сабағымызға пайдаланып жатырмыз. Мемлекетіміздің бар жаңалығын да осы басылымнан таптық. Рахмет, сіздерге.
Көп кездесуде бірталай ұстаз айтқан кеп еді.
Мәселе, білікті басшыда ғой. Сәукең – республикада беделді азамат. Әбіш Кекілбаев,
Шерхан Мұртаза, Ақселеу Сейдімбек сияқты руханият сардарларымен тонның ішкі бауындай араласады. Қазақ тарихының білгірлері Қойшығара Салғарлы бастаған, Жамбыл
Артықбаев қоштаған ғалымдар ақтаңдақтарды аршып жатқан кез. КНБ-ның архивіне Ұлттық Ғылым Академиясының үкіметтен алған нұсқауымен түскен жас ғалымдар Ғарифулла
Әнесов, Аманқос Мектеповтер Әлихан
Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов бастаған алаш ардақтыларының еңбегін күл-қоқыстан аршып алды.

Сәукеңнің өзі бас болып Қазақ классиктері антологиясын құрастырып беріп жатты. Шет елге көп шығатын. Ол жақтан жай жолжазба жазып келмейді. Арғы бергі тарихы, бүгінгісімен қабыстырып толымды дүние жазып келеді. «Ашылмаған аралдарға» кіріп кеткен Жанболат Аупбаевтың мақалалары «Егеменнің» абыройы. Оған журналистердің мүддесін министрлерден биік қоятын, бетті, газеттің қара нары, барлығымыздың қамқоршымыз Ержұман ағаны қосыңыз. Осындай мықты командасы бар Сәукең «Егемендіні» танымдық кітаптар шықпай тұрғанда-ақ бәрінің орнына оқулық етіп қоя алды. Тиражды 200 мыңның үстіне шығарып жіберді. Кездесулерде қойылған сауалдардың барлығы жазылып алынып, жауап қайтарылатын. Барлық басылымдар дерлік осы майданда жұмыс істеп жатты.
Бір кездері барлық саладағы идеологиялық олқылықтардың орнын жапқан осы газеттер қазір неге керек болмай қалды екен?!
Бүгінде әлем аласапыран күй кешіп, есі ауысқандай күйде тұр. Адам теңдігі, құқы бұзылмасын деп ұрандатқан Батыс топаланға басымен кіріп кетті. Еркекпен еркек үйленіп, әйел әйелге тұрмысқа шықты. Азғындағаны соншалық баласы шешесін әйелдікке алған жағдайлар бар. Көп мемлекеттер бір-бірін қынадай қырып, мейірімсіздіктің шырқау шегіне жетті.
Неміс опалы жұрт қой. Тез есін жиған солар. Германия қазір жастарды кітап оқуға, мықты басылымдарды жаздырып алуға үлкен жұмыс жүргізіп жатыр. Онысы жемісін беріп жатқан сыңайлы.
Көркем әдебиет, мықты басылымдарды оқып өскен қазақ баласының жаманы жоқ еді. Кітапты, басылымдарды рухани серік еткен ұлтымыздан қандай ғажап қайраткерлер өсіп шықты. Ол – рух сардары Өзбекәлі Жәнібеков. Олар–ғұлама Әбіш Кекілбаев, қазақ тарихының әліппесін жазған Мұхтар Мағауин, қазақ ұлтының қиғыр қылышы Шерхан Мұртаза...
Ағайын, газетке, кітапқа оралу керек. Талпыныстар болды. Шымкент қаласы білім саласының жетекшісі болған Жанат Тәжиева ханым «антикор ешкімді газетке зорлап жаздыруға болмайды» деп сес көрсетіп тұрған шақтың өзінде қаладағы барлық мектеп директорларын жинап, сол кездесуге Бейсенгүл Нарымбетова екеуімізді шақырды. Қаланың бас газеті «Шымкент келбеті», «Панорама Шымкента», балаларға арналған «Ақылдым» журналын жаздырып алу жайын айтты. Меморандумға отырдық. Ұлыларымыздың «Алаштың баласы жиынға отырса, төрдегі орын – мұғалімдікі» екендігін айтып, қос газеттен мұғалімдердің іс-тәжірибесі, методикасы таразыланатын арнайы бет ашып беруге уағдаластық. Соңы сиырқұйымшақтанып кетті. Екі жаққа да пайдалы іс аяқсыз қалды.
Астанадағы Ақпарат министрлігінде өңкей білімпаз, елдің қамын жеген Едігелер отырмайтындығы белгілі.
Солар жиын жасап, келелі кеңес өткізіпті. Айтатыны шетел тәжірбиесі, контент. Көбі қазақи түсінікпен қабыспайтын дүние. Шымкентте Абай Балажан деген алғыр журналист бар. Білімді, руханият сардарларынан дәріс алған. Естігеніміз әлгілердің аптығын басыпты. Аспандаған көңілін жерге түсіріпті. Газеттің – идеологиялық құрал екендігін, оны жоғалтқан жағдайда ұлттың деградацияға ұшырайтынын айтыпты. Бір сөзбен айтқанда, Ақаңның, Ахмет Байтұрсыновтың аталы сөзін айтқан. «Əуелі, газет – халықтың көзі, құлағы һəм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мақау, көзі жоқ соқыр сықылды... Екіншіден, газет – жұртқа қызмет ететін нəрсе, олай болатын мəнісі жұрттың білімді, пікірлі, көргені көп көсемдері, оқығаны көп адамдары газет арқылы халықтың алдына түсіп, жол көрсетіп, жөн сілтеп, басшылық айтып тұрады. Үшіншіден, газет – халыққа білім таратушы. Олай дейтініміз, газеттен жұрт естімегенін естіп, білмегенін біліп, бірте-бірте білімі молайып, зейіні өсіп, пікірі ашылып, парасаты жетіспекші. Төртіншіден, газет – халықтың даушысы. «Жұртым» деп халықтың арын арлап, зарын зарлап, намысын жоқтайтын азаматтары газет арқылы халықтың сөзін сөйлеп, пайдасын қорғап, зарарына қарсы тұрып, қарғаға көзін шұқытпасқа тырысады». Міне, сіз жазылмай қойған газеттің пайдасы.
«Қай елдің баспасөзі мықты болса сол елдің өзі мықты» дегенді айтқан біз емес. Кейінгі кездері «Шымкентте идеология жоқ» деген пікір көп айтылып жүр. Жоқ емес, бар. Ол үшін қиқым сөздерді бір шетке ысырып тастап, руханиятымыздың кем-кетігін жөндейік. Оңтүстік – қазақтың жүрегі. Бүкіл әулие-әмбиелеріміздің мәңгі тыныстаған жері. Биік болайық.
Ол үшін руханият шырақшысы газетке жазылуды ұмытпа, ағайын!

Бақтияр ТАЙЖАН

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Нұрбол ОРЫМБАЕВ. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.